Академиялық ұтқырлық: Бұхара мемлекеттік медицина институтымен ынтымақтастық нығайтылды
2026 жылғы 9–21 қараша аралығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру факультетінің «Арнайы хирургиялық пәндер» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Өзбекстан Республикасының Бұхара қаласындағы Әбу Әли ибн Сино атындағы Бұхара мемлекеттік медицина институтына іссапармен барды.
Делегация құрамына «Арнайы хирургиялық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, PhD Ерназаров А.А., медицина ғылымдарының докторы, профессор Оспанова С.А., медицина ғылымдарының докторлары Байдыбеков М.У. және Баймағамбетов А.К., сондай-ақ оқытушылар Амантуров О.Б., Арсланов Т.М. және Ақылбеков Н.М. кірді.
Университет делегациясын қабылдаушы тараптан Жалпы хирургия кафедрасының ұжымы кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Б.Б. Сафоевтің жетекшілігімен қарсы алды.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасының алғашқы күнінде кафедра қызметкерлері институттың білім алушыларымен кездесіп, тәжірибелік маңызы бар тақырыптар бойынша дәрістер өткізді. Атап айтқанда:
- Ерназаров А.А. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қызметімен таныстырып, Қазақстанның білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан инновациялар туралы баяндады;
- Оспанова С.А. оториноларингология саласында «Сургитрон» аппаратын қолдану мүмкіндіктеріне тоқталды;
- Байдыбеков М.У. урология саласындағы заманауи жетістіктер мен жаңа емдеу тәсілдері туралы дәріс оқыды.
Сапардың екінші күні делегация мүшелері институттың симуляциялық орталығының жұмысымен танысты. Орталықта медициналық білім алушылардың практикалық дағдыларын қалыптастыру үшін пайдаланылатын муляждар, тренажерлер және заманауи симуляциялық жабдықтар көрсетілді. Тараптар симуляциялық оқытуды ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісіп, оны медициналық білім беру үдерісінде тиімді қолдану мәселелерін талқылады.
Бағдарламаның келесі күндері университет өкілдері хирургиялық бөлімшелердің жұмысымен танысып, науқастарды аралауға қатысты. Клиникалық тәжірибе барысында күрделі жағдайлар талқыланып, диагностика мен емдеу тактикасы бойынша кәсіби пікір алмасу жүргізілді.
Сонымен қатар, профессор Б.Б. Сафоев өзі патенттеген инновациялық медициналық аппараттарды таныстырып, олардың құрылымы, қолданылу ерекшеліктері және клиникалық тәжірибедегі тиімділігі туралы ақпарат берді.
Сапардың қорытынды күні екі кафедраның меңгерушілері кездесу өткізіп, алдыңғы жылы бекітілген бірлескен жоспар аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін талқылады. Тараптар жүзеге асырылған іс-шараларға оң баға беріп, алдағы кезеңде:
- бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу;
- профессор-оқытушылар мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын жалғастыру;
- клиникалық тәжірибе алмасу;
- бірлескен дәрістер, семинарлар және ғылыми-практикалық іс-шаралар өткізу;
- медициналық білім беру және симуляциялық оқыту бағытындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде уағдаласты.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы екі жоғары оқу орны арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, медициналық білім беру, ғылым және клиникалық тәжірибе салаларындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.
Диплом тапсыру салтанатына шақырамыз
ҚАЗАҚСТАН МЕЙІРГЕР ІСІ МАМАНДАРЫНЫҢ IV СЪЕЗІНІҢ МАТЕРИАЛДАРЫ «БІЛІМГЕ ИНВЕСТИЦИЯ – МЕЙІРГЕР ІСІНІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫ»
2024-2029 жж Даму бағдарламасы бойынша 2026 жарты жылдық есебі 