ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГЕОГРАФИЯ КОНГРЕСІ: ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫС ӨТТІ

  • 19.04.2024
  • KZ

image

Университетімізде өтіп жатқан Түркі әлемінің бірінші Халықаралық география конгресінің екінші күні Пленарлық отырыстың ашылу салтанатынан бастау алды.

Жиын шымылдығы университетіміздің ректоры Жанар Темірбекованың құттықтау тілегімен түрілді.

«Бүгін сіздермен Түркі әлемінің бірінші Халықаралық география конгресінде бас қосқанымызға қуаныштымыз!

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының Х Саммитінде Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдегені баршаңызға мәлім. Ал, География ғылымы Мемлекет басшысының осы идеясын іске асыруға және тамыры тереңнен тоғысатын түркі әлемінің өткені мен бүгінінің көптеген сырларын ашуда шешуші рөл атқарады деп сенеміз.

Біздің конгресс – академиялық идеялар мен ғылыми жаңалықтар алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар әртүрлі мәдени және ұлттық дәстүрлер тоғысатын орынға айналады деп сенеміз. Тың зерттеулер мен жаңа жобаларға түрткі болып,  түркі әлемі, оның тарихы, мәдениеті, тілдері мен географиялық таралуы туралы түсінігімізді тереңдету мүмкіндік береді деп ойлаймыз»,-деді Жанар Темірбекова. 

Келесі кезекте, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын оқып берді.

«Жасыл экономика, жаһандық экологияға байланысты халықаралық деңгейде, қазіргі заманның өзекті тақырыптарға әртүрлі концепциялар әзірленгенін ескере отырып, география пәнін ғылыми бағытында дамуына өте маңызды ерекше көңіл аударуымыз қажет.

Бұл расында да, тек Қазақстан үшін емес, күллі әлем үлкен үмітпен қарайтын жаңа дәуір қарсаңында дер кезінде айтылған сөз. Тәуелсіз Қазақстан дүниеге меймандос, бейбітшіліктің жаршысы, өркениетке құштар әрі жаңғыруға бейім мемлекет болып танылды. Дегенмен даму бір орнында тұрмасы хақ. Білім мен ғылым ажырамас бір бөлік екені ақиқат. Осы тұрғыдан алып қарағанда Сіздердің бүгінгі «Түркі әлемі бірінші Халықаралық география конгресі» ғылыми-практикалық шара аясында еліміздің дамуына аса қажетті,  келелі мәселелер жөніндегі зерделі толғамдарыңызды ортаға салып, ой бөлісіп, тың әрі тиімді тәжірибелеріңізбен алмасатындарыңызға кәміл сенеміз»,-делінген құттықтау хатта.

Сондай-ақ, жиында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Басқарма төрағасы - ректоры Жансейіт Түймебаевтың атынан құттықтау тілек пен арнайы алғыс хаттарын оқу орданың өкілдері жеткізді.

Жансейіт Түймебаев атынан педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ұлжалғас Есназарованы 70 жас мерейтойымен құттықтап, білікті географ, білім беру ісінің үздігі, ғалым, ұстаз ретінде атқарған абыройлы еңбегі үшін арнайы төсбелгі мен алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, университетіміздің ректоры Жанар Темірбековаға Түркі әлемінің бірінші Халықаралық география конгресін жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Ашылу салтанатынан соң, пленарлық отырыс баяндамашыларына кезек берілді. Ең бірінші, Стамбул техникалық университетінен келген ғалым Ержан Кахия «Түркияда су ресурстарын басқару» атты баяндамасын оқыды. 

Жиында Биіктік белдеуі жағдайында ауыл шаруашылығының аумақтық жүйелерін қалыптастыру және трансформациялау ерекшеліктері; Орман және шөлді аймақтардың геожүйелері және олардың рекреациялық ресурстары; Өңірлік климаттың өзгеруі және оның болашақ әсері: Қазақстан мысалы; Түрікменстан мен Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік салалардағы байланыстары сияқты өзге де маңызды тақырыптарда баяндамалар оқылды.

Айта кетейік, пленарлық отырыс аясында «Түркі тілдес елдер географиясы» оқулығының 4-ші басылымының тұсаукесері өтті. Жиын секциялық отырыстармен жалғасын табады.