shape
shape

Деканның хабарламасы

Деканның хабарламасы

Құрметті білім алушылар!

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің миссиясы - Қожа Ахмет Ясауидің іліміне сүйене отырып, академиялық адалдықты ұстанатын, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, кәсіби білімі терең әрі бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Спорт факультетіланндегі білім беру, ғылыми-зерттеу, тәрбие және спорттық даярлық жұмыстары университет құндылықтарын негізге ала отырып жүзеге асырылады.

Серіктестік пен құрмет, ашықтық пен сенім, әділдік пен адалдық, біліктілік пен еңбекқорлық, инновация мен бейімделу қағидаттары студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына бағыт береді. Серіктестік пен құрмет білім алушылардың команда құрамында бірлесіп әрекет етуіне, өзара қолдау көрсетуіне, әріптестерінің құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеуіне негіз болады. Университеттің халықаралық мәртебесіне сәйкес студенттердің мәдени айырмашылықтарға құрметпен қарауына, толеранттылық танытуына және бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуына мән беріледі.

Сіздерді бауырлас екі елдің бірлескен бастамасымен құрылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Спорт факультетіне оқуға шақырамыз!

Қожа Ахмет Ясауи университетінің студенті атану – үлкен мақтаныш қана емес, спорт саласында кәсіби және тұлғалық дамуға бастайтын маңызды қадам. Университет түркі әлемі елдерінің жастарын бір шаңырақ астына біріктіріп, спорт пен ғылым салалары бойынша жоғары білікті мамандар даярлайды.

Спорт факультеті студенттерге теориялық білім мен тәжірибені ұштастыратын заманауи білім беру бағдарламаларын ұсынады. Мұнда еліміздің білікті профессорлары мен доценттерінен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушылары мен спорт қайраткерлерінен білім алып, кәсіби шеберліктеріңізді шыңдауға мүмкіндік бар.

Спорттық үйірмелер студенттердің дене дайындығын нығайтып қана қоймай, олардың командалық рухын, көшбасшылық қасиеттерін, тәртібі мен жеңіске деген жігерін қалыптастыруға ықпал етеді. Үйірме мүшелері университетішілік, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, университет намысын абыроймен қорғауға мүмкіндік алады.

Біздің университетті таңдау арқылы сіз сапалы білім алып, спорттық мансабыңызды қалыптастырып, болашаққа сенімді қадам басасыз. Бәсекеге қабілетті, жаңашыл әдістер мен заманауи тәсілдерді меңгерген кәсіби маман даярлау – біздің басты мақсатымыз.

Факультетте дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ бастапқы әскери дайындық бағыттары бойынша заманауи білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады. Студенттеріміз Erasmus, Erasmus+ және Mevlana халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы шетелдің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алып, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.

Декан ретінде студенттеріміз бен түлектеріміздің спорттағы жетістіктерімен, білімге деген ұмтылысымен және үлгілі тұлғалық қасиеттерімен мақтанамын. Білімгерлеріміз әлемдік, азиялық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Біз олардың әрбір жетістігін мақтан тұтып, сапалы білім алуына, кәсіби дамуына және биік белестерді бағындыруына қажетті жағдай жасауға ұмтыламыз.

Спорт факультетін таңдап, жеңістер жолын бізбен бірге бастаңыз!

 

PhD, қауымдастырылған профессор,
Спорт факультетінің деканы
Ермаханов Бағлан Өмірзақұлы