shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

Қ.А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ СИМПОЗИУМ ӨТТІ

 Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Мәуереннахрдан Анадолыға дейінгі ислам ғұламалары: Білім мен хикметтің тоғысындағы Түркістан» атты III халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Халықаралық ғылыми жиын университеттің Теология факультеті, Анкара Йылдырым Баязит университетінің Теология факультеті және Хадис тарихы қауымдастығының бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Симпозиумға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Бангладеш, АҚШ, Албания, Иордания, Болгария, Тунис және Ливия елдерінен теология, дінтану, философия, тарих және гуманитарлық ғылымдар саласының ғалымдары қатысып, ортақ ғылыми мұраны зерттеу бағытында пікір алмасты.

 Ғылыми басқосуда ислам өркениетінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ғұламалардың мұрасы, Түркістанның рухани-тарихи орны, Мәуереннахр мен Анадолы арасындағы зияткерлік сабақтастық, сондай-ақ түркі-ислам дүниесіндегі білім мен хикмет дәстүрінің маңызы кеңінен талқыланды. Пленарлық отырыста Досай Кенжетай, Айгүн Йылмаз Узунөз, Окан Узунөз, Хатиже Төксөз, Фериде Камалова, Мехмет Саит Топрак, Армаған Атар, Мехмет Эмин Өзафшар және өзге де ғалымдар ғылыми баяндамаларын ұсынды.

Симпозиум бағдарламасы аясында офлайн форматта алты, онлайн форматта бес секциялық отырыс ұйымдастырылды. Секцияларда Қожа Ахмет Ясауидің хикмет ілімі мен рухани-философиялық мұрасы, Мәуереннахр мен Түркістандағы хадис және тәпсір дәстүрлері, матуридилік дүниетаным, ханафи фиқһ мектебі, сопылық әдебиет, тіл, білім беру және ахлақ мәселелері қарастырылды. Ғалымдар тарихи-мәдени мұраны қазіргі ғылыми ізденістермен сабақтастыра отырып, түркі-ислам өркениетінің рухани және зияткерлік негіздерін тереңірек зерделеуге мүмкіндік алды.

Симпозиум аясында 80-ге жуық ғылыми баяндама ұсынылып, халықаралық деңгейде мазмұнды пікір алмасу өрбіді. Баяндамалар мен ғылыми талқылаулар ортақ өркениеттік мұраны кешенді зерттеуге, ислам ғұламаларының еңбектерін жаңа ғылыми қырынан тануға және осы бағыттағы академиялық ынтымақтастықты дамытуға жол ашты.

Халықаралық симпозиумның Түркістанда өтуі қаланың түркі-ислам өркениетіндегі тарихи және рухани маңызын ғылыми тұрғыдан кеңінен танытуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын халықаралық ғылыми кеңістікте насихаттау, жас зерттеушілердің ізденістеріне серпін беру және шетелдік ғылыми орталықтармен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы бастамалардың маңызын айқындады.

Теология факультеті үшін осындай халықаралық ғылыми алаңдарды ұйымдастыру – отандық және шетелдік ғалымдардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасап, ғылыми-зерттеу байланыстарын дамытуға және түркі-ислам өркениетінің бай мұрасын терең зерделеуге бағытталған маңызды қадам.