СТУДЕНТТЕРІМІЗ ӘЛЕМ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТТАРЫНДА ТОП ЖАРДЫ
Астана қаласында Спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер арасындағы Әлем чемпионаты өтті. Оған әлемнің 80 елінен 470-ке жуық спортшы қатысты.
Байрақты бәсекеде студентіміз Нұрила Асанқызы 80+ келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, алтын жүлдені қанжығасына байлады. Ал тағы бір бұрымды спортшымыз Ұлбосын Адилова 80 келі салмақта қола жүлдені иеленді.
Сонымен қатар, спортшыларымыз Тараз қаласында өткен Қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңімпаз атанды.
Додаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары және 17 облыстан 500-ден астам балуан қатысты. Айтулы жарыста студенттеріміз көп ішінен топ жарды.
Атап айтар болсақ, 70 кг салмақ дәрежесінде Ақбота Қыдырәлі мен 82 кг салмақта Асылжан Кәрім жарыс жеңімпазы атанып, алтын жүлдеге ие болды. Ал шәкіртіміз Жұмажан Қожамбеков 74 кг салмақ бойынша 3-орынды жеңіп алды.
Спортшы студенттеріміздің жеңісі құтты болсын!