Оқу орнымыздың Елбасытанушы профессоры

Жақында университет профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасының кітапханасы және қоры атынан Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмуд Қасымбековтен Алғыс хат алды. «Құрметті Садықов Сейдулла!»,-делінген Алғыс хатта. – Сізге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы және Қоры Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасындағы «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» Республикалық конкурсына қатысқаныңыз үшін алғыс беріледі және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, деніңізге саулық, шығармашылық табыс, отбасыңызға бақ-береке тілейміз!»

Университет профессоры журналист-ғалым С.Садықовтың ғылыми-публицистикалық шығармашылығының негізгі тақырыбы – қазақ халқының идентификациялануы, әлемдік дамуда ұлттық бәсекелестікке қабілеттілігі мен ұлттық бірегейлікке ұмтылысы, ұлт мүддесінен өрнектелген ұлттық рух, Қазақстан Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі абырой-беделі, туған халқына сіңіріп отырған еңбегі, Тәуелсіз қазақ елінің өсіп-өркендеу жолы, жарқын болашағы, ұлтымыздың сан-қырлы көкейкесті өзекті мәселелері.

2015 жылы автордың Қазақстан Президенті – Елбасы туралы жазылған «Ұлы дала генераторы» атты кітабы жарық көрген болатын. Қаламгер бұл еңбегі үшін Президент Әкімшілігі мен Елбасының алғысы мен тілектестігін жеткізген арнайы хат алған еді. Аталмыш кітап Президент кітапханасының сөресінде тұр. Елбасы жөніндегі бұл кітапта Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ежелгі Түркістанның өсіп-өркендеуін әрдайым басты назарда ұстайтыны, Түркістан мемлекеттік университетін ашу жөніндегі идеяны тұңғыш өзі көтеріп, Жарлыққа қол қойғаны, Халықаралық қазақ-түрік университетіне жасап отырған қамқорлығы да кеңінен әңгімеленеді.

Тәуелсіздік жаршысы һәм Елбасытанушы С.Садықов Елбасының кітапханасы мен қорының журналистерге арналған «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» конкурсына оннан астам мақаласын ұсынған болатын. Журналист-ғалымның байқау шартына толық жауап беретін мақалалары республикалық «Ақиқат» және «Қазақстанның жоғары мектебі» журналдарында, Республикалық «Қазақ үні», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Қостанай таңы» газеттерінде, өзге де басылымдарда жарияланып, байқауға ұсынылған «Қазақ елі Тәуелсіздік қарсаңында және Нұрсұлтан Назарбаев», «Ұлттық мемлекеттік құрылым мәселелері және Президент Нұрсұлтан Назарбаев моделі», «Ұлттық идентификация мен ұлттық бірегейлік мәселелері және жалпыұлттық идея», «Жасампаздық белестері», «Жарқын болашаққа бастайтын жол», «Ұлы Дала тарихы- жас ұрпақ тәрбиесінің өзегі», тағы басқа мақалалары өзектілігімен назар аударады.

– Конкурста жүлделі орынға ие бола алмағаныма несіне қапаланайын,-дейді публицист-ғалым. – Мұны ресми Астанадағы комиссия шешеді ғой. Дегенмен де шалғайдағы рухани астанамыз қасиетті Түркістан қаласындағы білім ордасында еліме, туған халқыма қызмет етіп, қаламымның қарымын таныта беруді Азаматтық борышым деп білемін!…

С.Садықов Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларының тұрақты насихатшысы. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалының «Үздік насихатшы» номинациясы бойынша Алғыс хаттары мен арнаулы сыйлықтарымен марапатталған.

Ол 2015 жылы сәуірде өткен Президент сайлауы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сенім білдірілген өкілі міндетін атқарып, Түркістан қалалық аумақтық сайлаушыларының арасында зор белсенділік танытты.

С.Садықов «Нұр Отан» партиясының, университет «Ардагерлер кеңесі» мен «Сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес» ұйымдарының мүшесі.

Б. Сердәлі
ф.ғ.к., профессор.

Напишите свой вопрос

 

    ×