shape
shape
Іс-шаралар
Blog Image

СПОРТ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ КЕШ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Спорт факультетінің 1-курс білім алушыларын студенттер қатарына қабылдауға арналған салтанатты іс-шара Түркістан қаласындағы амфитеатрда өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – бірінші курс студенттерінің университеттің академиялық және әлеуметтік ортасына бейімделуіне ықпал ету, факультетішілік ынтымақтастықты нығайту және студенттердің қоғамдық белсенділігін арттыру.

Салтанатты жиын барысында білім алушыларға университеттің миссиясы мен негізгі құндылықтары таныстырылып, білім беру үдерісіндегі кәсіби даярлық пен тұлғалық дамудың маңыздылығы түсіндірілді.

Шара аясында факультеттің қоғамдық өміріне белсене қатысып, спорттық жарыстар мен түрлі деңгейдегі іс-шараларда жоғары нәтижелерге қол жеткізген 4-курс білім алушылары мен белсенді жастар университет ректоры Жанар Темірбекованың Алғыс хаттарымен марапатталды.

Марапаттаудың мақсаты – жоғары курс студенттерінің жетістіктерін 1-курс білім алушыларына үлгі етіп, олардың білімге, спортқа және қоғамдық белсенділікке деген ынтасын арттыру.

Мерекелік бағдарлама студенттердің шығармашылық өнер көрсетуімен жалғасып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

Сонымен қатар факультеттің профессор-оқытушылар құрамы өзге өңірлерден келген 1-курс студенттеріне танымдық экскурсия ұйымдастырып, оларды туристік көрікті жерлермен, қаланың әсем орындарымен аралатып, Түркістанның тарихи-мәдени мұрасымен таныстырды.

Іс-шара жаңа оқу жылын ерекше көңіл күймен бастаған студенттер үшін жарқын естелікке айналып, факультет өміріне белсенді араласуға ынталандырды.