shape
shape

Жиі қойылатын сұрақтар

Жиі қойылатын сұрақтар:

1)    Академиялық ұтқырлық дегеніміз не?
-Академиялық ұтқырлық–бұл білім алушылардың немесе зерттеуші-оқытушылардың оқу немесе зерттеу жүргізу үшін белгілі бір академиялық кезеңге: семестр немесе оқу жылына басқа жоғары оқу орнына (ел ішінде немесе шетелде) ауысуы.

2)    Сыртқы академиялық ұтқырлық дегеніміз не?
-Сыртқы академиялық ұтқырлық-студенттердің, магистранттардың, PhD докторанттардың, оқытушылардың шетелдік білім беру немесе ғылыми мекемелерде білім беру бағдарламаларын меңгеруі және жүзеге асыруы. Білім алушылар мен оқытушылардың сыртқы академиялық ұтқырлығы Қазақстан Республикасынан тыс оқу немесе қызметтік тапсырманы орындау үшін академиялық бір кезеңге шығу түрінде жүзеге асырылады.

3)    Ішкі академиялық ұтқырлық дегеніміз не?
-Ішкі академиялық ұтқырлық-жетекші қазақстандық университеттер мен ғылыми орталықтарда студенттердің, магистранттардың, PhD докторанттардың, оқытушылардың білім беру бағдарламаларын игеруі және жүзеге асыруы. Білім алушылар мен оқытушылардың ішкі академиялық ұтқырлығы жоғары оқу орны-әріптеспен академиялық ұтқырлық шеңберінде келісім-шарт болған жағдайда Қазақстан Республикасы шегінде іссапар түрінде жүзеге асырылады.

4)    Академиялық ұтқырлықтың басты мақсаты?
-Академиялық ұтқырлықтың басты мақсаты-халықаралық стандарттарға сәйкес қазақстандық жоғары білімнің сапасын қамтамасыз ету, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

5)    Академиялық ұтқырлық қандай бағдарламалар негізінде жүзеге асады?
-ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан бөлінген грант есебінен, өз қаражаты есебінен және Орхун, Мевлана, Erasmus+ бағдарламалары негізінде жүзеге асады.

6)    Академиялық ұтқырлық бағдарламасының артықшылықтары?
-ғылыми және білім беру саласында баға жетпес халықаралық тәжірибе алу;
-кәсіби білім мен практикалық дағдыларды кеңейту;
-пайдалы тілдік тәжірибеден өту;
-халықаралық мәдениаралық топта сабақ беру және қарым-қатынас жасау тәжірибесін алу.

7)    Академиялық ұтқырлық бағдарламаларынан кімдер пайдалана алады?
-білім алушылар, оқытушы-профессорлар құрамы және қызметкерлер

8)    Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысатын білімгер үшін қандай құжаттар талап етіледі?
1.Өтініш;
2.Жеке куәлік/Төлқұжат көшірмесі;
3.Жадынама;
4.Жеке оқу кестесі (университеттің ресми мөрімен куәландырылған);
5.Хаттама;
6.Ұсыныс хат;
7.Оқу туралы келісім;
8.Медициналық анықтама (Сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламалары үшін);
9.Ағымдағы транскрипт (университеттің ресми мөрімен куәландырылған);
10.Тіл білімі деңгейін анықтау сертификаты.

9)    Алмасу бағдарламаларына өтініш беретін білім алушылардың орташа бағалары (GPA балл) қанша болуы керек?
-Ең кемі 2,75/4,00 болуы керек.

10)    ECTS кредиттері дегеніміз не?
-ECTS студенттің еңбегін өлшейтін жеке өзінің кредиттері бар жүйе. Студенттің еңбегіне: дәріске қатысу, дәрісханалық сағаттар және студенттің жеке жұмысына арналған сағаттар, емтихандарға дайындықтар мен сынаққа арналған шаралар жатады. ECTS кредиттері әртүрлі курстағы әр студенттің академиялық оқу жылындағы жұмыстарын және керекті мөлшерін көрсетіп тұрады.
ECTS жүйесіндегі ортақ жылдық жүктеме 60 кредитке тең. Бір семестрге 30 кредиттен келеді. Бір ECTS кредит 25-30 академиялық сағатқа тең.