Деканның хабарламасы
Құрметті білім алушылар!
Сіздерді Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Экономика және басқару факультетінде жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Университет қабырғасында білім алу - тек мамандық игеру ғана емес, тұлға ретінде қалыптасудың, өз мүмкіндіктеріңді танып, болашаққа бағыт таңдаудың маңызды кезеңі. Сондықтан факультетіміздің басты мақсаты - кәсіби білімі терең, жауапкершілігі жоғары, сыни және стратегиялық ойлай алатын, бастамашыл, зерттеуге бейім және өзгерістерге дайын бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.
Бүгінгі әлем еңбек нарығына жаңа талаптар қойып отыр. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы, экономикалық және басқарушылық үдерістердің өзгеруі маманнан тек теориялық білімді емес, оны тәжірибеде қолдана білуді, деректермен жұмыс істеуді, дұрыс шешім қабылдауды, командада әрекет етуді және үнемі ізденуді талап етеді. Осыған байланысты факультетіміз білім беру бағдарламаларын заманауи талаптарға сәйкестендіріп, білім, ғылым және тәжірибені өзара ұштастыруға ерекше мән береді.
Біз үшін әрбір білім алушы - білім беру үдерісінің белсенді қатысушысы. Сондықтан сіздерді дәріс аудиториясымен шектелмей, ғылыми жобаларға, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына, халықаралық бастамаларға, студенттік ұйымдар мен қоғамдық жобаларға белсенді қатысуға шақырамын.
Факультетімізде ашықтық, академиялық адалдық, өзара құрмет, жауапкершілік және серіктестік қағидаттарын берік ұстанамыз. Оқытушы мен білім алушы арасындағы сенім мен еркін академиялық пікір алмасу сапалы білім мен жаңа идеялардың негізі деп білеміз.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің халықаралық мәртебесі бізге ерекше жауапкершілік жүктейді. Біз Қазақстан мен Түркия арасындағы білім мен ғылым көпірін нығайта отырып, түлектеріміздің Қазақстанға, тұтас Түркі әлеміне және халықаралық қоғамдастыққа қызмет ете алатын білімді, білікті әрі парасатты тұлғалар болып қалыптасуын мақсат етеміз.
Құрметті білім алушылар, факультет - тек білім алатын орын емес. Бұл - идеяларыңыз жүзеге асатын, қабілеттеріңіз ашылатын және болашақ кәсіби жолдарыңыз қалыптасатын орта. Үлкен мақсат қоюдан, сұрақ қоюдан, жаңа идея ұсынудан және жауапкершілік алудан қорықпаңыздар.
Сіздердің жетістіктеріңіз - факультетіміздің мерейі. Алған білімдеріңіз бен жинаған тәжірибелеріңіз болашақта өз салаларыңызда кәсіби маман болып қана қоймай, қоғамның дамуына үлес қосатын азамат болуға негіз болсын.
Баршаңызға жаңа оқу жылында толағай табыс, нәтижелі ізденіс, жаңа мүмкіндіктер мен биік жетістіктер тілеймін!
Құрметпен, Ph.D, Қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы
Анламасова Макпал Касымхановна
Экономика және басқару факультетінің деканы
Сабақ кестесі
Бірінші курс студенттерін қарсы алу кеші
Тұрақты қалдықтарды басқару қалай жүзеге асырылуы тиіс?
Құрметті 1-курс студенттері!
Құрметті ғылыми қауым өкілдері!
ӘЙЕЛДЕРДІҢ МҮМКІНДІКТЕРІН КЕҢЕЙТУ: ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНКТЕГІ КӘСІБИ ТӘЖІРИБЕ
ТЕҢДІКТІ ТҮСІНУ: БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНДАҒЫ ТӘЖІРИБЕМ
БҰҰ-НЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДАҒЫ ҚОРШАҒАН ОРТА ЖӘНЕ КЛИМАТТЫҚ ДАҒДАРЫС
БҰҰ-НЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНДА ҚАРУЛАНУ ЖӘНЕ ҚАРУСЫЗДАНУ
БҰҰ-НЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНДА ТҮРКИЯ-ГРЕКИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ
Біріккен ұлттар ұйымының 80 жылдығы және Түркияның БҰҰ жүйесіндегі орны
Азаматқа қызмет ету:бір кәсіби маманнын біріккен ұлттар ұйымындағы жолы
Халықаралық көші-қон үдерісі 