shape
shape

Haberler

Blog Image

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ VI ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІ БАСТАЛДЫ

Бүгін оқу орнымызда Түркі мемлекеттерінің VI жазғы мектебі өз жұмысын бастады. Іс-шараны университетіміз, Түрік Ынтымақтастық және Үйлестіру агенттігі (ТИКА), Түркия ғылым академиясы (TÜBA), Түрік тілі қауымдастығы және Халықаралық түркі академиясы ұйымдастырып жатыр.
 
Түркі мемлекеттерінің VI жазғы мектебі екі бағдарлама бойынша өтеді: «Түркология жазғы мектебі» және «Жаңа энергия технологиялары жазғы мектебі». Бір апта көлемінде өтетін жазғы мектепке Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Солтүстік Македония және Албаниядан барлығы 50 студент және 37 оқытушы қатысады.
 
Ресми ашылу салтанатында университетіміздің Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, ректор Жанар Темірбекова, Түркия ғылым академиясының басшысы Музаффер Шекер, Халықаралық түркі академиясының басшысы Шахин Мустафаев, Түрік тілі қауымдастығы басшысы Харун Шахин және өзге де түркі елдерінен келген ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері сөз алып, аталған іс-шараның маңызына тоқталды.
 
«Университетімізде 40-қа жуық түркі халықтарының жастары білім алады. Сондықтан бүгін бастау алған жазғы мектептің дәл біздің оқу орнымызда өтуі бекер емес. Ата жұртымыз Түркістан – түркология ғылымының лабораториясына айналған. Бұл жер бәріміздің ортақ қарашаңырамыз, жазғы мектеп аясында түркі әлемінің құндылықтарын бойларыныңызға сіңіріп, сусындаңыздар. Баршаңызға сәттілік тілейміз!», - деді Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек.
 
Оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова барлық қатысушыларды түркі жұртының тарихи отаны Түркістан қаласында, оның ішінде түркі халықтарының рухани ұстазы Ахмет Ясауи университетінде көргеніне қуанышты екенін жеткізді.
 
«Түркі мемлекеттерінің VI жазғы мектебі екіге бөлінеді. Олар: Түркология және Жаңа энергия технологиялары жазғы мектептері. Қазіргі таңда бұл екі сала түркі әлемі үшін ғана емес, дүниежүзінде маңызға ие болып отыр. Бірі бауырлас елдердің терең тарихы, салт-дәстүрі, құндылықтары, тілі мен мәдениетін танытуға бағытталған. Түркі елдерінің интеграциясы үшін түркологияны толыққанды зерттеуіміз қажет. Жаңа энергия көздерін тауып, заман талабына сай технологиялық әлеуетті көтеруге де баршамыз мүдделіміз. Осы тұрғыдан жазғы мектебіміз нәтижелі болады деп сенеміз», - деді Жанар Темірбекова.
 
Ал Түркия ғылым академиясының басшысы Музаффер Шекер өз сөзінде түркі халықтарының тілі мен мәдениетін дамытудың маңызы туралы баяндады.
 
«Түркі әлемінің келешегі үшін жастардың бір ортада жолығуы, осы жазғы мектепте алған білімдерін өмірлерінде және қызметі барысында пайдалануы өз мемлекеттерімен қатар, барлығымыз үшін маңызды. Қазіргі таңда түркология ғылымын дамыту, әлемдік аренада Түркі дүниесінің беделін көтеру өзекті болып тұр. Әсіресе, тарихымыз бен тіліміздегі проблемаларды шешіп, насихаттау жұмысын жандандыру арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз», - деді Түркия ғылым академиясының басшысы Музаффер Шекер.
 
Айта кетейік, «Түркология жазғы мектебінің» мақсаты – Түркі мемлекеттерінен келген академиктердің басын қосып, түркі әлемінің тарихы, археологиясы, тілі, әдебиеті, мәдениеті және т.б. бағыттар бойынша теориялық және практикалық білімдерін тереңдету. Ғылыми мақала жариялау, презентациялар жасау және зерттеулерге қаражат тарту және өзге де дағдыларын дамытуға үлес қосу. Қатысушылар жұмыс топтарына бөлініп, жазғы мектеп бағдарламасына сай баяндамаларды тыңдайды және академиктермен өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік алады.
 
Түркология жазғы мектебі 5 негізгі бөлімнен тұрады. Олар:
• Түркі әлемі туралы түсінік
• Түркі мемлекеттерінің тарихы
• Түркі әлемі археологиясы
• Түркі әлемінің өнер тарихы
• Түркі тілдерінің және қазіргі түркі тілдерінің жалпы ерекшеліктері.
Бұл бағдарлама қатысушылардың академиялық және мәдени білімін кеңейтуді, түркі мәдениетінің бай мұрасы туралы ақпаратпен және осы білімді болашақ ұрпаққа жеткізу үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етуді көздейді.
 
Ал «Жаңа энергия технологиялары жазғы мектебінің» мақсаты – қатысушыларға энергетикалық технологиялар саласындағы соңғы жетістіктер, қиындықтар мен мүмкіндіктер туралы жан-жақты мәлімет беруге бағытталған. Сондай-ақ, энергия өндірудің маңызды принциптері мен қалыптасқан әдістерін, болашақ энергия қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін инновациялық және тұрақты шешімдерге қызығушылықты ояту.
 
Жазғы мектептің болашағы зор, өйткені оның энергия өндіруге, басқаруға және тұрақтылыққа қатысты жаңа тәсілдерге шабыт беру әлеуеті бар, қатысушыларды болашақ энергетикалық шешімдерді әзірлеуге үлес қосуға ынталандырады.
 
Жаңа энергия технологиялары жазғы мектеп барысында 7 негізгі тақырып бойынша кең көлемді ақпарат қамтылады:
• Энергия тарихы
• Энергия физикасы
• Жаңартылатын энергия көздері
• Сутегі энергиясы және онымен байланысты технологиялар
• Энергияны сақтау жүйелері мен қолданбалары
• Энергияны үнемдеу және тиімділік
• Энергетика және инновация
Қатысушылар энергетика саласындағы инновациялық жобалар мен зерттеулерді жүзеге асыру, жаңа технологияларды әзірлеу және энергетика және инновация мәселелері бойынша білімдерін арттырып, тұрақты энергия шешімдері бойынша ұсыныс-пікірлерін талқылайды.