• image image image image
  • shape
    shape

    Іс-шаралар

    Blog Image

    АҚШ ПРОФЕССОРЫ ФАИНА ЛИНЬКОВА ЖООКМББ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ СЕМИНАРЛАР ӨТКІЗДІ

    2026 жылғы 7–8 қазан күндері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент кампусында Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру факультетінің ұйымдастыруымен АҚШ-тың Дюкейн университетінің профессоры, эпидемиология және қоғамдық денсаулық сақтау саласының ғалымы Фаина Линькованың (Faina Y. Linkov, PhD, MPH) қатысуымен ғылыми-тәжірибелік семинарлар өтті. Профессор Қазақстанға Fulbright халықаралық бағдарламасы аясында келді.

    7 қазанда профессор факультеттің профессор-оқытушылар құрамына «Ғылыми жарияланымдарды дайындау барысында жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану» тақырыбында семинар өткізді. Кездесу барысында ғылыми әдебиеттерді іздеу, деректерді талдау және ғылыми мәтіндерді редакциялау кезінде жасанды интеллект құралдарын қолдану мүмкіндіктері, халықаралық журналдардың талаптары мен академиялық этика мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, профессор оқытушылармен ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық ынтымақтастық бағыттары бойынша тәжірибе алмасты.

    8 қазанда семинар резиденттерге арналды. «Халықаралық ғылыми журналдарда мақала жариялау жолдары» тақырыбындағы кездесуде профессор Scopus және Web of Science дерекқорларында индекстелетін журналдарды таңдау, ғылыми мақаланың IMRaD құрылымы, рецензиялау кезеңдері және рецензенттердің ескертулеріне жауап дайындау мәселелерін түсіндірді. Сондай-ақ, күмәнді ғылыми журналдарды ажырату және зерттеу нәтижелерін халықаралық деңгейде жариялауға дайындау бойынша практикалық кеңестер берді.

    Сапар аясында профессор факультеттің клиникалық базасы – Онкологиялық орталықта болып, клиникалық қызметпен, мамандардың жұмысымен және ғылыми-зерттеу бағыттарымен танысты. Кездесу барысында онкология саласындағы зерттеулер, клиникалық тәжірибе мен ғылыми жұмысты ұштастыру, сондай-ақ бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері талқыланды.

    Фаина Линькова – 100-ден астам халықаралық ғылыми жарияланымның авторы, Scopus дерекқоры бойынша h-индексі – 25. Профессордың ғылыми тәжірибесі эпидемиология, қатерлі ісіктің алдын алу, созылмалы ауруларды зерттеу және қоғамдық денсаулық сақтау бағыттарын қамтиды.

    Екі күндік ғылыми сапар факультет оқытушылары мен резиденттеріне халықаралық ғылыми жарияланымдар дайындау бойынша тәжірибе алмасуға, зерттеу дағдыларын жетілдіруге және алдағы ғылыми ынтымақтастық бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.