shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

«САХНА ТІЛІ» – ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІНІҢ ЖАБЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Бүгін университетіміз бен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ұйымдастырған – «Сахна тілі» жазғы мектебі өз мәресіне жетті.

Салтанатты кеште сөз алған университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова:

«Баршамызға керемет көңіл-күй сыйлаған жазғы мектеп ұйымдастырушыларына және студенттерге алғыс білдіреміз!

Біз жазғы мектепті ұйымдастырудағы негізгі мақсатымызды орындай алдық деп ойлаймын. Себебі, міне, бүгін бір-бірлеріңізбен ынтымақтастықта, бір сахнада өнер көрсетулеріңіз арқылы әдемі кеш өтуде.

Жазғы мектептің жалғасы бола берсін деп тілейміз. Өнерді бағалайтын, қазақтың дәстүрлі өнері мен сахна өнеріне көңіл бөлген екі университеттің бірлескен жобалары осындай керемет нәтижелерге жете берсін!»,-деді.

Ал, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Сахна тілі» кафедрасының меңгерушісі Дариға Тұранқұлова:

«Құрметті шәкірттер, барлығыңызға шығармашылық табыс тілеймін! Жазғы мектеп арқылы жастар, бір-біріңізбен танысып, күш-жігер жинап, қолдау таптыңыздар. Сондай-ақ, бір-біріңізде бар қасиет, өнер биіктігінен әсер алып, кем түскен тұстар бойынша пікір алмасқан, ерекше жиын болды деп ойлаймын»,-деді.

Келесі кезекте, әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев жазғы мектепке белсене қатысқан өнерпаз студенттерге ризашылығын білдірді. Екі жоғары оқу орда жастарының достық қарым-қатынасы нығайып, арта түсетініне сенетінін жеткізді.

Құттықтау тілектерден соң, атаулы жазғы мектеп аясында болашақ актерлер сахна тілі бойынша біліктілікті арттыру курсынан өткенін растайтын арнайы сертификаттарға ие болды.

Жазғы мектеп кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлова екі оқу орданың студенттеріне шеберлік сағаттарын өтті. Сонымен қатар, қос университет білімгерлері жыл бойы жинаған білімі мен практикалық дайындықтарын көрсетіп, тәжірибе алмасты. Сахна төрінде жеке-жеке қойыламдар қойды. Жаңылтпашты жатқа айту, мақал-мәтел, өлең жолдарын оқудағы тіл тазалығы мен дауыс анықтығы сынды т.б актерлік өнерге қатысты маңызды дүниелерді көрермен назарына ұсынды. 1-курс студенттерінің бұл еңбектерін Дариға Тұранқұлова мен профессор-оқытушыларымыз талқыға салып, жоғары бағалады. Олардың таланттарын атап, көрсеткен өнерлері үшін алғыс білдірді. Өнерге қадам басқан жас буынның үйренуі тиіс тұстарын да көрсетіп, бағыт-бағдар берді.

Концерттік бағдарламаға ұласқан кеште студенттер бар өнерлерін ортаға салды. Әсем әндер шырқап, би биледі. Жазғы мектепке арнау өлеңдерін оқыды. Алматылық студенттер қонақ кәделері ретінде өлең жолдарымен көпке рухани кеш сыйлады.

Жиын барысында Спорт және өнер факультетінің деканы Бек-Ахмет Абусейітов студенттерге шабыт сыйлап, қолдау көрсеткен екі университеттің басшылығына алғыс айтты.

Салтанатты жабылу кешінде университетіміздің атынан жазғы мектептің өтуіне үлкен үлес қосқан Дариға Тұранқұловаға шапан жауып, сый-сияпаттар табысталды. Дариға Тұранқұлова өз кезегінде, киелі сахнада ән айтып, баршаға ақ тілегін арнады.

Осылайша Тұран төрінде тоғысқан таланттар бір-бірінің өнеріне қошемет көрсетіп, қимастықпен қоштасты.