shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» – САНАЛЫ ҰРПАҚТЫҢ НЕГІЗІ!

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетінде білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтық жауапкершілікті нығайту мақсатында «Заң мен тәртіп» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді.

Іс-шараны Мектепке дейінгі және бастауышта білім беру кафедрасының меңгерушісі М. Сұлтанбек пен топ кураторы Г. Абдулина ұйымдастырды. Тәрбие сағатына ГБП-412, ГБП-611 және ГБП-612 топтарының студенттері белсенді қатысты.

Тәрбие сағаты барысында заң талаптарын сақтау, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, қоғамдық тәртіп, құқықтық мәдениет және жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды. Білім алушылар өз ойларын ортаға салып, заңды құрметтеу мен қоғамдық тәртіпті сақтаудың тұрақты әрі қауіпсіз қоғам қалыптастырудағы маңызы жөнінде пікір алмасты.

Іс-шараға факультет деканы Э. Зұлпыхарова қатысып, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын құрметтеу және азаматтық жауапкершілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ білім алушыларды қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін, құқықтық сауатты және саналы азамат болып қалыптасуға үндеді.

Тәрбие сағатының мазмұнын шетелдік білім алушылардың қатысуы ерекше толықтырды. Шетелдік академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Әзербайжаннан келген Ализаде Гүнел, Қырғызстаннан келген Жунус кызы Арууке, сондай-ақ Қытай Халық Республикасынан келген студенттер өз елдеріндегі заң талаптары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері және қоғамдық тәртіптің ерекшеліктері туралы баяндамалар жасап, тәжірибелерімен бөлісті.

Халықаралық пікір алмасу барысында әр елдегі құқықтық мәдениеттің ерекшеліктері талқыланып, заңды құрметтеу, құқықтық нормаларды сақтау және азаматтық жауапкершілікті сезіну мәселелері сөз болды. Студенттер заң мен тәртіп қағидаттарының қоғамдағы тұрақтылықты, қауіпсіздікті және өзара сыйластықты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.

Осындай тәрбиелік іс-шаралар білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, жауапкершілік сезімін нығайтуға, өзара сыйластық пен мәдениетаралық байланысты дамытуға ықпал етеді. Заңды құрметтеу мен тәртіпті сақтау – саналы, жауапты және бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырудың маңызды негіздерінің бірі.