shape
shape

Іс-шаралар

Blog Image

«ОТБАСЫ БЕРЕКЕСІ» АТТЫ АВТОРЛЫҚ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

Бүгін оқу ордамызда қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы «Отбасы берекесі» атты авторлық семинар-тренинг өтті.

Семинардың басты мақсаты – неке және отбасы институтын нығайту.

Оразкүл Асанғазы – мәдениет қайраткері, «Құрмет» ордені, «Еңбектегі Ерлігі үшін», «ҚазКСР ағарту ісінің үздігі» және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері.

Рухани кешке университет ұжымы, студенттер мен зиялы қауым өкілдері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

Жиында сөз бастаған Оразкүл Асанғазы облыс статусына ие болып, көркейіп, түрленген Түркістанды көргеніне қуанышты екенін жеткізді.

Семинарда отбасының бақыты, шаңырақтың шайқалмауы кімге және неге байланысты екенін тарқата айтты. Әке мен ананың баланың өміріндегі рөлдері және бала болашағына тікелей әсері туралы айтты. Атап айтқанда, қыз баланың білім алуының маңызы, ана мен келін, дана әйелдің бейнесі, ер азаматтың жауапкершілігі, тәрбиенің түп-тамыры және т.б отбасы үшін маңызды тақырыптарға тоқталды. Сондай-ақ, қазақ тілінің қасиеті, дінге беріктік, білімге құштарлық сияқты өзекті мәселелерді отбасы құндылығымен байланыстыра отырып, түсіндіріп берді. Деннің саулығы мен жүрек тазалығын, ой сергектігі мен көңілді жүрудің адам мінезі мен тағдырына әсерін тілге тиек етті. Отбасындағы жылулықты сақтау мен бақытты өмір сүрудің жолдары туралы өз тәжірибесінен бөлек, ғалымдар мен ойшылдардың еңбектерін мысалға ала баяндады.

Баяндама соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салып, ойларымен бөлісті. Алыстан ат терлетіп, оқу ордамызға арнайы келіп, әр шаңыраққа қажетті ақыл-ойымен бөліскен Оразкүл Асанғазыға ризашылықтарын жеткізді.

Университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова көпке үлгі болып, отбасының қадір-қасиеті туралы маңызды мәселені көтерген Оразкүл Асанғазықызына алғысын білдірді.

«Біз бүгін университетімізде кезекті мағынасы мол,тағылымы терең, көрерменнің ерекше ықыласына бөленген кештің куәсі болдық. Оразкүл Асанғазықызы өз баяндамасында тарих, қазақ тіліне деген құрмет пен жауапкершілік, жанашырлық, мәдени даму мен ұлтымыздың озық дәстүрлерінің үлгісін бір-бірімен сабақтастыра жеткізді. Оразкүл апамыз осылар арқылы жүрегіндегі үлкен махаббатын көрсетті. Халқы мен отанына, тіліне деген махаббаты әр сөзінен сезілді»,- деді ректор.

Кеш соңында ректорымыз университет атынан Оразкүл Асанғазықызына шапан жауып, гүл шоқтары мен сый-сияпаттарын табыстады.