Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бір топ оқытушылары мен университетке қатысы жоқ тұлғалардың арызына жоғары оқу орнының ресми жауабы:
09.07.2024
KZ
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бір топ оқытушылары мен университетке қатысы жоқ тұлғалардың арызына жоғары оқу орнының ресми жауабы:
Бұл арыз медиада жарияланған уақыттан бастап, жан-жақты тексеру мен талдау жұмыстары жүргізілді және университетіміздің заңгерлері төмендегі мәселелерді анықтады:
- арызда жалпы 46 адамның аты-жөні жазылған, алайда олардың ішінде 3 профессордың қолы қойылмаған.
- арызда аты-жөні жазылса да, қол коюдан бас тартқан 3 профессор бұл арызда аты-жөні тұрғанына қатты наразы екенін білдірді. Әсіресе, жыл басында осыған ұқсас арызға алданып, қол қойған профессор ағай, арыз ұйымдастырушылардың бұл әдепсіз әрекетін қайталағаны үшін қатты қапа екенін мәлімдеді.
- арызда аты-жөні және қолы тұрған кейбір қызметкерлер (қазірге дейін 2 адам анықталды), өз орнына өзге тұлғалардың қол қойғанын хабарлады, сондықтан бұл заң бұзу ісі бойынша зардап шеккен қызметкерлерге тиісті органдарға жүгіну үшін құқықтық көмек көрсетіледі;
- арызға өздері қол қойған 41 адамның қатарында қазіргі таңда университетке еш қатысы жоқ тұлғалардың бар екеніне (6 адам) назар аударуды сұраймыз. Оқу орнында қызмет істемейтін азаматтардың университетте атқарылып жатқан жұмыстар туралы толық хабары бар екеніне күмәнмен қараймыз және олардың арыздануын орынсыз деп санаймыз.
- жоғарыда атап өткендей, арызда жалпы 46 адамның аты-жөні жазылған, алайда, олардың ішінде 3 адамның қол қоймағаны, 2 адамның қолы жалған екені, 6 адамның университетімізде қызмет атқармайтынынын есепке алсақ, бұл арызға университетіміздің 35 қызметкері қол қойды деп қорытындылаймыз.
-арызға қол қойған университеттің 35 қызметкерінің басым көпшілігі (қазіргі таңда анықталған 22 адам немесе 60 % -дан астамы) арызды өздері жазбағанын, арызды толық оқымағанын, тек қана бір мәселе бойынша ғана талаптарын жеткізу үшін бұл хатқа қол қойғанын (арыздың төртінші пунктіндегі «сауықтыру ақысына» байланысты талапқа төменде толығырақ тоқталамыз), арыздағы келтірілген мәселелер бойынша ешқандай дәлелдері жоқ екенін және ондай дәлелдерді көрмегенін, сондай-ақ бұл хатты медиаға шығаруға рұқсат бермегенін, өздерінің алданып қалғанын, бұл арызға қол қойғандары үшін қатты өкінгендерін мәлімдеді;
- қазірге дейін 1 адам ғана арызбен толық танысып қол қойғанын мәлімдеді, бірақ қолында ешқандай дәлелі жоқ екенін, дәлелді көрмегенін, бірақ қол қойғызған екі адамның дәлелдері барына сенетінін атап өтті.
- ал арызға қол қойған университеттің қалған 14 қызметкері бұл арызға байланысты өздерінің позицияларын әлі нақтылаған жоқ, кезекті еңбек демалысында болғаны үшін олардан әлі жауап күтіп отырмыз;
- арыздың тақырыбы - «Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ардагерлері, оқытушы-профессорлар құрамы мен жастары оқу ордасының ректоры Ж.Темірбекованың іс-әрекетіне шағымданып, Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады», - деп басталғанмен, бұл арызға қол қойған 1 ғана ардагер анықталды, ал қол қойған жастардың барлығы жоғарыда айтылған 1 мәселе -сауықтыру бойынша хатқа қол қойғанын мәлімдеді;
- арызда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «кішкентай ғана ұжым» деп сипаттауы екі мыңнан аса адам қызмет етіп жатқан ірі халықаралық ұйымға саналы түрде құрмет көрсетпеу деп бағалаймыз.
Жалпы осы арыздардың барлығын ұйымдастырып, негізсіз айыптаулармен әртүрлі мемлекеттік органдарға жүгініп, университетте жұмыс істемейтін адамдарға қол қойдырып, университет ректоры Ж.Темірбекованы жұмыстан кетіру мақсатын көздеп, шындыққа сай келмейтін арыз-шағымдар беріп отырған арызқойлардың бірі – университеттің бұрынғы шаруашылық істерге жауапты вице-ректоры болған Н.Батырбаев есімді азамат.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Н.Батырбаевтың университет ректоры Ж.Темірбековамен жауласуының басты себебі, оның 2022 жылдың 9 сәуірінде еңбек шартының аяқталуына байланысты жұмыстан босатылуымен тікелей байланысты болып отыр. Н.Батырбаев шаруашылық мәселелер жөніндегі вице-ректор лауазымынан босатылғаннан кейін, жұмыс берушінің шешімімен келіспей, 2022 жылдың 11 сәуірінде сотқа талап-арызбен жүгінген. Түркістан қалалық сотының заңсыз шешімімен, 2022 жылдың 1 тамызында Н.Батырбаев жұмысына қайта орналасқан. (Сол кезде де осы сынды арызды қолдан ұйымдастырып, әлеуметтік желіде үлкен талқыға себеп болған еді, ол кезде де әрбір пункт үшін жауап берілген еді. Сілтемесі:
Алайда, 2022 жылғы 14 қарашада Түркістан облысы апелляциялық алқа сотының қаулысымен бірінші саты сотының шешімі күшін жойып, Н.Батырбаев жұмыстан босатылған. Сол уақыттан бастап Н.Батырбаев Ж.Темірбековаға қатысты әртүрлі мемлекеттік органдарға жалған арыз шағымдар жазумен айналысып келеді. Тек соңғы бір жылдың ішінде Түркістан облысының прокуратурасына, ҚР Бас прокуратурасына, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігіне, премьер-министрдің орынбасары Тамара Босымбекқызы Дүйсеноваға шындыққа жанаспайтын мәліметтерді көрсете отырып, шағым жіберген. Сондай-ақ, Батырбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атына, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Арқабайұлы Дадебайға осыған ұқсас шындыққа жанаспайтын айыптаулармен шағымдар жолдаған. Соңғы жеті айдың ішінде 7 (жеті) арыз-шағым. Бұл негізсіз арыз-шағымдар бойынша Н.Батырбаев барлық мемлекеттік органдардан ресми жауап алған және жауаппен келіспеген жағдайда, сотқа жүгінуге құқы бар екені ескертілген. Алайда, заң ғылымдарының кандидаты, яғни құқықтық сауаты бар Н.Батырбаев сотқа шағым келтірудің орнына, қолдан арыз ұйымдастыруын жалғастырып отыр. Себебі, қолында ешбір дәлелі жоқ. Мақсаты – шындықты іздеу емес, ректор Ж.Темірбекованың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіру.
Н.Батырбаевқа қатысты тағы бір айта кететін жайт - 2022 жылдың 6 қыркүйегіндегі №17-3-13/3693-И шығыс нөмірімен тіркелген №225100131000030 қылмыстық ісі бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұсынысы негізінде Антикор арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп, ҚР ҚПК-нің 60, 200-бабының талаптарын басшылыққа алып, университеттің вице-ректоры болып қызмет атқарған Н. Батырбаевқа қатысты қатаң шара қолданып көруді (жұмыстан шығару мәселесін қарауды) ұсынған еді.
Ендігі кезекте арызда көрсетілген мәселелерге тоқталатын болсақ:
Арызда көрсетілген бірінші мәселе – «Экология» ҒЗИ А.Ж. Ақбасованы қудалауды» деген мәлімдеме шындыққа жанаспайды. Онымен университет басшылығы арасында еңбек дауына байланысты бұрын-соңды ешқандай келіспеушіліктер болған емес. Ол кісіні жұмыстан шығару үшін қудалауға қандай да бір негіз жоқ. Себебі, ол көп жылдардан бері – онсызда зейнет жасындағы адам, жасы 79-да. Бұған дейін А.Ақбасовамен еңбек шарты жыл сайын оның еңбек қабілеті ескеріле отырып, ұзартылып келген. Еңбек шарты мерзімінің аяқталуына небәрі 2 ай уақыт қана қалған.
Жұмыс беруші зейнет жасындағы жұмыскермен еңбек шартының мерзімі аяқталуына байланысты еңбек шартын бұзуға құқылы. Оның үстіне, соңғы 3 жылда Экология ҒЗИ ешқандай гранттық жоба алмады. 2021 жылы бұл институттың соңғы коммерцияландыру жобасы аяқталды және аталған жобаның постреализация кезеңін әрең орындап жүр. Осыған орай, А.Ақбасованың еңбек қабілеті мен денсаулық жағдайын және т.б. ескере отырып, ол басқарып отырған «Экология» ҒЗИ лауазымы орнына ағымдағы жылдың тамыз айында конкурс өткізу туралы хабарлама берілген болатын.
Алайда, А.Ақбасова қызмет орнына конкурс жарияланғанын естіп, өз орнынан айырылып қалу қаупін түсініп, бұған ректор Ж.Темірбекованы кінәлап, арыз-шағымдар жазуды бастап кетті.
Қазіргі кезде А.Ақбасованың орындап жүрген шаруашылық келісімшарттық жобаларға келетін болсақ, университеттің 2023 жылғы 2 қазанындағы ЖН-СМЖ-035-2023 «Университетке қосымша табыс табу және коммерциялық жұмыстарды ұйымдастыру» нұсқаулығының 7-тарауында көрсетілген коммерциялық жобаны орындау, ақылы қызмет және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді жүзеге асыру процесстері осыларға байланысты, қажетті құжаттардың тізімі, құжаттарға қойылатын талаптар анықталып келтірілген болатын. Алайда, А.Ақбасова басшылыққа ұсынған құжаттарын бұл талаптарға сәйкес рәсімдемей, құжаттарды толық ұсынбаған. Сол себепті құжаттары талапқа сай толықтыру үшін қайтарылған еді. Бірақ, А.Ақбасова құжаттарды талапқа сәйкес жөндеп толықтырып ұсынудың орнына, басшылықпен дауласып, «құжаттарды оқымай, қол қойып беруді» талап еткен. Әрине, университет әкімшілігі бұған жол бере алмайды. Себебі, аталған жағдайлардың алдында А.Ақбасова өзі қол қойып басшылыққа ұсынған құжаттарында (келісімшарт) тексерілмеген мәліметтер және университет мүддесінеқайшы бабтардың болғаны анықталған еді.
Бұдан бөлек, А.Ақбасова тікелей басқаратын «Экология» ҒЗИ-да оның туған қызы Г.Саинованың бас ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істегені анықталған. Сондай-ақ, Г.Саинованың Алматы қаласында тұратыны және жұмысқа келмейтіні туралы ақпарат келіп түсті. Аталған ақпаратқа сәйкес, 2024 жылғы 4 маусымда сағат 14:40-та Ғылым департаменті, Адам ресурстарын басқару бөлімі және Заң бөлімінің қызметкерлері Экология ҒЗИ Бас ғылыми қызметкері – Г.Саинованың жұмыс орнында жоқ екенін және сағат 17:45-те аталған ҒЗИ-дың сыртқы есігінің жабық тұрғанын және институтта ешкімнің жұмыс орнында болмағанын анықтап, акті түзді. Ал, 5 маусымда Ішкі қауіпсіздік департаменті қызметкерлері Г.Саинованың жұмыс орнында болмауына байланысты екінші акті түзді.
Содан кейін, Г.Саинова «Жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ)» диагнозымен Алматы қаласында рәсімделген еңбекке жарамсыз парақты ұсынды.
Бірақ, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы №ҚР ДСМ-198/2020 «Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 28 пунктіне сәйкес, «Басқа қалада тұратын адамдарға еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және анықтамасы олардың уақытша келген жерінде ресімделеді және тиісті медициналық ұйым басшысының келісімі бойынша беріледі. Көрсетілген еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын ұзарту еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын ашқан медициналық ұйымның ДКК қорытындысы болған жағдайда, тұрақты мекенжайы бойынша жүргізіледі» деп нақтыланған.
Осы бұйрықты ескере отырып, «Г.Саинова тұрақты түрде Түркістан қаласында орналасқан Экология ҒЗИ-да қызметте болса, Алматы қаласынан еңбекке жарамсыздық парағын қалай рәсімдеді?» - деген сұрақ туындады. Сол себепті, А.Ақбасованың қызы Г.Саиноваға қатысты мүдделер қақтығысы орын алуы бойынша күмән туындап, қазіргі таңда тиісті ішкі тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Экология ҒЗИ-дің шығындары оның ішінде қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық шығындар және жалпы институттың қаржы-шаруашылық қызметі университет тарапынан қаржыландырылады. Яғни, аталған институтта қазіргі таңда 14 штаттық бірлікте ғылыми қызметкерлер жұмыс жасайды және институттың инфрақұрылымы жоғары деңгейде жасақталған. Бірақ, соңғы 3 жыл көлемінде «Экология» ғылыми-зерттеу институтында ешқандай республикалық немесе халықаралық жобалар жүзеге асырылмады және Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылатын гранттық жобалар бойынша да нәтиже жоқ. Тек қана келісімшарттық негізде жобалар жүргізілген. Бұл келісімшарттық жобалардың жетекшісі А.Ақбасова немесе оның қызы Г.Саинова болып, келісімшартта көзделген еңбекақы үшін бөлінетін қаржыны институттағы барлық ұжым мүшелеріне қосқан үлесіне сәйкес бөліп бермей, негізінен өздеріне ғана бөліп алатыны туралы да ақпарат жетті. Сонымен қатар, «Экология» ҒЗИ қызметкерлерінің жалақыларының төмен екені туралы ректордың атына жазған хаты негізінде, арнайы жүргізілген тексеру барысында келесідей фактілер анықталды: бұл екі қызметкер шаруашылық жобалардың жалақыға бөлінген қаржының кемі 40%-ын, кейбір жобаларда 60%-ға дейін өздері ғана алып отырған. Бұл фактілер анықталғаннан кейін институт директорынан шаруашылық келісімшарт бойынша төленетін ақының барлық қызметкерлерге әділетті түрде бөлінуі талап етілген.
«Экология» ҒЗИ-ы қызметкерлері Тастамбек Қуаныш пен Қосалбаев Бекжанға қатысты:
Университетімізде 2022 жылғы қыркүйек айынан бастап постдокторантура бағдарламасы ашылды. Постдокторантура бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мен ғылымды өндіріспен біріктіруге бағытталған ғылыми тақырыптар мен жобалар бойынша перспективалық ғылыми зерттеулер жүргізу үшін конкурстық негізде жоғары білікті және бәсекеге қабілетті зерттеушілерді қалыптастыру, дарынды жас ғалымдарды университетке тарту осы талаптарға сай, қазіргі кезде екі постдокторант қабылданған.
Қ.Тастамбек 2022 жылғы 1 қыркүйекте, ал Б.Қосалбаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте конкурстық комиссияның шешімімен қабылданды. Екі постдокторант та «Экология» ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқарады және келісімшарт жасалған кезде оларға қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндік берілген, осы бойынша ректордың арнайы өкімі шыққан. Қашықтықтан жұмыс жасайтын қызметкерлерге тебельге 8 сағат жазу еш қашан міндеттелген емес.
Университеттің УЕ-ХҚТУ-100-2022 Постдокторантура бағдарламасының ережесі бойынша, Постдокторант жылына Scopus деректер базасында кемінде 25 процентиль немесе WoS деректер базасында кемінде Q3 болатын 2 ғылыми мақала жариялауға міндетті. Аталған постдокторанттардың ғылыми зерттеулері бойынша ғылыми нәтижелері бар және ережеде көрсетілген талаптар артығымен орындалып жатыр. Мысалы, 2023-2024 оқу жылында постдокторанттар Тастамбек Қуаныш 10 мақала (оның ішінде 9 мақала Q1, 1 мақала Q2), Қосалбаев Бекжан 8 мақала (оның ішінде 6 мақала Q1 және 2 мақала Q3) жалпы 18 мақала жариялап, негізгі міндеттемеден 4 есе көп жарияланым шығарған. Демек, постдокторанттар университетке жұмыс тиімділігін еселеп көрсетіп отыр.
Ал, олардың басқа жерде жұмыс істеуі туралы ақпарат бізде жоқ. Дегенмен осы арызға қатысты постдоктранттардан түсініктеме сұратылды. Бұл іс-шаралар барысында постдокторанттардың мәлімдеуінше, А.Ақбасова тарапынан ғылыми этиканы бұзған жағдайлар орын алғаны белгілі болды.
Университеттің кадр мәселесіне келетін болсақ, «өлі жандар» деген мәлімдеме негізсіз және жала жабу деп білеміз. Мысалы, А.Ошибаеваның жұбайы деп көрсетілген А.Ошибаев арызда көрсетілген кафедрада ешқашан жұмыс істемеген және ол үшін ешқандай жалақы алмаған. Жаратылыстану институтының директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Нұғман Аралбайға қатысты жазылған айыптаулардың да еш негізі жоқ. Нұғман Аралбайдың жетекшілігімен және 29 ғалымның қатысуымен республика деңгейінде «Асыл ағаш, асыл шөп: Қазақстан флорасының жетекші тұғымдастары» (табиғат зерттеушілердің, фермердің, аграномның, орманшының жұмыс кітабы) атты 15 томдық өте маңызды жоба жүріп жатыр, оны барлық ғалымдарымыз жақсы біледі. Қазіргі таңда Сенат мәжілісімен 13 кітап баспаға ұсынуға мақұлданып, университеттің «Тұран» баспасынан 6 кітабы жарыққа шығып 7 кітап редакциялық өңдеуде. Бұл жоба бойынша жарыққа шыққан кітаптардың тұсаукесерлері халықаралық конференцияларда көпшілікке ұсынылған болатын.
Сонымен қатар, Р.Аман, Т. Мәуленқұл және А.Асан деген қызметкерлер – шетелде білім алған, докторантура бітірген, біліктілігі өте жоғары мамандар, олардың бәрі толық емес штатқа өз қызметтерін (0,5/0,25) атқарған және оларға қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндік берілген. Жалпы бұл жас ғалымдар тек қана университетіміз емес, қазақстандық ғылымның дамуына үлкен үлес қосатын, болашағы зор жастар деп сенеміз.
Жалпы, бұған дейін осыған ұқсас мәселелер бойынша жазылған арыздарға қатысты Еңбек инспекциясы бірнеше рет тексеру жүргізген және бұл мәселеге байланысты ешқандай заң бұзу істері немесе заңсыздық анықталмаған. Егер университетте арызданушылар атап өткен «өлі жандар» расымен болған жағдайда тиісті құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылар еді. Бұл мәселе бойынша да Н.Батырбаев бірнеше рет құқық қорғау органдары мен бақылау органдарына арызданған. Алайда, аталған мемлекеттік органдар тарапынан қаншама тексерулер болса да, бұл мәселе бойынша ешқандай құқық бұзушылықтар анықталған емес.
Арыздағы екінші мәселе бойынша: Н.Батырбаев әрбір арыз-шағымында жауапты хатшы Гүлнар Байсенкулды қаралауды әдетке айналдырған. Біз мұны қудалау деп білеміз. Себебі, 2 жыл бойы шағымдардың негізінде Гүлнар ханымның жұмысын құзыретті органдар қайта-қайта тексерді. Ешқандай заң бұзу ісі анықталмады. Гүлнар ханым жемқорлықпен күресті қолға алғаннан кейін, оған қарсы көп ақпараттық шабуыл жасалды.
Гүлнар Абайқызы – еңбек өтілі жоғары білікті маман. Бірнеше шет тілін меңгерген. Еліміздегі алдыңғы қатарлы банктерде, ұйымдарда жоғары лауазымды тұлғалармен маңызды жұмыстарды атқарған.
Н.Батырбаевтың жауапты хатшыға қатысты шағымына негізгі себептердің бірі – өзі тікелей басқарған университеттің шаруашылық бөлімін Гүлнар Байсенкулға жүктелуіне орай жасаған қызғаныш наразылығы деп түсінеміз. Себебі шаруашылық мәселелер вице-ректоры штаты қысқартылып, оның негізгі функционалы жауапты хатшыға жүктелген болатын
Айнаш Есімбекқызына келер болсақ, ол – тәжірибелі зерттеуші, ғылыми қызметкер және Дүниежүзілік денсаулық ұйымы секілді халықаралық ұйымдармен қатар 15-тен астам мемлекеттік және халықаралық гранттық жобаларға қатысқан. 50-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде беделді дерекқорларда (Scopus) индекстелетін, халықаралық реферилер рецензиялайтын ғылыми басылымдарда жарияланған 6 зерттеу, дәрігерлерге, магистранттар мен докторанттарға арналған 3 оқу-әдістемелік құралдың авторы. 2021 жылы қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын алған білімді маман.
А.Ошибаева Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры лауазымына келгеннен бері Ахмет Ясауи университетінде бірқатар іргелі жұмыстар іске асты. Бір ғана дәлел, оқу орнымыз соңғы екі жыл ішінде кейбір әлемдік және халықаралық рейтингтерге алғаш рет еніп, еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарының қатарынан көрінді.
Атап айтар болсақ, А.Ошибаеваның үйлестіруімен Ахмет Ясауи университеті 2023 жылы университет тарихында алғаш рет Times Higher Education (THE) және QS Sustainability Rankings 2024 рейтингтеріне енді. Оның ішінде, QS Sustainability Rankings 2024 рейтингінде университетіміз әлем бойынша 1151-1200 орынды иеленді. Ал Азия бойынша 362-ші, Қазақстандық ЖОО-ы ішінде 8-орыннан көрінді. Сондай-ақ, білім ордасы әлемдегі ең ықпалды бағалау агенттігі – QS World University Rankings 2024 рейтингінде 787-ші орынды иеленді. Ал, университет аймақтық рейтингілерге де қатысып, QS Asia University Rankings рейтингісінде Азия құрлығындағы 856 университет арасында 203-ші орынға ие болды.
А.Ошибаеваның ғылым бағытындағы жұмыстарын айтар болсақ, бұл мәселе бойынша да оң көрсеткіштерге қол жеткізгенін көруге болады. Мәселен, гранттық қаржыландыру бойынша университетке берілген ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі артып, жалпы сомасы 3 млрд теңгені құрады. Қаржыландыру сомасының көлемі мен жобалардың санының артуымен А.Ошибаеваның мемлекеттік қаржының мақсатты әрі орынды жұмсалуына қатысты жауапкершілігінің жоғары екенін түсіне отырып, ішкі процесстерді автоматтандыру әрі жетілдіру жұмыстары қолға алынды.
Университетімізде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып, орындалып жатқан жобалар жыл сайын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті және Ғылым қоры тарапынан мониторингтен өтеді. Негізінен бұл тексерулер барысында ешқандай кемшілік анықталмаған.
Арызданушылардың бұл арызға А.Ошибаеваны қосудың басты себебі – оның «Экология» ҒЗИ-ге байланысты анықталған кемшіліктерге көз жұмбауы және директор А.Ақбасованың «құжаттарға қарамастан қол қою» талабын орындамауы.
Арызданушылардың «Ректор Ж.Темірбекова бастаған топтың заңсыз іс-әрекеттерінен университетімізден 120-дан астам алдыңғы қатарлы, тәжірибелі ғалымдарымыз (докторлар мен ғылым кандидаттары, РһD-докторлар), жас мамандар қудалауға түсіп, басқа білім ордаларына ауысып кеткен» деген сөздеріне де жала деп баға береміз.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы күн сайын дамып, тек университет емес, одан да басқа мекемелер көптеп ашылып жатыр. Ал біздің университет кадр дайындайтын негізгі ұйым болғандықтан, кадрларды барамын деген жағына жібергені рас. Бұл – өмір бойына жалғасын табатын табиғи және әлеуметтік процесс. Университетте білікті кадрлар көп, сондықтан лауазымды қызметтерге шақырылады.
Түркістан облыс орталығы болған соң 2020 жылы Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. Жаңа университетке кадр жинақтау қажеттігі болғандықтан, үлкен конкурс өткізілді. Қазіргі ректор Ж.Темірбекова келместен бұрын да көптеген оқытушы-профессорлар мен кадрлар сол оқу орнына ауысты. Себебі, ол университеттің қаржыландыруы басқа, жалақысы да біздің университетке қарағанда едәуір жоғары. Сондықтан, сала бойынша кейбір мамандардың жұмыс ауыстырғаны рас. Мамандар басқа жаққа ауысып, жұмыс істеймін десе, оны ешкім тоқтата алмайды. Былтырғы жылдан бері бұл университеттен біздің университетке ауысқан қызметкерлер де бар, яғни бұл байбалам салатын нәрсе емес, табиғи процесс.
Жалпы, Н.Батырбаев жазған арыздарында мұндай негізсіз айыптауларды атап өткенімен, нақты кімнің және қалай қудалауға түскені туралы растайтын мәліметтер ұсынбаған. Кадр айналымы – қалыпты жағдай. Кез келген мемлекеттік органда немесе ұйымда болып тұратын жағдай болғаны үшін оған басшыны негізсіз кінәлі етіп көрсету дұрыс емес.
Университетті Қазақстан Республикасынан 5 мүше және Түркия Республикасынан 5 мүше, барлығы 10 адамнан тұратын Өкілетті Кеңес басқарады. Университеттің «Қызметақы төлеу туралы» Регламентін және университеттің жылдық бюджетін де сол жоғары орган бекітеді. Университет жұмыскерлеріне жалақы аталған регламент нормаларына сәйкес төленеді.
«Арыздағы» үшінші мәселеге келер болсақ: Негізгі арызданушы «ғылыми кеңестер» мен «Диссертациялық кеңестерді» шатастырып отыр. Бұл арыз иесінің ғылыми ортадан алыстығын және сауатсыздығын көрсетеді. Кез келген университетте бір ғана Ғылыми кеңес болады, біздегі Ғылыми кеңестің атауы халықаралық статусқа сәйкес Сенат деп аталады. Ал, Диссертациялық кеңес құру мәселесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережені бекіту туралы бұйрығына негізделе отырып реттеледі.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 09 наурыздағы №98 бұйрығы арқылы 31.09.2011 ж. №126 Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережеге толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Сол себепті, Ғылым және жоғары білім министрлігінің докторанттар мен диссертациялық кеңестерге қатысты саясатын қолдай отырып, университетте 2021 жылға дейін ашылған Диссертациялық кеңестердің талаптарға сәйкес болмауына байланысты (Диссертация кеңесі мүшелері мен кеңестерді ашуға қойылатын негізгі талаптар) 2022 жылғы 26 қаңтардағы Сенат мәжілісінің шешімі негізінде және 27.01.2022 ж. №019 бұйрық негізінде төменде көрсетілген құжаттардың күші жойылды:
Университет Сенат мәжілісінде 2020 жылғы 18 қарашада (№4 хаттама) бекітілген Диссертациялық кеңес ережесі;
25.11.2020 ж. №179 «8D01502 Математика», «8D01503-Физика» білім беру бағыттары бойынша Диссертациялық кеңес құрамын бекіту туралы бұйрығы (Сенат мәжілісінің 2020 жылғы 18 қарашадағы №4 хаттамасы);
Сенат мәжілісінде 2021 жылғы 24 ақпанда (№7 хаттама) бекітілген «6D050600, 8D04106 – Экономика және 6D050700, 8D04107 – Менеджмент және Педагогика-Психология» білім бағыттары бойынша Диссертациялық кеңес құрамын бекіту туралы қаулы;
2020 жылғы 29 желтоқсандағы Диссертациялық Кеңес ережесіне өзгерістер енгізу, Медицина, педагогика-психология, ақпараттық-коммуникация технологиялар бағыттары бойынша Диссертациялық кеңес ашу және құрамын бекіту туралы (№4 хаттамасы) қаулысы;
2021 жылғы 26 ақпандағы №1/127 Диссертация кеңестің техникалық хатшысы туралы бұйрықтары.
Аталған 2022 жылғы 26 қаңтардағы Сенат мәжілісіне сол кезде Сенат мүшесі болған және арызға қол қойған Н.Батырбаев, А.Ақбасова, Д.Кенжетай және С.Ыдырыс сол мәжілісте талқылауға қатысып, Диссертациялық кеңестерді жабуға дауыс бергенін назарға саламыз.
Атап өтетін жайт, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 9 наурыздағы № 98 бұйрығында көрсетілген Диссертациялық кеңеске қойылатын негізгі талаптың бірінде «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 2-1) тармақшасына сәйкес бөлініп оқытудың 1, 2 және 3 жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы болған жағдайда жұмыс істейді деп көрсетілген. Күші жойылған Диссертациялық кеңестер осы талапқа сәйкес болмағаны анықталды.
Диссертациялық кеңес ашу үшін қажетті шарттар орындалған жағдайда кез келген факультет диссертациялық кеңес құруға өтініш бере алады. Жалпы, университеттегі бұрын ашылған Диссертациялық кеңестер Министрліктің талаптарына сәйкес сараланып, талапқа сәйкестігі дұрыс келмегендері жабылған. Қазіргі таңда Министрлік талабына сәйкес келетін мамандық бойынша Диссертациялық кеңес ашуға ешқандай кедергі жоқ. 2023-2024 оқу жылында докторантура білім беру бағдарламалары бойынша кадрларды даярлайтын барлық мамандықтар сарапталып қазіргі кезде университетте Диссертациялық кеңес ашуға мүмкіндігі бар 3 білім беру бағдарламасы анықталып отыр. Олар: «8D01503-Физика», «8D01604-Тарих» және «8D04114-Мемлекеттік және жергілікті басқару». Аталған үш білім беру бағдарламасы бойынша диссертациялық кеңес құру алдағы оқу жылына жоспарланған. Бұл мәселе Ғылым және Стратегиялық даму вице-ректорының 28 ақпан 2024 күнгі №7 Сенат мәжілісінде берген жылдық есебінде талқыланды.
«Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылы 31 наурыздағы № 126 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 14 маусымда № 294 бұйрығы қабылданды. Аталмыш бұйрық 01.07.2024 күнінен бастап қолданысқа енді. 2024-2025 оқу жылында осы жаңа талаптарға сәйкес Диссертациялық кеңес ашу туралы ұсыныстар қаралады.
Сонымен қатар, 2021 жылы Ахмет Ясауи университетінде докторантурасын тамамдаған, алайда диссертациясын қорғамаған докторанттар бойынша жан-жақты жүргізілген талдаудың нәтижесінде. шынымен де университетте қорғамаған докторанттардың жағдайы өзекті екендігі анықталды. Сол себептен, 2021 жылдан бастап университет бойынша қорғамаған докторанттардың диссертацияларын қорғауға дайындау мақсатында әр докторантпен жеке жеке хабарласып, әрқайсысы үшін дербес жол картасы әзірленіп, бұл жұмыс қолға алына басталды.
Қазіргі таңда докторанттардың дер кезінде қорғауға шығуы бойынша профилактикалық іс-шаралар жолға қойылды. Атап айтар болсақ, «Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша диссертация/жоба тақырыбы және ғылыми жетекшісі туралы» Ережесі, «Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары (магистратура, докторантура) бойынша ғылыми-зерттеу және эксперименттік-зерттеу жұмыстары туралы» Ережесі, «Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша диссертация/жоба дайындау туралы» Ережесі, «Зерттеу этикасы бойынша жергілікті комиссиясының (ЛЭК)» Ережесіне және «Білім алушылардың бағаланатын жазбаша жұмыстарында, ПОҚ оқу-әдістемелік және ғылыми еңбектерінде мәтінді пайдалану тексеру» Ережесіне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп қабылданды. Бұл өзгерістер нәтижесінде әрбір докторанттың диссертациялық зерттеуіне қатысты әр семестр бойынша бұрын-соңды жүргізілмеген қатаң бақылау жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, докторантура және магистратура білім беру бағдарламалары бойынша «Зерттеу әдістері», «Зерттеу дизайны» пәндерін оқыту бойынша жаңа тәсілдер енгізіліп, университеттің барлық докторантура және магистратура білім беру бағдарламалары жаңартылып, толықтырылды.
Докторанттардың диссертацияларын қорғауы бойынша арнайы бекітілген жол картасы нәтижесінде 2021 жылы 7 докторант, 2022 жылы 9 докторант, 2023 жылы 9 докторант, 2024 жылы 1 докторант жалпы 2021-2024 жж. арасында 26 докторант докторлық диссертацияларын сәтті қорғаса, ағымдағы жыл тағы 12 докторант қорғауға дайындалуда. Жалпы университет бойынша қорғамаған докторанттар мәселесі жіті бақылауда.
Докторантураға қабылдау процесі мемлекет тарапынан бекітілген талап ережелерге сәйкес жүзеге асырылады және ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында докторантураға қабылдау емтихандары университет басшылығының қатаң бақылауында.
Арызда «Ғылым қоры» АҚ-ы арқылы коммерцияландырудың гранттық жобаларының қаражаттары да мақсатсыз жұмсалған, жоба бойынша атқарылатын жұмыстардың 10%-ыда орындалмаған деп көрсетілген мәліметтер шындыққа жанаспайды. Университетте «Ғылым қоры» АҚ-ның гранттық қаржыландыруымен 2018-2021 жылдар аралығында төменде көрсетілген 2 коммерцияландыру жобалары іске асырылған:
«Қызыл калифорниялық құрттардың дәрумендірілген биомассасы мен жемшөп ақуызды азықтық вермиқоспаларды түйіршіктер түрінде өндіру» атты коммерцияландыру жобасы. Жоба жетекшісі Экология ҒЗИ-ның қызметкері Г.Саинова. Айта кетер болсақ, Г.Саинова осы арызға қол қоюшылардың бірі және ол жоғарыда аталғандай А.Ақбасованың қызы. Сонда Г.Саинованың бұл жоба туралы хабары болмағандығы ма деген сұрақ тағы туындайды...
«Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ботаникалық бағының базасында Қазақстанның оңтүстігіндегі субаридтік жағдайлар үшін декоративтік дақылдардың адаптивті және стреске төзімді көшеттерін жылдамдатып өсіру» атты коммерцияландыру жобасы. Жоба жетекшісі биология кафедрасының оқытушысы Н.Салыбекова.
Жоғарыда аталған жоба жетекшілері – жобаларға бөлінген гранттық қаржының тиімді және мақсатқа сәйкес жұмсалуына негізгі жауапты тұлғалар. Егер бұл жобалардың 10%-ы да орындалмаса, онда олар қалай қорытынды есеп тапсырып, Ұлттық ғылыми кеңестің шешімін алды? Біздің қолымыздағы ресми құжаттарға сүйенсек, жоба жетекшілері «Ғылым қоры» АҚ-на барлық қажетті есептерді тапсырған, жобаға бөлінген қаржылар тиімді игерілген, сол себепті, жобаларға арналған гранттық қаржылар мақсатсыз жұмсалды деп айтуға қандай негіз бар?
Сонымен қатар, Н.Батырбаев жоғарыда аталып өтілген коммерцияландыру жобаларына қатысты арыз-шағым білдірместен бұрын, бұл жобалар бойынша кемшіліктер, оның шаруашылық жөніндегі вице-ректор лауазымында, яғни, ботаникалық баққа жауапты тұлға ретінде жұмыс атқарған уақытта орын алғанын қалай байқамаған? Қазіргі таңда, бұл жобаларға қойылатын талаптарға сәйкес, 2022-2024 жылдар аралығында іске асыру кезеңінен кейінгі (постреализация) кезеңі орындалып жатыр.
Университетімізде ғылыми бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстар туралы қосымша ақпараттарды да назарларыңызға ұсынамыз:
Төртінші мәселе бойынша: Арызда көрсетілген «сауықтыру төлемақысына» қатысты төмендегі мән-жайды жеткіземіз:
Қол қойған жұмыскерлердің басым көпшілігі арызды толық оқымай, тек қана «сауықтыру төлемақысына» сай мәселе бойынша талаптарын жеткізу үшін бұл хатқа қол қойғанын, арыздағы келтірілген мәселелер бойынша ешқандай дәлелдері болмағанын, және бұл хатты БАҚ-қа шығаруға рұқсат бермегенін еске салып кетейік. Сондықтан бұл мәселені түсіндіру маңызды.
Аталған «сауықтыру төлемақысы» ешқашан төленген емес, яғни Ж.Темірбекова ректор болып келгенге дейін де төленбеген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, университет жұмыскерлеріне жалақы, сауықтыру төлемдері «Қызметақы төлеу туралы» Регламентке және Өкілетті Кеңес бекіткен бюджет қаражаты шеңберінде жүзеге асырылады. Алайда, Өкілетті Кеңес бекіткен қаражатта университет жұмыскерлеріне сауықтыру төлемі үшін қаражат қарастырылмаған. Егер Өкілетті Кеңес және ҚР Үкіметі (соның ішінде ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі) университеттің сауықтыруға арналған төлемі үшін деп қаражат арнайы бөлінбесе, онда ректор Ж.Темірбекова жұмыскерлерге қаражатты қайдан алады?!
Сауықтыру төлемін төлеу мәселесі Университеттің 2020 ж Өкілетті Кеңес тарапынан қабылданған «Қызметақы төлеу туралы» регламентінің 10, 19-баптарынан туындаған (яғни Ж.Темірбекова ректор болып тағайындалғанға дейін). Алайда, Өкілетті Кеңестің 2024 жылғы 24 ақпанындағы шешімімен, аталған 10, 19-баптар алынып тасталған. Сонымен қатар, бұл мәселе бойынша қазіргі таңда сотта азаматтық іс қаралып жатыр.
Жалпы ҚР Еңбек Кодексінің 159-160-баптарына сәйкес жеке еңбек даулары сотта қаралуға тиіс. Осыған орай, сауықтыру төлемақысына қатысты мәселе бойынша университет жұмыскерлері сотқа талап арызбен жүгінуі тиіс. Егер соттың заңды күшіне енген шешімімен сауықтыру төлемі төленуге жатады деп шешілсе, онда университет Өкілетті Кеңеске сауықтыру төлемі үшін қаражат бөлу туралы өтінішпен жүгінетін болады.
Себебі, тек заңды күшіне енген сот шешімі ғана аталған мәселені біржола шешуге негіз болады. Заңды күшіне енген сот шешімі болмайынша Өкілетті Кеңес немесе ҚР Үкіметі университетке өткен жылдар үшін сауықтыру төлеміне қаражат бермейтіні белгілі. Сондықтан, арыз иелері сауықтыру төлемі бойынша сотқа талап арызбен жүгінулері тиіс.
Жалақы мәселесіне келсек, университет бюджеті мен жалақы мөлшерінің бекітілген регламенті бар. Оған сәйкес, барлық жалақылар Өкілетті Кеңесте бірнеше рет талқыланады.
Университеттердегі жалпы практикаға сәйкес, Түркістан облысынан табылмаған мамандарды сырттан шақыру үрдісі бар. Өкілетті Кеңес ректор мен ректор өкіліне осындай құзырет берген. Халықаралық тәжірибесі мен айтарлықтай еңбек өтілі бар, біліктігі жоғары мамандарды университетке шақыру өзімізге де пайдалы. Сырттан келген мамандардың кейбіріне тәжірибесін және біліктілігін ескере отырып, еңбек нарығына сай үстемақы төленеді.
Бәріңізге белгілі, кез келген мекемеде бюджет шектеулі болады. Соған қарамастан, жыл сайын оқытушы-профессорлар (ОПҚ) мен әкімшілік-басқару қызметкерлердің (ӘБК) жалақысын көбейту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Ректор Ж.Темірбекова қызметке кіріскелі бері университетімізде қажеттіліктен тыс өте көп штат ашылғаны анықталған соң, штаттарды оңтайландыру бойынша жыл сайын жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Атқарылған жұмыстар бойынша динамика төмендегідей, 01.09.2021 жағдай бойынша университетімізді оқытушы-профессорлар құрамы мен әкімшілік-басқару қызметкерлерінің саны – 2253, бұл көрсеткіш 01.09.2022 – 2173 штат, ал 01.09.2023 күні – 2032 штат бірлігін құрады. Яғни 2 жылда 221 штат қысқартылды. Осы штаттарды оңтайландыру нәтижесінде, үнемделген қаржы жалақыны көбейтуге жұмсалды. Соның нәтижесінде, ОПҚ-ның жалақысы 20 пайызға, ӘБҚ-ң жалақысы 40 пайызға көтерілді. Университет ОПҚ және ӘБҚ жалақысын жоғарылату бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастырады.
Арыздағы бесінші мәселеге келер болсақ. Жыл сайын Түркия тарапынан қазақстандық талапкерлер үшін 500 түрік квотасы бөлінеді. Оқу орнымыздың Өкілетті Кеңесі мәжілісінің шешімімен спорт және өнер саласында табысты болған, халықаралық сайыстарда жүлделі орындарға ие болған талапкерлерге де арнайы квота беріледі.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бакалавриат бағдарламаларына қабылдау ережесіне сәйкес, Өкілетті Кеңес мәжілісінің шешімімен Спорт немесе өнер саласындағы жоғары табыстарға қол жеткізген және халықаралық жарыстарда жүлделі орын үміткерлер үшін арнайы бөлінген орынға қабылданатын білімгерлер конкурстан тыс қабылдау комиссиясының шешімімен іріктеледі.
Спортшыларға квота бөлу барысында, талапкерлердің спорттық жетістіктеріне, атап айтар болсақ, Олимпиада жүлдегерлері, Әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлеріне, ҚР чемпионаттарының жүлдегерлеріне, спорт шеберлеріне басымдық беріледі.
Университеттің қабылдау комиссиясы спортшы талапкерлер ұсынған құжаттарды мұқият тексерістен өткізеді. Арызданушылар жалған құжаттар жасауға университет басшылығы араласады деген шындыққа жанаспайтын, дәлелі жоқ ақпарат берген. Университет ешқандай талапкердің құжаттама жұмыстарына араласпайды, тек дәлелді құжаттарды қабылдайды.
Квота бөлінген кейбір спортшылардың сабаққа қатыспағанын растаймыз. Олар негізінен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері болғандықтан, оқу жылы көлемінде оқу-жаттығу жиындарында және жарыстарда жүреді. Соған байланысты, бұл спортшыларға пәндер бойынша қарызын университеттен қолдау ретінде тегін негізде студенттердің жазғы демалысы мерзімінде өтеу қарастырылады.
Бірақ арызданушылардың жүзге жуық студенттер сабаққа қатыспайды деген ақпараты – шындықты бұрмалау. Арызданушылар қатарында негізінен спортшылар оқитын «Дене мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д. Б.Мұхаммеджанов та бар. Демек, ол кісі өзі басқарып отырған кафедраның жұмысын жүйелей алмағанын, басшылық міндетін орындай алмағанын мойындап отыр.
«Бірінші, екінші курста оқитын спортсмендер әрбір оқу жылдарында университеттен қол үзген» деп аталған студенттер тек өз өтініші есебінен оқудан шығарылады. Университет өз еркімен оларды оқудан шығара алмайды. Бұл туралы «Дене мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д. Б.Мұхаммеджановтың хабары бар.
Осы ретте, оқу орнымыз спортшы студенттерінің соңғы 3(үш) оқу жылындағы әлемдік, халықаралық және республикалық жарыстардағы жетістіктерін және осы сала бойынша алынған шешімдердің нәтижесінде қол жеткізген оң динамиканы назарларыңызға ұсынамыз:
2021-2022 оқу жылы
№
Жарыстың атауы
І орын
ІІ орын
ІІІ орын
Барлығы
1
Әлем Чемпионаты
1
3
6
10
2
Азия Чемпионаты
2
1
3
3
ҚР Чемпионаты
20
3
24
47
4
Халықаралық жарыс
8
6
14
5
Республикалық турнир
3
3
1
7
6
Еуропа Кубогі
1
1
7
ҚР кубогі
3
4
5
12
Барлығы
94
2022-2023 оқу жылы
№
Жарыстың атауы
І орын
ІІ орын
ІІІ орын
Барлығы
1
Әлем Чемпионаты
6
2
6
14
2
Азия Чемпионаты
4
8
3
15
3
ҚР Чемпионаты
33
34
28
95
4
Халықаралық жарыс
12
13
12
37
5
ХІІ жазғы универсиада
30
14
48
92
6
Студенттік лига
28
14
8
50
Барлығы
303
2023-2024 оқу жылы
№
Жарыстың атауы
І орын
ІІ орын
ІІІ орын
Барлығы
1
Әлем Чемпионаты
6
2
6
14
2
Азия Чемпионаты
11
4
3
18
3
ҚР Чемпионаты
23
21
64
108
4
Халықаралық жарыс
13
5
7
25
5
Студенттік лига
8
5
2
15
Барлығы
180
Алтыншы пункт бойынша арыз иелері Ж.Темірбекова университетте майнинг құрылғылары арқылы криптовалюта өндірумен айналысқан деп жала жапқан.
2023 жылдың 24 қазанында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің №3 ғимаратының жертөлесінен Университеттің электр және Интернет желілеріне Университеттің арнайы рұқсатынсыз, Университеттің мүлкі болып табылмайтын, майнинг мақсатында қолданылуы мүмкін күдікті құрылғы табылды.
Университет аумағында табылған бұл күдікті құрылғының иесін анықтау шараларын жүргізу үшін ректордың арнайы өкімімен ішкі тексеріс жүргізілді. Сонымен қатар, Университетке тиесілі барлық ғимараттар да арнайы тексерілді. Алайда, ішкі тексеріс нәтижесінде құрылғы иесі және/немесе басқа ұқсас құрылғы(лар) анықталмады.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде осы құрылғының қолдану мақсаты мен иесін, оны Университет ғимаратында құрып, электр және интернет желілеріне заңсыз түрде қосқан адамды немесе адамдарды анықтауға, және оларға қарсы заңға сәйкес шара қолдану үшін 2023 жылдың 8 желтоқсан күні Түркістан облысының прокурорының атына ресми хат жолданған болатын. Қазіргі таңда облыс прокуратурасы жүргізіп жатқан тексеру жұмыстарының аяқталуын күтіп отырмыз.
Арыздағы жетінші мәселе бойынша «Б.Кенжебайұлы атындағы» музейге қатысты да қысқаша мынадай ақпарат ұсынамыз:
Жалпы, бұл музейге қатысты дау 2023 жылдың соңында басталған болатын. Б.Кенжебайұлы атындағы музейдің директоры болған Қ.Ергөбек әлеуеметтік желіде арыз жазбасын жариялап, оған университет ректоры Жанар Темірбекова әлеуметтік желіде ашық жауап берді. Сілтеме: https://www.facebook.com/zhanar.temirbekova/posts/6657628177692757
Қалың бұқара қолданатын әлеуметтік желідегі жазбада барлық мән-жай түсіндірілді. Бұл музейге қатысты негізгі арызданушы оның бұрынғы директоры қызметін атқарған Қ.Ергөбек университет меншігінде болмаған музейді ондаған жыл басқарып келген, және бұл үшін университеттен жалақы алып отырған. Тек өзі ғана емес, жұмысқа қабылдаған өзінің туыстары да міндеттерін орындамаса да (жұмысқа келмегені туралы дәлелдеуші құжаттар бар) еңбекақы алып келген. Заң бұзушылықтар анықталған соң, Қ.Ергөбектің зейнеткерлік жасы және оқу орнында жұмыс істеген еңбегін ескере отырып, өз еркімен жұмыстан шығаруға келісімге келген едік.
Музей ғимаратының және экпонаттардың (егер солай атап айтуға болатын болса) тозығы жеткенін фотолардан анық көруге болады. Сондықтан, университет басшылығы музейді жаңадан салынатын Түркология ғимаратының ішіне көшіруді жөн санады. Бұл туралы хабар сол кездегі музей директоры Қ.Ергөбекке де айтылып, өзі де осы шешімді мақұлдаған болатын.
Осы музейге байланысты тағы бір маңызды ақпарат – 2022 жылы «Б.Кенжебайұлы атындағы» музей орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жасау процедурасын бастағанымызда жер учаскесінің құжаттары жоқ болып шықты және көп жылдардан бері университеттің теңгерімінде болмағаны анықталды. Бұл ғимараттың құжатын КІМ, ҚАЛАЙ, ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАНДАЙ НИЕТПЕН «ЖОҒАЛТҚАНЫ» БЕЙМӘЛІМ. Тек 2023 жылы университет заңгерінің араласуымен аталған ғимараттың құқық белгілейтін құжаттары рәсімделген. Сондықтан, университетке тиесілі музейді жапты деп айыптамас бұрын, музей орналасқан ғимараттың құжатын кімге тиесілі болғандығын анықтаған жөн. Музей ғимаратының университет балансына өтуіне кімнің үлес қосқандығын анықтау қажет. Содан кейін ғана Ж.Темірбекова музейді жапты ма, керісінше, ашты ма деген мәселеге жауап табуға болады. Құқық белгілейтін құжаттары жоқ және университетке тиесілі емес музейді иелену, пайдалану және оған билік ету ҚР ӘҚБтК-де көзделген (жер учаскесін өз бетінше иелену) жауаптылыққа алып келеді.
ҚР Конституциясына және ҚР ҚПК-нің талаптарына сәйкес арыз иелерінің Ж.Темірбекованы ешбір дәлелсіз айыптауы жалажабудан басқа еш нәрсе емес. Бұл үшін ҚР заңдарына сәйкес жала жабушыларға тиісті жауаптылық көзделген.
Сегізінші мәселеде қозғалған университеттегі «Шаңырақ» клубтар координациясына қарасты Y-PEER және Enactus клубтары бойынша төмендегі ақпаратты ұсынамыз:
Университеттің «Шаңырақ» клубтар координациясының ережесіне сәйкес, 5-тарау, 5.1 тармағында: «Клуб немесе үйірме ЖОО студенттерінің өтініші бойынша және Жастар саясаты департаментіне қарасты Жастар орталығының шешімімен құрылады, қайта ұйымдастырылады және таратылады» десе, осы ереженің 8-ші тарау, 8.2 тармағына сәйкес: «Клуб мүшелерінің жалпы жиналысының шешімімен, егер бұл шешімге клуб мүшелерінің кемінде 2/3 бөлігі дауыс берсе, клуб қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкін» делінген. Осы орайда, клубтардың жабылу процедурасы клуб мүшелерінің келісімімен орындалатынын хабарлаймыз.
«ENACTUS YASAWI» және «Y-PEER» клубтары Ж.Темірбекова университетімізге ректор болып тағайындалмастан бұрын құрылған клубтар және бұл клубтарының «ЛГБТ» қозғалысына ешқандай қатысы жоқ. «ENACTUS» ұлттық кеңсесінің құрамында Қазақстанның белгілі бизнес өкілдері мен ғалымдары да бар (нақтырақ https://enactus.kz/directors/) және бұл ұйымға қазақстандық жоо-ның 90% астамы мүше екеніне назар аударамыз (толығырақ https://enactus.kz/teams/) .
«ENACTUS YASAWI» – халықаралық деңгейдегі студенттер арасындағы кәсіпкерлік қабілетті дамытуға арналған коммерциялық емес ұйым. 2016 жылдан бері университетімізде жұмыс жасайды. 2022 жылдан бастап, Экономика басқару және құқық факультетінің басшылығы мен студенттердің қызығушылығы және ұсынысы негізінде қайта жанданды. Себебі, қазіргі глобализация кезеңінде университет және Қазақстандағы барлық жоғары білім беру жүйесі үшін маңызды университеттердің халықаралық рейтингтеріне қатысудың бір көрсеткіші ретінде студенттерді кәсіпкерлікке баулуға мән беріледі. Бұл жұмыс студенттік стартаптарды құру және «ENACTUS», «ENACTUS YASAWI» сияқты студент клубтары арқылы да жүргізіледі. Бұл клубтар «ENACTUS» ұлттық кеңсесінің қолдауымен өздерінің жұмыстарын жүргізеді. «ENACTUS YASAWI» клубы аясында көптеген студенттік стартаптар жүзеге асырылды.
Y-PEER клубына келсек, бұл клуб 2019 жылдан бастап өз жұмысын бастаған. 2022 жылы Медицина факультеті студенттерінің бастамасымен және БҰҰ халықты қоныстандыру қорының (UNFPA) қолдауымен облыстық ресурстық орталық ашылды. Орталықтың міндеттері – репродуктивті денсаулықты қорғау, АИТВ/ЖИТС, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) алдын алу, нашақорлықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу, адам құқықтары мәселелері бойынша жастарды волонтерлық жұмысқа баулу. Түркістан облысындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына байланысты мұндай клубтардыңөз жұмысын жалғастыруы маңызды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысында 2024 жылдың басынан бері 900-ден астам тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Студенттеріміз осы клубтардан қиын жағдайға түскен адамдарға денсаулық сақтау, құқық, әлеуметтік және тағы басқа жәрдем түрлерін ұйымдастыру жолдары жайында ақпарат алып, үйренеді. Бұл ретте, аталған қозғалыс аясында белсенді студенттер денсаулық пен зорлық зомбылық тақырыптарында бірнеше тренингтерді ұйымдастырып, аймақтың проблемаларын шешуге және мемлекеттің салауатты отбасы саясатын жүзеге асыруға үлесін қосып келеді.
Бұрынғы ректор өкілінің бұл мәселе бойынша негізсіз үрейлері мен қастандық теорияларына сүйеніп, қанша жылдан бері жұмыс атқарып жатқан студент клубтарын жабу инициативасы – университеттің «Шаңырақ» клубтар координациясының ережесіне қарама қайшы болды. Ал осы мәселе бойынша бұрыңғы ректор өкілінің клубтарды жабу керектігі жайында жазылған хаттарын дәлел ретінде көрсету қарапайым логика мен ақылға еш сыймайды. Жалпы, бұрыңғы ректор өкілі қызметін дұрыс атқарған болса, мерзімінен бұрын жұмыстан босатылмас еді.
Арызда айтылған соңғы мәселеге келер болсақ: «Университеттің бухгалтериясы мен қоймасында сәйкессіздіктер мен заңсыздықтар етек алған, атқарылатын бірдей жұмыстарға әртүрлі ақы төленеді. Мердігерлер тарапынан мүлдем орындалмаған, көрсетілмеген қызметтеріне, әрі аяқталмаған сапасыз қызметтеріне толық қаржы төленеді. Мұндай заңсыздықтар жетерлік» деп жазылған.
Ж.Темірбекова ректор болып университетке тағайындалған уақыттан бастап бухгалтерлік есептің дұрыс жүруіне үлкен көңіл бөлді, себебі қызметке кіріскен уақытта университетте қолданылып жатқан бухгалтерлік бағдарлама өте ескі еді. Бұл ескі бағдарлама әр түрлі жемқорлық әрекеттерге ашық екені байқалған болатын. Сондықтан 2021 жылдан бастап Университеттің бухгалтериясы мен қоймасында 1С 8.3 бағдарламасы арқылы есеп жүргізуге көшірілді. Қоймаға келіп түскен заттардың барлығы Университет пен мердігер арасындағы келісім-шарт аясында көзделген мерзімнің ішінде жеткізіліп, қабылданып алынады, және төлемдер келісім-шарттарда көзделген сәйкес құжаттардың рәсімделуімен жасалынады. Келісім-шарттар арасында Университетке жеткізілген заттар арнайы құрылған қабылдау комиссиясының шешімі негізінде қабылданып алынады. Келісім-шартпен бекітілген бірақ орындалуы мерзімінен кешігіп көрсетілген қызметтер немесе атқарылған жұмыстарды қабылдап алу мен төлем жүргізу кезеңдерінде келісім-шарттардың талаптарын бұзған мердігерлерді Университет айыппұл салу арқылы жауапкершілікке тарту үрдісі іске асырылады.
Арызданушылардың атқарылатын жұмыстарға әртүрлі ақы төленеді деген ақпараты – жалған. Жұмыстардың барлығы Университеттің сатып алу регламенті немесе мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мердігерлермен келісім-шарт жасау арқылы сатып алынады. Оқу орнында жұмыстар, қызметтер мен тауарларды сатып алуда ең төмен баға ұсынысын берген әлеуетті өнім берушімен келісім-шарт жасасу шартының орындалуын сатып алу комиссиясы жүзеге асырады.
Жоғарыдағы мән-жайларды қорытындылай келе, айтарымыз ректор Ж.Темірбековаға қатысты арыз жазып жатқан тұлғалардың жеке бастары мен арыз жазу себептерін зерделей келе төмендегідей бірнеше себептері белгілі болып отыр:
1. Арызды ұйымдастырушылар Н.Батырбаев пен А.Ақбасова өздерінің жылы орындарынан айырылып қалуы және оған ректор Ж.Темірбекованы кінәлаулары (мысалы, ең көп арызданушы Н.Батырбаев жоғары жалақы алатын проректор лауазымынан босатылуы, арыз иесі А.Ақбасованың зейнет жасына толғанына 20 жылдан астам уақыт өтсе де директор лауазымынан айырылғысы келмеуі). Бұлар университеттің болашағы үшін алаңдап, арызданып отырған жоқ;
2. Арыздағы мән-жайлардың барлығы қайталанып айтылып, жазылып отыратын, бір сарындағы негізсіз (дәлелсіз) жалған айыптаулар ғана. Себебі, арыздағы кейбір мәселелер – Ж.Темірбекова университетке ректор болып келгенге дейін болған жағдайлар. Ол уақытта аталған мәселелерге сол арыз иелерінің өздері жауапты болған және өздерінің заң бұзу істерін Ж.Темірбековаға артқысы келеді.
3. Арыз жазуды ұйымдастырушыларының жалақылары университеттің басқа жұмыскерлеріне қарағанда едәуір жоғары.
Мысалы, Н.Батырбаев жоғары жалақы алып келген.
Ал А.Ақбасоваға да жоғары жалақы тағайындалған. Бұдан бөлек, ол шаруашылық жобалардан да 2021, 2022 жылы, 2023 жылы қосымша табыс тапқан. Оның қызы Гаухар Саинова болса, “Экология” ҒЗИ-дың басқа қызметкерлерімен салыстырғанда кемінде 2,5 есе жоғары жалақы алып келген, бұдан бөлек қосымша шаруашылық жобалардан 2022 жылы және 2023 жылы қосымша ақы алған. Бұл екі қызметкер шаруашылық жобалардан жалақыға бөлінген қаржының кемі 40%-ын, кейбір жобаларда 60%-ға дейін өздері ғана алып отырған.
Бұл жағдай «Экология» ҒЗИ қызметкерлерінің жалақыларының төмен екені туралы ректордың атына жазған хаты негізінде, арнайы жүргізілген тексеру барысында анықталды.
Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева «Экология» ҒЗИ директоры А.Ақбасовадан бұл мәселені шешу бойынша ұсыныс сұраған. Бірақ, А.Ақбасова бұл мәселені шешудің орнына, бұрынғыдай айлықтың басым бөлігін өзі және қызы алу керек деп ойлағандықтан болар, әртүрлі жиналыстарда конфликт шығарып, енді міне, жұртты арандатып, арыз ұйымдастырып отыр.
Жоғарыда университет басшылығы арызға қол қойған оқытушылар және қызметкерлермен жиналыс өткізгенін атап өттік. Басқосу барысында бірнеше жағдай анықталды.
Соның бірі – А.Ақбасова арызға қол қойған қызметкерлерге: «Бұл сауықтыру бойынша арыз», - деп айтып, олар да:«Үлкен кісі алдамайды ғой»,- деп сеніп, шағымды оқымай, қол қоя берген. Ал арыздың медиада жарияланатыны туралы жақ ашпаған.
Медиада жарияланған материалда өздерінің аты мен қолын көрген қызметкерлер жеке деректерінің өздерінің рұқсатынсыз жарияланғанына наразы екенін атап өтті. Сондай-ақ, өзге әріптестерінен: «Бұл тірліктеріңіз ұят болды, наразы болсаңыздар, бірінші басшылыққа тікелей жүгіну керек едіңіздер, қаншама жала жабылған арызға қол қоюға бола ма?», – деген пікірлерін естіп, екі-үш күннен бері сыртқа шыға алмай, ұялып отырғаны туралы да айтты.
Бұл арызға ұйымдастырушылардың бірі болған Н.Батырбаевтың жұбайы және А.Ақбасованың жетекшілігінде диссертация жазып, әлі қорғауға шықпаған университетіміздің аға оқытушысы Калиева Нурзия Абдешовна қол қоймағаны назар аудартады. Мұның себебі, ол жұбайы мен ғылыми жетекшісінің позициясын қолдамайды немесе арыздағы жала жабудың жауапкершілігін жақсы түсінеді.
Ал, ең сорақысы А.Ақбасова бұл арызды басты ұйымдастырушылардың бірі бола отырып, ондағы ақпараттардың жала екенін және заң алдында жауапкершілікке тартылатынын біліп, өзгелерге барып, қолын жинаған арызға өзі қол қоймаған. Көп әріптесті бұл жағдай өте қатты қапаландырды. Қария жастағы ғалым апайдың бұл іс-әрекеті ұжым тарапынан қатты сынға алынды.
Бұдан шығатын қорытынды, арызды басты ұйымдастырушылар өзгелерді шатастырып, алдап қол жинаған. Осылайша, “елуге жақын ардагер мен жастар арызға қол қойды” деп медианы да жаңылдырған. Шын мәнінде, қазіргі таңда бұл арызға келісемін деген 1 қызметкер ғана анықталып, оның да арыздағы айыптауларға байланысты ешқандай дәлелдемелері жоқ. Сондай-ақ, басты ұйымдастырушылар өзі немесе туысы қол қоймау арқылы арызда көрсетілген айыптаулардың жалған екенін өздері де мойындап отыр.
Сөз соңында мына жайтты да айта кеткенді жөн көріп отырмыз: арызда грамматикалық және логикалық қателер өріп жүргені – арызды жазып, оған қол қойған тұлғалардың ғылыми-академиялық репутациясына орасан зор нұқсан келтіреді; ғылыми-академиялық атақ-дәрежесін өз күшімен алды ма екен деген күмән тудырады және осыншама қатеге толы мәтінді Халық пен Мемлекеттік билік бірлігінің кепілі – Республика Президентіне қарата жолдағаны – Президентке құрмет көрсетпегені деп бағалаймыз.