• image image image image
  • shape
    shape
    Жаңалықтар
    Blog Image

    Ұстаз –ұлағатты есім, шәкірттік тағзым

    Адам баласының санасына білім мен тәрбие дәнін себіп, өмір жолында бағыт-бағдар беретін ардақты мамандық иелерін ұлықтау мақсатында ФАТ-512 тобының жетекшісі Қонысова Айгерімнің ұйымдастыруымен «Ұстаз – ұлағатты есім, шәкірттік тағзым» атты мерекелік концерті жоғары деңгейде өтті. 

    Іс-шараның басталуында сахна қараңғыланып, экраннан студенттердің университетке келу сәттері мен өмірлік ұстанымдары туралы терең мағыналы бейнематериал көрсетілді. Диктордың «Әр адамның өмірінде бір ұстаз болады...» деген жүрекжарды сөздері мен студенттің «Біз ұстаздарды күн сайын көреміз, бірақ олардың біз үшін қаншалықты маңызды екенін қаншалықты жиі айтамыз?» деген ойлы сауалы жиналған қауымның көңілін толқытып, ерекше әсерге бөледі. 

    Салтанатты кешті жүргізушілер жылы лебізбен ашып, барша ұстаздар қауымын төл мерекесімен құттықтады. Мұғалімдердің алдын ала алынған сұхбаттарынан тұратын арнайы видеоматериал көрсетіліп, ұстаздық жолдың жауапкершілігі мен қадір-қасиеті кеңінен насихатталды. 

    Мерекелік концерт көркемдік нөмірлермен жалғасын тапты: арнайы шақырылған қонақ Еркін Шұғыла «Кесемен би» биін тамылжыта орындап, көрерменге эстетикалық ләззат сыйлады. Қызықты интерактивті ойын ретінде ұстаздардың балалық шақтағы мұрағаттық фотосуреттері көрсетіліп, студенттер мен аудитория суреттегі кейіпкерлерді табу арқылы ерекше серпіліс алды. 

    Студенттердің дайындаған арнайы сахналық қойылымы ұстаз бен шәкірт арасындағы шынайы қарым-қатынасты әсерлі жеткізе білді.Ұлттық өнерімізді дәріптеген Жанәділ Жібек қазақтың қара домбырасымен күй төгіп, бабалар үнін жаңғыртты. 

    Кеш соңында студент арулардың орындауындағы хормен шырқалған ән ұстаздарға деген шексіз алғыс пен құрметтің көрінісіне айналды. Рухани-мәдени бағытта өте тартымды әрі мазмұнды өткен бұл мерекелік кеш ұстаздар қауымына зор көңіл-күй сыйлап, өз мәресіне жетті. Ардақты ұстаздардың еңбегі еленіп, шәкірттердің жүрегіндегі ізгі тілектер ақынжанды шумақтармен жеткізілген бұл іс-шара жас ұрпақ бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыра түсті.