ЯСАУИ КЕРУЕНІ
«ЯСАУИ КЕРУЕНІ» - ЯСАУИ МҰРАСЫН ҰЛТТЫҚ ТАНЫММЕН САБАҚТАСТЫРҒАН ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ ЖОБА
2026 жылғы 21 шілдеде Түркістан қаласынан бастау алған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары Түркістан облысының барлық аудан-қалаларын қамтып, ауқымды рухани-ағартушылық жоба ретінде жүзеге асырылды.
Түркістаннан басталған ғылыми-танымдық керуен Кентау қаласында жалғасып, одан әрі Сауран, Түлкібас, Сайрам, Қазығұрт, Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Отырар, Ордабасы, Созақ, Бәйдібек, Арыс, Шардара өңірлерін қамтып, Төле би ауданында қорытындыланды. Осылайша, жоба Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан танытуға арналған жүйелі ғылыми-танымдық алаң қалыптастырды.
Аталған рухани-ағартушылық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды жаңғырту және тарихи тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Ғылыми-танымдық семинарларға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, теологтар мен дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар алқасының мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Ясауи мұрасы - тарихи сана мен рухани тұтастықтың негізі
Бірқатар аудандарда өткен семинарларға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Алтаев Ертай Кенжебекұлы қатысып, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу мен оны қоғамға кеңінен танытудың маңызына тоқталды. Ол «Ясауи керуені» жобасының өңір тұрғындарының тарихи санасын тереңдетуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдағы рухани тұтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ жобаның өскелең ұрпақтың тарихи-рухани танымын арттыру, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау және қоғамдық келісім мен діни тұрақтылықты нығайту тұрғысынан маңызды екеніне назар аудартты.
Аймақтық ғылыми-танымдық семинарларға «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ерлан Ерғазыұлы Дәкенов модераторлық етті.
Семинарлар барысында Түркістан облысының Дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы және Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Медет Мұзапбарұлы Ясауи мұрасын жүйелі зерттеу мен ғылыми негізде насихаттаудың, әсіресе жастардың тарихи-рухани танымын қалыптастырудың өзектілігіне тоқталды.
Ясауи тұлғасы және ұлттық бірегейлік
Ғылыми-танымдық семинарлардың негізгі баяндамашылары Ясауи мұрасын тарих, теология, философия, дінтану және мәдениеттану тұрғысынан зерделеп, оның қазақ халқының тарихи санасы мен рухани мәдениетіндегі орнын әр қырынан талдады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры, теология докторы, қауымдастырылған профессор м.а. Бауыржан Сайфунов «Қожа Ахмет Ясауидың тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада Қожа Ахмет Ясауи тұлғасының тарихи болмысы мен оның түркі халықтарының рухани жадындағы орны сараланып, Ясауи мұрасының ұлттық бірегейлік пен тарихи сананы қалыптастырудағы маңызына назар аударылды. Ұлттық идентификация мәселесін тарихи жадтан, рухани сабақтастықтан және халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтар жүйесінен бөліп қарастыруға болмайтыны сөз болды.
Ясауи ілімі және қазақ мәдениетінің рухани қабаттары
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Теология факультетінің профессоры, теология және философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «Ясауи ілімі және қазақ мәдениетінің қабаттары» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым Ясауи ілімінің түркі-ислам өркениетіндегі орнына тоқталып, оның қазақ халқының дүниетанымы мен мәдени болмысындағы тарихи сабақтастығын талдады. Сонымен қатар Ясауи іліміндегі адам, руханият, ахлақ, ар-ождан, жауапкершілік пен кемелдік мәселелерінің қазіргі қоғамдық орта үшін маңызын саралады.
Хикметтердегі рухани-адамгершілік құндылықтар
Ахмет Ясауи университетінің доценті, дінтанушы Сержан Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, «Диуани хикмет» мұрасындағы адамгершілік, имандылық және рухани кемелдену идеяларына тоқталды. Баяндамашы хикметтердегі рухани-адамгершілік қағидалардың адамның ішкі дүниесін тәрбиелеудегі мәнін талдап, Ясауи мұрасының өскелең ұрпақтың құндылық бағдарларын қалыптастырудағы тәрбиелік әлеуетіне назар аударды.
Философия докторы, қауымдастырылған профессор м.а. Төлеген Мұхит Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен қазақ халқының салт-дәстүрлері арасындағы тарихи және рухани сабақтастық мәселелерін қарастырды. Баяндамада дәстүрлі мәдениет пен рухани құндылықтардың өзара байланысы, олардың қоғамдық санадағы орны мен ұрпақаралық сабақтастықтағы маңызын талдады.
Ғылыми танымнан қоғамдық санаға
Семинарлар барысында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, жинақтау және жүйелеу, оны жастар арасында ғылыми негізде насихаттау, сондай-ақ рухани-адамгершілік құндылықтарды қоғамдық өмірде орнықтыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сарапшылар Ясауи мұрасын тану мен танытудың тарихи жады мен ұлттық тұтастықты нығайтудағы, дәстүрлі дүниетаным мен рухани құндылықтардың сабақтастығын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, «Ясауи керуені» тек ғылыми баяндамалар ұсынылатын семинарлар жиынтығы емес, ғылыми таным мен қоғамдық сананы, тарихи мұра мен қазіргі ұрпақты өзара сабақтастыратын рухани-ағартушылық алаң ретінде ерекшеленді.
Жобаның облыстың барлық аудан-қалаларын қамтуы Ясауи мұрасын ғылыми ортаның шеңберінде ғана қарастырмай, оны жергілікті қауымдастықтармен тікелей сұхбат негізінде танытуға мүмкіндік берді. Ғалымдар мен тұрғындардың жүзбе-жүз кездесуі барысында тарихи тұлға мен оның рухани мұрасына қатысты ғылыми пайымдар көпшілікке ұсынылып, қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Баба мұрасымен қайта қауышу
«Ясауи керуенінің» өңірлердегі кездесулерінде байқалған маңызды құбылыстың бірі - тұрғындардың Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы мен оның рухани мұрасына деген айрықша ықыласы болды. Кездесулер барысында қойылған сауалдар, айтылған пікірлер мен аға буын өкілдерінің естеліктері Ясауи мұрасының халықтың тарихи жадында әлі де терең орын алатынын аңғартты. Бұл ретте ғылыми-ағартушылық жұмыстың мәні өткенді мадақтаумен ғана шектелмейді. Оның басты міндеті - тарихи мұраны ғылыми негізде зерделеу, оның мән-мағынасын бүгінгі қоғамның танымдық сұраныстарымен сабақтастыру және жас ұрпаққа тарихи дерек пен ғылыми пайым негізінде жеткізу.
Қожа Ахмет Ясауи мұрасы - белгілі бір тарихи кезеңмен шектелетін мәдени ескерткіш қана емес. Ол түркі халықтарының ғасырлар бойғы рухани тәжірибесімен, діни танымымен, моральдық құндылықтарымен және мәдени жадымен сабақтас күрделі интеллектуалдық мұра. Сондықтан оны заманауи ғылыми әдістер негізінде зерттеу және қоғамға дұрыс таныту - Ясауитанудың ғана емес, ұлттық гуманитарлық ғылымның да маңызды міндеттерінің бірі.
«Ясауи керуені» - рухани сабақтастық жолы
Түркістаннан басталып, облыстың барлық аудан-қалаларын қамтыған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары бабалар мұрасын ғылыми таным арқылы бүгінгі ұрпақпен қайта сабақтастырған тағылымды жоба болды.
Керуен өткен әрбір өңірдегі кездесулер халықтың тарихи-рухани мұраға деген сұранысының жоғары екенін көрсетті. Ғылыми баяндамалар мен ашық пікір алмасулар Ясауи мұрасының тарих қойнауында қалған құбылыс емес, қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік бағдарларын пайымдауға мүмкіндік беретін құндылықтық мұра екендігін тағы бір мәрте айқындады.
Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар мұрасын ғылыми негізде зерделеп, оны ел санасында жаңғырту - тарихи сабақтастықты сақтаудың маңызды жолдарының бірі. Осы мағынада «Ясауи керуені» ұмыт қалған рухани қабаттарды қайта танып, тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған ғылыми-ағартушылық бастама ретінде мәнге ие болды.
Ел ішінде өткен кездесулердегі жұртшылықтың ықыласы мен рухани әсері мұндай жобалардың қоғамдық маңызын айқын көрсетті. Баба мұрасымен қайта қауышқан қауымның жүзіндегі қуаныш пен толғаныс - тарихи жадтың халық санасында өмір сүріп келе жатқанының көрінісі. Сондықтан Ясауи мұрасын және қазақ даласының өзге де тарихи-рухани тұлғаларының мұрасын ғылыми негізде танытатын осындай ғылыми-ағартушылық жобалардың еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын табуы тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық құндылықтардың ұрпақаралық сабақтастығын қамтамасыз етуге және төл дүниетанымымызды тереңірек танытуға қызмет етері сөзсіз.
«Ясауи керуені» - Түркістаннан басталған сапар ғана емес, тарихи жадтан рухани жаңғыруға, ғылыми танымнан ұлттық санаға бастайтын тағылымды жол.
