SKY Leaders бағдарламасының жарқын сәттері!
2024 жылдың 21-22 қараша күндері, Шымкент қаласында MediaNet Халықаралық журналистика орталығының ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан өңірінің жастарына арналған маңызды іс-шара өтті. “SKY Leaders: Southern Kazakhstan Youth Leaders” бағдарламасы көшбасшылық қабілеттерін шыңдағысы келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік ұсынды. Бағдарламаға 35 студент іріктеліп, өздерінің ерекше жобаларын таныстырды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика мамандығының 4-курс студенттері Тәжібай Назерке мен Сәрсенәлі Жансая өз жобаларын сәтті қорғап, сертификаттарға ие болды.
Бағдарлама екі ай бойы түрлі спикерлердің қатысуымен өткен онлайн сабақтардан басталды. Бұл сабақтар қатысушылардың көшбасшылық, коммуникация, жобаларды басқару қабілеттерін дамытуға бағытталды. Ал 21-22 қараша күндері Шымкентте өткен екі күндік тренинг барысында қатысушылар топтық жұмыстарға қатысып, өз идеяларын жүзеге асыруға қажетті тәжірибе жинады. Спикерлер қатарында Әйгерім Құсайынқызы, Думан Смаков, Мөлдір Утегенова, Шырақ Байназаров, Жанат Құдайберген және Думан Терликбаев секілді тәжірибелі мамандар болды.
Бағдарлама Қазақстан мен АҚШ сарапшыларының жетекшілігімен қазақ және ағылшын тілдерінде өтті. Қатысушылар көшбасшылыққа қатысты жаңа дағдыларды игеріп, кәсіби бағытта дамуға сенімді қадам жасады.
Бұл шара оңтүстік жастары үшін үлкен серпіліс болды. Жастарға жаңа жетістіктер тілейміз!