shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

«ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ» АТТЫ МАҢЫЗДЫ СЕМИНАР ӨТТІ

Бүгін университетіміз және Түркістан облысы полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен, «Экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары» тақырыбында семинар өтті. 

Іс-шараға Түркістан облысы полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимылдар басқармасының қызметкерлері, Түркістан облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары, Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының Түркістан облысы бойынша діни қызметкерлері мен студенттер қатысты.

Ең алдымен, жиынның негізгі мақсатын түсіндіру үшін арнайы бейнеролик көрсетілді. Онда экстремизм мен терроризмге қатысы бар қылмыскерлерді тұтқындау сәттері таспаланған.

Жиында сөз бастаған Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов:

«Экстремизм мен терроризм – қазіргі таңда жаһандық қауымдастықты алаңдатып қана қоймай, қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қауіп төндіріп отыр. Оның алдын алу тек қана құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның міндеті. 

Семинарда қауіп қатерді ерте кезеңде анықтау, алдын алу шараларын ұйымдастыру, бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында тәжірибемен бөлісіп, пікір алмасамыз»,-деді.

Келесі кезекте, Түркістан облысы полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимылдар басқармасының басшы орынбасары Қуанышбай Жұмадиллаев:

«Ең бірінші, осы ортаға студент жастарды жинап, маңызды мәселені талқылауға атсалысқаны үшін Ясауи университетінің басшылығына алғыс білдіргім келеді. 

Өздеріңіз білетіндей, экстремизм мен террористік көріністерге қарсы күрестің негізгі бағытының бірі – алдын алу шаралары. Жас буын бұл тақырыпта ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмайтын сәттер болады. Сондықтан бүгінгідей семинарлар арқылы дұрыс мәліметтер беру – біздің басты мақсатымыз», - деді.

Қуанышбай Жұмадиллаев сонымен қатар, басқарманың экстремизм, деструктивті діни ағымдар, терроризм сынды қауіпті қылмыстармен күрес жұмыстарын баяндады.

Жиын барысында Түркістан облысының Бас имамы Ержан Төлепов, Сарыағаш медресе колледжінің директоры Дінмұхаммед Сманов пен Түркістан облысы Дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Медет Халықов баяндама жасады. Олар қазіргі таңда теріс діни ағымға шақырушылардың іс-әрекеттері мен оларға алданбаудың жолдарын түсіндірді. Ислам дінінің қадір-қасиеті мен адамзаттың адалдығы, жамандық пен қастандықтан аулақ болу жайлы тарата айтты.

Сонымен қатар, интернет желілерінде нақты кім екені белгісіз, негізсіз уағыз айтушылар мен таратушылардан сақтану жолдарын талдады. Жастарға діни сауат арттырудың маңыздылығы жан-жақты жеткізілді.

Семинар соңында студенттер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, тың жауаптар алды.