shape
shape

Іс-шаралар

Blog Image

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТОМАТОЛОГТАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Бүгін оқу ордамызда жылдағы дәстүр бойынша «Халықаралық стоматологтар күні» аталып өтті. Кәсіби мерекелік іс-шараны – «Стоматология» факультетінің оқытушы құрамы мен студенттері ұйымдастырды.

Мерекелік іс-шараның мақсаты – Халықаралық стоматологтар күнін атап өту, концерттік бағдарлама арқылы студенттер мен оқытушылардың көңілін көтеріп, әртүрлі стоматологиялық бағытта қойылған сұрақтар арқылы білім деңгейін жақсарту.

Кеш шымылдығы Стоматология факультетінің студенттер хорының «Ана» әнімен түрілді.
Мерекелік кешті ашып беру үшін алғашқы сөз тізгінін алған әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев кәсіп иелерін құттықтап, денсаулық саласындағы стоматология бағытының салмағы, адам өміріндегі тіс күтімінің маңызы жөнінде айтты.

Сондай-ақ, қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Нурсой, Стоматология факультетінің деканы Хасан Гүндоғар құттықтау тілектерін жеткізді.
Келесі кезекте, факультеттің дамуына еңбегі сіңген ОПҚ және студенттер, студенттік ғылыми конференциядан және түрлі жарыстардан орын алған білімгерлер алғыс хаттармен марапатталды.

Көңілді мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Факультет оқытушылары мен студенттері ән шырқап, көптің қошеметіне бөленді. Сахна төрінде өнерлі студенттер музыкалық аспаптарда шебер ойнап, биден шашу шашты, әуезді ән шырқады.

Сонымен қатар, стоматологиялық бағыт бойынша көрерменге сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Болашақ стоматолог мамандардың мереке қарсаңында көпке дайындаған сыйлықтары мұнымен шектелмеді. Залда жиналған қауымға таратылған лото билеттер арқылы кездейсоқ таңдалған номерлі билет иегерлеріне де сый-сияпаттар таратылды.

Халықаралық стоматологтар күні жоғары деңгейде өтіп, жиналған қауым керемет көңіл-күймен тарасты.