Хабарландырулар

shape
shape

Ғылым саласы

Институттың қызметі мен ғылыми-зерттеу бағыттары

«Экология» ғылыми-зерттеу институтының қызметі қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Институттың басым мақсаттарының бірі – экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін алудың ғылыми негіздерін қалыптастыру, қалдықтарды тиімді пайдалану технологияларын әзірлеу және «жасыл» экотехнологияларды өндіріске енгізуге ғылыми-тәжірибелік қолдау көрсету.

Экологиялық зерттеулер және нормативтік құжаттаманы әзірлеу. Институт шарттық негізде кәсіпорындар мен ұйымдарға арналған ғылыми-зерттеу және экологиялық жобалау жұмыстарын орындайды. Өндірістік нысандардың қоршаған ортаға әсерін бағалау, экологиялық нормативтік құжаттаманы әзірлеу, қалдықтарды басқару және кәдеге жарату мәселелерін ғылыми тұрғыдан қарастыру институт қызметінің маңызды бағыттарына жатады. Бұл жұмыстар Түркістан облысының, оның ішінде Түркістан, Кентау қалаларының, Сауран және Отырар аудандарының өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарын қамтиды. Сонымен қатар университеттің жаңа ғимараттары мен ластаушы көздеріне қатысты экологиялық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізіледі.

Өңірдің экологиялық жағдайын бағалау және картографиялау. Институт Түркістан және Кентау қалаларының, Сауран ауданының және Түркістан облысының басқа да аумақтарының экологиялық паспорттарын әзірлеуге қажетті ақпаратты жинау, жүйелеу және талдау жұмыстарын жүзеге асырады. Бұл жұмыстар өңірдің экологиялық жағдайын бағалауға, негізгі экологиялық мәселелерді анықтауға және табиғатты қорғау шараларын ғылыми тұрғыдан негіздеуге мүмкіндік береді.

Қоршаған орта нысандарына мониторинг және зертханалық талдау жүргізу. Институттың «Экологиялық бақылау және химиялық талдау» аналитикалық зертханасы су, топырақ, ауа және өсімдік үлгілерін зерттеуге, сондай-ақ өндірістік шығарындылар мен ағынды суларды талдауға бағытталған жұмыстарды орындайды. Зерттеулер зертхананың аккредиттеу саласына және қолданылатын әдістемелерге сәйкес физика-химиялық, микробиологиялық, атмосфералық ауа сапасы мен бөлме ауасының сапалық көрсеткішерін, сондай-ақ радиациялық көрсеткіштерді анықтауды қамтиды. Алынған нәтижелер қоршаған ортаның жай-күйін бағалау және экологиялық шешімдерді ғылыми деректермен негіздеу үшін пайдаланылады.

Жасыл технологиялар және агроэкологиялық әзірлемелер. Институттың ғылыми-зерттеу жұмыстары ауыл шаруашылығында экологиялық таза өнім өндіруге арналған технологияларды жетілдіруге бағытталған. Негізгі зерттеу нысандарына органикалық қалдықтарды қайта өңдеу негізінде алынатын вермиөнімдер, инсектицидтік препараттар, тыңайтқыш-мелиоранттар және азықтық қоспалар жатады. Бұл бағыттағы зерттеулер қалдықтардың ресурс ретінде пайдаланылуын кеңейтуге, ауыл шаруашылығы өндірісінің экологиялық тиімділігін арттыруға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін технологиялық шешімдерді әзірлеуді көздейді.

Ғылыми кадрларды даярлау және білім алушылардың зерттеу қызметі. Институт университеттің химия және экология бағыттарында білім алатын студенттерін, магистранттарын, PhD докторанттары мен постдокторанттарын ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартуға жағдай жасайды. Институт базасында білім алушылар ғылыми жобаларды іске асырады, дипломдық және магистрлік диссертацияларын орындайды, докторлық зерттеулер жүргізеді. Ғылыми қызметтің оқу үдерісімен ықпалдасуы олардың зертханалық дағдыларын жетілдіруге, заманауи зерттеу әдістерін меңгеруіне және ғылыми нәтижелерді тәжірибеде қолдану қабілетін дамытуға ықпал етеді.