«Ақпараттық қауіпсіздік негіздері: веб-қосымшалардағы осал тұстар мен шешімдер» тақырыбында семинар өтті
2025 жылғы 21 қазан күні Компьютерлік инженерия кафедрасында «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері: веб-қосымшалардағы осал тұстар мен шешімдер» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Семинарды кафедраның аға оқытушысы Баймурзаев Боранбек Оралбекұлы ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – веб-қосымшалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қазіргі киберқауіптерге қарсы іс-қимыл тәсілдерін түсіндіру және студенттердің ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру болды.
Семинарға п.ғ.к., доцент Г.Ж. Ниязова, кафедра меңгерушісі, PhD, аға оқытушы А.Н. Аманов, Microsoft компаниясының аға бағдарламашысы Асқарбаев Ерғали, магистр-оқытушылар Абен Арыпжан және Сердалие Ерлан, сондай-ақ кафедраның оқытушылары мен студенттері қатысты.
Баяндамалар барысында қатысушылар веб-қосымшалардағы жиі кездесетін осал тұстар мен оларды жою жолдарын талқылады.
Атап айтқанда, SQL Injection, Cross-Site Scripting (XSS) және Cross-Site Request Forgery (CSRF) сияқты шабуыл түрлері егжей-тегжейлі қарастырылды.
Microsoft компаниясының өкілі Асқарбаев Ерғали халықаралық тәжірибе негізінде OWASP стандарты, қауіпсіз код жазу мәдениеті және бағдарламалық өнімдерді тексеру тәсілдері туралы баяндама жасады.
Ал магистр, оқытушылар А. Арыпжан мен С. Ерлан сервер мен клиент арасындағы қауіпсіз деректер алмасу, шифрлау алгоритмдері және автоматтандырылған қауіпсіздік тестілеу құралдары жөнінде тәжірибелік мысалдар келтірді.
Семинар барысында қатысушылар мен студенттер белсенді түрде сұрақтар қойып, пікір алмасты.
Көтерілген сұрақтар веб-қосымшалардағы қорғаныс тәсілдері, шифрлау механизмдері, қауіпсіз код жазу және инциденттерге әрекет ету жолдарына қатысты болды.
Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандар даярлауда білім беру бағдарламаларының рөлін күшейту мәселелері де талқыланды.