shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

ДЕКАН ЛАУАЗЫМЫНА АРНАЛҒАН КОНКУРС НӘТИЖЕСІ ЖАРИЯЛАНДЫ

2024-2025 оқу жылына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің факультеттеріне декан лауазымына арналған конкурс нәтижесі жарияланды. 

Бүгін оқу ордамыздың 6 факультетіне декан лауазымына жарияланған конкурс бойынша комиссия отырысы өтті. Университет ректоры Жанар Темірбекованың төрағалығымен өткен конкурстық комиссия құрамына ректор өкілі, академиялық мәселелер вице-ректоры, ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры, қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры, жауапты хатшы, Академиялық департамент директоры, Ғылыми департамент директоры, Кәсіподақ төрағасы, Заң бөлімінің басшысы, Адам ресурстарын басқару бөлімінің басшысы кірді.

Айта кетейік, факультет басшыларына арналған конкурс мамыр айының соңында жарияланған болатын. Үміткерлерден өтініш 11 маусымға дейін қабылданды.

Конкурстық комиссия мүшелері келіп түскен өтініштерді екі күн көлемінде қарап, талқылып, бүгін шешім шығарды. Комиссия үміткерлердің біліктілік талаптары бойынша сай келуіне және факультет дамуының жолдары, даму бағыттары туралы презентациясына назар аударды.

Нәтижесінде, жаңа оқу жылына «Медицина», «Әлеуметтік-ғылымдар», «Экономика, басқару және құқық», «Спорт және өнер», «Теология» «Жаратылыстану ғылымдары» факультеттерінің декандары тағайындалды.

Атап айтар болсақ, конкурстық комиссия шешімімен:

Медицина факультетінің деканы лауазымына м.ғ.к, доцент Нұсқабаева Гүлнәз Оразбеқызы тағайындалды. Ахмет Ясауи университетінің түлегі 2004 жылдан бері өзі білім алған оқу орнымызда оқытушы, кафедра меңгерушісі, доцент қызметтерін атқарып келді. 

Гүлнәз Оразбеқызының ғылыми еңбектері: Scopus және Web of Science базасындағы басылымдарда – 11; уәкілетті орган ұсынатын басылымдарда – 57; шетелдік ғылыми және басқада басылымдарда, халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда мақалалар жарияға шыққан. Сондай-ақ, ол 1 монографияның, 5 оқу құралының және 8 оқу-әдістемелік құралының авторы. 

Әлеуметтік-ғылымдар факультетінің жаңа деканы болып, PhD, қауымдастырылған профессор Құралбаева Әлия Ахметкәрімқызы тағайындалды. 

Әлия Ахметкәрімқызы – Ахмет Ясауи университетінің түлегі. Еңбек жолын 2003 жылы бастаған. 2007 жылдан бері оқу орнымызда оқытушы, кафедра меңгерушісі, доцент және өзге де әкімшілік қызметтерді атқарып келеді. Ғылыми еңбектерінің саны – 20-дан астам.

Экономика, басқару және құқық факультетіне PhD Акимов Жақсылық Махмұтұлы тағайындалды. Ол Махамбет атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетін (бакалавр), Ыстанбұл университетін (магистратура), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін (PhD докторантура) тәмамдаған. 

2011 жылдан бері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, Халықаралық туризм және меймандостық университетінде аға оқытушы, декан орынбасары, бөлім басшысы, декан, вице-ректор сынды лауазымдарда жұмыс істеген. Scopus және Web of Science мәліметтер базасында және өзге де ғылыми басылымдарда материалдары жарияланған.

Комиссия шешіміне сәйкес, Спорт және өнер факультетіне жаңа оқу жылынан бастап PhD Рахымжанов Алпамыс Орынтайұлы басшылық етеді.

Алпамыс Орынтайұлы да халықаралық оқу орнымыздың түлегі. Докторлық диссертациясын Гази университетінде қорғаған. Әр жылдары Ахмет Ясауи университетінде оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерінде жұмыс істеген. Ғылыми еңбектерінің саны – 60.

Ал Теология факультетінің деканы лауазымына Абжалов Сұлтанмұрат Өтешұлы тағайындалды. 

Ол – Ахмет Ясауи университетінің түлегі, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. Әр жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Ахмет Ясауи университетінде оқытушы, аға оқытушы, декан орынбасары, кафедра меңгеруші, доцент, ҒЗИ директоры, декан қызметтерін атқарған. Соңғы бес жылда 30-дан астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Бұған дейін университетіміздегі Гуманитарлық ғылымдар, Әлеуемттік-гуманитарлық ғылымдар факультеттеріне басшылық еткен.

Комиссия мүшелері Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы лауазымына PhD Исабеков Жәнібек Назарбекұлын тағайындады. 

Ол әр жылдары Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Еуразия техникалық университетінде, Ахмет Ясауи университетінде оқытушы, кафедра меңгерушісі, декан, доцент м.а лауазымдарында қызмет еткен. Жәнібек Назарбекұлы – 20-дан астам ғылыми еңбектің авторы.