«КҮННЕН – ЖҮРЕККЕ: БАЛАЛАР КАРДИОХИРУРГИЯСЫ МЕН КАРДИОЛОГИЯСЫНДАҒЫ КОММУНИКАЦИЯЛАР» АТТЫ ІІ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
Балалар кардиохирургиясының дамуына арналған 10 жылдық видеоролик көрсетілді.
Салтанатты кеште алғы сөзді алған Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшы орынбасары Бауыржан Сатыбалды айтулы конференцияның бастауымен баршаны құттықтады.
«Құрметті конференцияға қатысушылар, қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер!
Ана мен бала денсаулығын қорғау — мемлекет пен денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Елдің болашағы жас ұрпақтың денсаулығына байланысты. Бүгінгі ұйымдастырылған іс-шара – еліміздің балалар кардиохирургиясы қызметінің 10 жылдығына арналды. Соңғы 10 жылда облыстық клиникалық ауруханалар базасында – 3000-нан астам ота жасалды. Бүгінгі таңда балалар кардиохирургиясы қарқынды дамып, шала туған және жаңа туған критикалық жүрек ақаулары бар нәрестелерге оталар жасалуда.
Конференция жемісті өтетініне, осында қабылданған шешімдер іске асатынына сенеміз. Қатысушыларға сәттілік тілеймін!»,-деді Бауыржан Сатыбалды.
Келесі құттықтау сөз кезегін алған университет ректоры Жанар Темірбекова:
«Құрметті әріптестер, бүгінгі халықаралық деңгейдегі іс-шараға жақын және алыс шетелдерден ғалымдар шақырылды. Біздің қарбалас дәуірімізде медицина ғылымының алдында тұрған басты міндет – адам денсаулығын сақтау үшін медицина саласындағы бірлескен қызмет процессы ретінде ынтымақтастық қажет.
Балалар кардиохирургиясы мен кардиологиясы саласындағы кәсіпқойлардың бұл конференциясы өзінің кәсіби қарым-қатынас шеңберін кеңейтуге, жаңа тәжірибе алуға, өз білімдері мен әзірлемелерімен бөлісуге мүмкіндік беретін әріптестерімен белсенді алмасудың бірегей мүмкіндігін беретін дәстүрлі алаңға айналатынына сенімдімін»,-деді.
Сонымен қатар, ректор Жанар Темірбекова медицина саласы оқу ордамыздың ажырамас бөлігі екенін баса айтты. 2022 жылдың басынан Клиника-диагностикалық орталығы базасында «Cardio-Turkestan» клиникасы ашылып, Түркістан обылысы тұрғындарына кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетіле бастағанын жеткізді.
Салтанатты жиында медицина ғылымдарының кандидаты, денсаулық сақтау саласының жоғары санатты ұйымдастырушысы Әнуарбек Маймақов бастаған өзге де денсаулық сақтау саласының үздіктері баяндама жасады.