shape
shape

Хабарландырулар

Blog Image

Заң факультетінде халықаралық конференция өтті

2026 жылғы 31 наурыз күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сенат залында «Жасанды интеллекттің дамуы жағдайындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Аталған іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен сала мамандары қатысып, жасанды интеллекттің қоғамдағы рөлі мен оны құқықтық тұрғыда реттеудің өзекті мәселелерін талқылады.
Конференцияны университеттің Заң факультетінің деканы Қасымбек Әлия Орынбасарқызы модератор ретінде жүргізді. Іс-шара регламентіне сәйкес қатысушыларға 10 минуттан сөз берілді.
Айта кету керек, халықаралық конференцияны ұйымдастыруға университеттің Заң факультеті деканының орынбасары Ибраев Жандос Габитович пен «Конституциялық және азаматтық құқық» кафедрасының меңгерушісі Першеев Алишер Сапарбекович белсенді атсалысты.
Конференция барысында келесі баяндамалар ұсынылды:
•    PhD Abdelrahman Q. S. Yaeesh (Түркия Республикасы, Коджаэли университеті, Әлеуметтік ғылымдар институты) «Блокчейн жазбаларының құқықтық шектері: техникалық қауіпсіздік пе, әділет пе?» тақырыбында баяндама жасап, блокчейн технологиясының құқықтық аспектілеріне тоқталды.
•    Мирзаабдуллаева Матлуба Рустамовна, заң ғылымдарының кандидаты, доцент (Ташкент мемлекеттік заң университеті): «Табиғатты қорғаудағы жасанды интеллект: заманауи тәсілдер және Өзбекстан Республикасының тәжірибесі» тақырыбына сай құқықтық талдаулар жүргізе отырып, жасанды интеллектпен жұмыс істеу мүмкіндігі орасан зор екендігін атап өтті.
•    Түркістан қаласының нотариусы Дайрабаева Гульзира Муратхановна «Қазақстан нотариатындағы жасанды интеллект» тақырыбында сөз сөйлеп, цифрлық технологиялардың құқықтық қызметтер саласына ену ерекшеліктерін атап өтті.
•    PhD Тагманов Урманбек Сарманович (Халықаралық туризм және меймандостық университеті) «Туризм индустриясында генеративті жасанды интеллект қолданбалары: мүмкіндіктер мен қауіптер» тақырыбында баяндама жасап, саланың цифрлық трансформациясына талдау жасады.
•    Prof. Dr. Харун Кырылмаз (Ахмет Ясауи университеті, Экономика және басқару факультеті, Мемлекеттік басқару кафедрасы; Сакария университеті, Бизнес факультеті, Денсаулық басқармасы кафедрасы) «Жасанды интеллекттің дамуы жағдайында мемлекеттік басқарудың трансформациясы және құқықтық реттеу қажеттілігі: реттеуші мемлекет перспективасынан талдау» тақырыбында баяндама жасады.
•    Сансызбаев Алтынбек Серікұлы (Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Ғылыми зерттеулер офисі басшысының м.а.) киберқылмыс мәселелеріне тоқталып, цифрлық қауіпсіздік саласындағы өзекті проблемаларды атап өтті.
•    Профессор, доктор Зелиха Селамоғлу өз сөзінде жасанды интеллекттің қарқынды дамуына тоқталып, бұрын ұзақ уақытты қажет ететін ғылыми зерттеулердің қазіргі таңда қысқа мерзімде жүзеге асырылатынын, бұл технологиялардың ғылымдағы мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейткенін атап өтті.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар жасанды интеллектті құқықтық реттеу мәселелері қазіргі таңда аса өзекті бағыттардың бірі екендігін атап өтіп, халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығына ерекше назар аударды.