Этностар арасындағы ынтымақтастық: елдің даму кеңістігіндегі рөлі
Бүгін университетімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Этностар арасындағы ынтымақтастық: елдің даму кеңістігіндегі рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны Экономика, басқару және құқық факультетінің халықаралық қатынастар кафедрасы ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – Қазақстандағы этностар арасындағы ынтымақтастықтың маңызын талқылау және оның елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси дамуына тигізетін әсерін анықтау.
Шараға университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов және Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, ғалымдар, университет оқытушылары және студенттер қатысты.
«Жаһандық өзгерістер жағдайында этносаралық ынтымақтастықтың рөлі күн санап артып келеді. Қазақстан – көпэтносты қоғам, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға маңызды үлес қосатын ұйым. Біздің университет те осы миссияға өз үлесін қосады. Біздің университетімізде 40-тан астам ұлт өкілі білім алады. Оқу ордамыз түркітілдес халықтарды біріктіруде үлкен маңызға ие. Облысымыз да демография, халық саны жөнінен маңызды аймаққа жатады. Сондықтан осы жиында этносаралық әдемі мәдениетті әрі қарай дамыту үшін тағы не істей аламыз деген сұраққа жауап іздеуге жиналдық. Біздің еліміз адам ресурсына бай, осыны ұстап қалуымыз керек», - деді ректор Жанар Темірбекова.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық келісімді сақтаудағы рөлі туралы баяндама жасады. Ал Өзбек этномәдени бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов қазақстандық патриотизм мен біртұтастықты нығайтудағы Ассамблеяның маңызына тоқталды.
Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында Түркістан облысының дін істері басқармасы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» директоры Медет Халықов конфессияаралық келісімнің мемлекет тұрақтылығына әсері туралы ақпарат берсе, университетіміздің саяси ғылымдар кандидаты Әлия Нысанбаева Ассамблеяның халықтар достығы мен татулығын қамтамасыз етудегі зерттеуі туралы айтып берді.
Шарада өзге де қатысушыларға сөз беріліп, этносаралық татулық пен ынтымақтастықтың маңызы туралы пікір алмасумен аяқталды.