ОҚУ ОРДАМЫЗДА «АНАДОЛЫ МЕКТЕБІ ҚОРҚЫТ АТА ІЗІМЕН» БАҒДАРЛАМАСЫ БАСТАЛДЫ
Айта кетейік, кеше Анадолы мектебінің қатысушыларын университет ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а Нажи Генч қарсы алған болатын. Түркия мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиылған 20 студент пен 8 қатысушыны оқу орда төрінде қонақ етіп, кездесу өткізді.
Анадолы мектебі – профессор, доктор Сами Гүчлүнің ерікті оқу бағдарламасы. 2012 жылы Сакария университетінде 12 адамнан құралған студенттік топпен бастаған. Бүгінде жоба Түркияның 50-ден астам облысында жүзеге асып жатыр. Анадолы мектебі түркі тілдес елдерде жазушыларды оқу бағдарламасын жүзеге асыруды мақсат етеді. Яғни, қатысушылар ұлттық және рухани құндылықтарымызды насихаттап, түрік мәдениеті мен өркениетінің дамуына үлес қосқан авторлардың шығармаларын және олар жайлы жазылған еңбектерді оқиды. Сосын әрбір оқыған еңбек жайында пікір жазып, автордың түпкі идеясын саралайды.
Жиынды ашып беру үшін Анадолы мектебінің негізін қалаушы профессор, доктор Сами Гүчлү ZOOM желісі арқылы онлайн байланысқа шықты.
«Бүгінгі шараны өткізуге атсалысқан университеттің Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен оқу орда басшылығына, барша ұйымдастырушыларға алғыс айтамын! Бүгінгі қатысушы студенттерге сәттілік тілеймін! Бұл жиын – түркі халықтарының ынтымақтастығы мен бір-бірін тереңінен тануға үлес қосады деп сенеміз!»,-деді Сами Гүчлү.
Профессор мектептің тарихы және шетелдермен ынтымақтастық алаңын тереңінен баяндады.
Анадолы мектебі қазіргі таңда Болгария, Кипр, Македония, Қырғызстан, Косово, Түркіменстан және Қазақстан сияқты оннан астам елде шағын топтармен оқу бағдарламасын жалғастыруда. Анадолы мектебі – шетелдегі Маариф Фонды мектептері, Юнус Эмре институттары, шетелдегі білім бөлімдеріне қарасты мектептер, түркі тілдес азаматтардың құрған қоғамдық ұйымдары, жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық келісімдерін жасап, мәдени жұмыстар жүргізеді.
Келесі кезекте, Түркияның Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак:
«Анадолы мектебі мен оның түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосып келе жатқан зор үлесі туралы жақсы білеміз. Сондықтан, мектеп пен оның қатысушылары – біз үшін аса қадірлі.
Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Ал, сіздер табан тіреген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің де алар орны ерекше. Осы тұста, оқу орда ұжымына бүгінгі іс-шараға сіңірген еңбектері үшін ризашылығымды білдіремін. Қонақтарымызға қош келдіңіздер дейміз!»,-деді.
Ректор өкілі м.а Нажи Генч те өзінің құттықтау тілегін жеткізді.
«Құрметті қонақтар, сіздерді қасиетті әрі мәдени астанамыз Түркістанда, оның ішінде Ясауи университетінде көргенімізге қуаныштымыз! Анадолы мектебінің жасаған әр еңбегі біз үшін бағалы. Сондықтан, сіздерге алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта мектеп жұмыстарына табыс тілейміз!»,-деді. Сонымен қатар, студенттерге өзінің ақыл-кеңесін айтты. Ана тілді шетелдіктерге үйрету, мәдениеті мен дәстүрін, әдебиетін дұрыс дәріптеудің маңызын саралады.
Жиын мектеп қатысушыларының Қорқыт ата еңбектерін оқып, бүгінге дейін түйген ойларымен бөлісіп, шығармаларын оқуымен жалғасты.
Сондай-ақ, Анадолы мектебінің оқушылары қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін кеңінен таныды. Қымыз дайындап, атқа мініп, тоғызқұмалақ пен бестемше, асық ойнады.
Кеш соңында қонақтар панельдік бағдарламаның екінші күні қызықты өткенін айтып, ризашылықтарын білдірді.