Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру факультеті
Хирургия және анестезиология-реанимация кафедрасы
- Хирургиялық аурулары бар науқастардан анамнез жинау және физикалық тексерудің стандартты алгоритмдерін қолдану. Клиникалық практикада жиі кездесетін хирургиялық аурулар мен синдромдардың дифференциалды диагностикасын жүргізу және клиникалық диагнозды негіздеу.
- Хирургиялық көмек көрсету барысында медициналық команданың мүшесі немесе жетекшісі ретінде басқа мамандармен тиімді жұмыс жасау. Науқастарға медициналық көмек көрсетуді және әріптестермен кәсіби қарым-қатынасты оңтайландыру үшін заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану.
- Анамнез жинау, физикалық тексеру, зертханалық және аспаптық зерттеулер, сәулелік диагностика әдістері арқылы хирургиялық науқастардың жалпы жағдайы туралы маңызды және нақты ақпарат жинау. Жедел және жоспарлы хирургиялық аурулары бар науқастарға диагностикалық, консервативті және хирургиялық емдеу жоспарларын әзірлеу және жүзеге асыру.
- Науқастарға және олардың отбасыларына хирургиялық аурулардың диагностикасы, емдеу әдістері, ықтимал асқынулары және оңалту шаралары бойынша кеңес беру, оларды емдеу процесіне және бірлескен шешім қабылдауға қатыстыру. Науқастарға қауіпсіз, тиімді және сапалы хирургиялық көмек көрсетуді бірінші орынға қою. Науқастар, қоғам және медициналық кәсіп алдындағы кәсіби жауапкершілікті көрсету.
- Науқастармен, олардың отбасыларымен және денсаулық сақтау командасының мүшелерімен сенімді әрі еркін қарым-қатынас орнатуға ықпал ететін кәсіби сенімділікті, жауапкершілікті және коммуникативтік дағдыларды көрсету.
- Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіндегі қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге, клиникалық хаттамаларға және медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкес амбулаториялық және стационарлық жағдайларда хирургиялық қызметті тиімді ұйымдастыру және жүзеге асыру.
- Науқастардың клиникалық жағдайын, жеке ерекшеліктері мен қалауын, заманауи ғылыми дәлелдерді және клиникалық пайымдауды ескере отырып, диагностикалық, емдік және хирургиялық араласуларға қатысты негізделген шешімдер қабылдау. Дәлелді медицина қағидаттарын хирургиялық практикада қолдану.
Интернатураға қабылдау «6В10155 – Жалпы медицина (Хирургия)» білім беру бағдарламасы бойынша «Жалпы медицина» мамандығының жоғары білім беру бағдарламасын меңгерген тұлғалардың оқуға түсу емтихандарының нәтижелері негізінде жүзеге асырылады.
«6В10155 – Жалпы медицина (Хирургия)» білім беру бағдарламасы бойынша хирург дәрігері біліктілігін алған түлектер меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, амбулаториялық-емханалық медициналық ұйымдарда, ауылдық елді мекендердегі, аудан орталықтарындағы және қалалық үлгідегі кенттердегі денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ денсаулық сақтауды басқару ұйымдарында, кәсіптік медициналық білім беру мекемелерінде, жоғары медициналық оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында, денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау ұйымдарында, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарда өздерінің біліктілігі мен кәсіби құзыреттілігі шегінде жұмыс істей алады.