Академиялық ұтқырлық бөлімі – бұл жоғары оқу орындарындағы маңызды құрылымдық бөлімше, оның негізгі міндеті – студенттер мен оқытушылардың шетелдік және отандық жоғары оқу орындарымен алмасуын ұйымдастыру, академиялық тәжірибе мен білім алмасуға жағдай жасау. Академиялық ұтқырлық бөлімі- серіктес ЖОО-мен келісімшарттар жасайды, екіжақты ынтымақтастық аясында алмасу бағдарламаларын іске асырады, студенттер мен оқытушыларды ақпараттандырады және қолдау көрсетеді, қажетті құжаттар мен өтінімдер жинағын дайындауға көмектеседі және үйлестіру жұмыстарын жүргізеді.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы – бұл жоғары оқу орындары арасындағы студенттер мен оқытушылардың уақытша алмасуын қамтамасыз ететін білім беру бағдарламасы. Бұл бағдарлама студенттерге өз мамандығына сәйкес басқа жоғары оқу орнында (ел ішінде немесе шетелде) белгілі бір уақыт аралығында білім алуға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты:
- Білім сапасын арттыру;
- Студенттердің кәсіби және мәдени көкжиегін кеңейту;
- Ғылыми зерттеулер мен тәжірибе алмасуды дамыту;
- Халықаралық байланыстарды нығайту.
Бағдарламаның артықшылықтары:
- Басқа елдің мәдениетімен және білім беру жүйесімен танысу;
- Жаңа достар табу, халықаралық тәжірибе жинау;
- Болашақ еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу;
- Тілді жетілдіру мүмкіндігі.
Академиялық ұтқырлық бағдарламалары:
- ҚР ҒЖБМ тарапынан шетелде академиялық оралымдық шеңберінде білім алу бағдарламасы. Бұл бағдарлама білімгерлерге АҚШ, Еуропа және Оңтүстік-шығыс азия елдерінің алдынғы қатарлы жоғары оқу орындарында 1 академиялық кезеңге білім алып қайту мүмкіндігін береді. Барлық шығындар бағдарлама есебінен қамтылады.
Білімгерлерге қойылатын талаптар:
- ҚР азаматы болуы;
- Мемлекеттік грант негізінде оқуы,
- Ағылшын немесе түрік тілін меңгергені туралы сертификатының болуы (IELTS, TOEFL немесе YUNUS EMRE)
- Академиялық қарызының болмауы;
- GPA 3.0 ден жоғары болуы.
- Erasmus + International credit mobility (KA 171)
Erasmus+ бағдарламасы аясындағы барлық ұтқырлық жобалары әрбір қатысушыға қажетті дағдыларды қалыптастыруға, өзінің кәсіби деңгейін арттыруға және басқа мәдениеттер түсінігін тереңдетуге көмектесу міндетін қояды. Олар сондай-ақ қатысушы ұйымдардың әлеуетін, тартымдылығын және халықаралық ашықтығын арттыруға бағытталған.
Бағдарлама шарттары:
- ағылшын немесе түрік тілін В2 upper intermediate деңгейінде білуі;
- GPA баллының 3,0 ден жоғары болуы;
- Академиялық қарызының болмауы.
- “Орхун” алмасу бағдарламасы
Орхун–Түркі университеттері одағына мүше университеттер арасында студенттер мен оқытушылардың алмасуын көздейтін халықаралық академиялық бағдарлама. Бұл бағдарлама түркі елдерінің білім беру жүйелерін жақындастырып, жоғары оқу орындарының сапасын көтеруді және олардың халықаралық стандарттарға сәйкес болуын қамтамасыз етеді.
Жол шығындары жіберуші университет тарапынан, жатақхана және тамақтану қарсы алушы университет тарапынан қаржыландырылады.
Бағдарлама шарттары:
- ағылшын немесе түрік тілін В2 upper intermediate деңгейінде білуі;
- GPA баллының 2,5 ден жоғары болуы;
- Академиялық қарызының болмауы.
- Екіжақты келісім-шарт негізіндегі отандық немесе шетелдік ЖОО білім алу бағдарламасы
Бұл бағдарламаның басты артықшылығы - екі университеттің арасындағы келісім-шарт аясында, студенттер бір оқу орнында оқу ақысын төлемей, екінші оқу орнында білім алуға мүмкіндік алады. Қатысушы оқу орнының білім беру бағдарламаларының немесе курстарының үйлесімділігі негізінде студенттер академиялық пәндер мен міндеттемелерді орындайды.
Сондай-ақ, бұл бағдарлама оқытушылар үшін де өз білімін, тәжірибесін арттыруға және халықаралық деңгейде ғылыми байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама шарттары:
- ағылшын немесе түрік тілін В2 upper intermediate деңгейінде білуі;
- GPA баллының 2,75 ден жоғары болуы;
- Академиялық қарызының болмауы.
Қажетті құжаттар:
- Өтініш;
- Жеке куәлік (көшірме)
- Деканның атынан ұсыныс хат
- Жеке оқу жоспары
- Транскрипт (көшірме)
- Медициналық анықтама (көшірме)
- Оқуға арналған келісім.