Халықаралық ғылыми ынтымақтастық: «Қадыров оқулары» халықаралық конференциясы өтті
Грозный қаласында А.А. Қадыров атындағы Шешен мемлекеттік университетінде 2026 жылдың 24-26 тамыз күндері Шешен Республикасының Тұңғыш Президенті Ахмат-Қажы Қадыровтың 75 жылдығына арналған «Қадыров оқулары» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті. Алқалы жиынға Ресейдің көрнекті ғалымдары мен сарапшыларынан бөлек, әлемнің 10-нан астам елінен (Түркия, Сербия, Иордания, Ирак, Сирия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь Республикасы) өкілдер қатысып, тарихи мұра, рухани сабақтастық пен мемлекеттілік мәселелерін талқылады.
Аталған халықаралық ғылыми мінберде Қазақстан өкілі – Теология докторы, қауымдастырылған профессор м.а., Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Теология факультетінің оқытушысы, Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры Сайфунов Бауыржан Насырдинұлы ғылыми баяндама жасады.
Түркістан топырағынан барған зерттеуші өз баяндамасында «Ахмат-Хаджи Кадыров: Казахстан, суфийская традиция и национальная идентичность» тақырыбын кеңінен толғап, Ахмат-Қажы Қадыровтың өмір жолындағы Қазақстанның тарихи орны, сондай-ақ сопылық дәстүр мен ұлттық бірегейлік тоғысындағы рухани сабақтастық мәселелерін терең ғылыми тұрғыдан талдап берді.
Ғылыми алқалы жиын барысында А.А. Қадыровтың рухани-саяси мұрасы мен қоғамдық қызметінің түрлі аспектілері сөз болды. Конференция аясында Шешен мемлекеттік университетінің ғалымдары әзірлеген «Ахмат-Қажы Қадыров: шешен халқының рухани және саяси көшбасшысы» атты жаңа кітаптың тұсаукесері де өтті.
Бұл халықаралық басқосу бауырлас халықтар арасындағы рухани байланысты жандандырып, тарихи-философиялық зерттеулер аясын кеңейте түсері сөзсіз. Алдағы уақытта Қазақстан мен Шешен Республикасының ғылыми-академиялық ортасы арасындағы серіктестік пен бірлескен зерттеулер ауқымы одан әрі тереңдей беретініне сеніміміз мол.
