«Студенттерге Нипахс вирусының қауіптілігі мен алдын алу жолдары түсіндірілді»
Бүгін Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетінде 2-курс студенттеріне арналған жұқпалы аурулардың алдын алу тақырыбында танымдық кездесу өтті. Іс-шараны университет амбулаториясының тәжірибелі мейірбикелері ұйымдастырды.
Кездесу барысында мамандар студенттерге қазіргі таңда қауіпті саналатын Нипахс (Nipah) вирусы туралы жан-жақты ақпарат берді. Атап айтқанда, вирустың адамға жұғу жолдары, оның ауыр түрде өтетіні және қауіптілігі, сондай-ақ клиникалық белгілері кеңінен түсіндірілді. Мейірбикелердің айтуынша, Нипахс вирусы адамға бірнеше жолмен жұғуы мүмкін және дер кезінде сақтық шаралары қолданылмаса, ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал.
Сонымен қатар, кездесуде алдын алу шараларына ерекше назар аударылды. Студенттерге жеке бас гигиенасын сақтау, қауіпті аймақтарда абай болу, жұқпалы ауру белгілері байқалған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажеттігі айтылды. Вирустың таралуын болдырмау үшін сақтық ережелерін қатаң сақтау маңыздылығы атап өтілді.
Іс-шара соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі пайдалы жауаптар алды. Мұндай кездесулер жастардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттырып, жұқпалы аурулардың алдын алуда маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Сабақ кестесі 