Хабарландырулар

  • image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    ЕЛ МЕРЕЙІН АСҚАҚТАТҚАН СТУДЕНТТЕРІМІЗГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

    Бүгін университетімізде спорттағы жарқын жетістіктерімен ел мерейін асқақтатқан студенттерімізбен кездесу өтті. Оқу орны басшылығы мен ұжымы халықаралық ареналарда топ жарып жүрген қос чемпион — Сәкен Бибосынов пен Зарина Әшірге құрмет көрсетті.

    Еске салайық, Сәкен Бибосынов жуырда Дубай қаласында өткен Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған Әлем чемпионатында 54 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алтын жүлдені жеңіп алып, ел қоржынына алтын жүлде салды. Ол бұған дейін де халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпазы атанған.

    Сондай-ақ Дубай қаласында өткен V Пара Азия ойындарында пара пауэрлифтингтен сынға түскен студентіміз Зарина Әшір 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 80 кг зілтемірді бағындырып, алтын медаль иеленді. Айта кетейік, ол бұған дейін де әлем кубогінің чемпионы атанған.

    Кездесу барысында ректор Жанар Темірбекова: «Сіздер елдің еңсесін ғана емес, университетіміздің де еңсесін жоғары көтердіңіздер. Бүгін біз 8 апталық академиялық көшбасшылық семинарының қорытынды кездесуін өткізіп отырмыз. Осыған орай сіздерді арнайы шақырдық. Себебі сіздер — спорттық көшбасшылықты бастап келе жатқан, намысты қолдан бермейтін, табанды жастарсыздар», – деді. 

    Чемпион студенттеріміз Зарина Әшір мен Сәкен Бибосынов та өз кезегінде университет басшылығына алғысын білдірді.

    «Еңбегімізді бағалап, марапаттап жатқандарыңызға мың алғыс! Осы университеттің атын шығарып, осы университеттің студенті болғанымды мақтан етемін. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, әрі зор мақтаныш. Бұйырса, біз мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да аянбай еңбек етіп, жақсы нәтижелерге жету үшін еліміздің, соның ішінде өз университетіміздің абыройын асқақтатып, талай-талай биік белестерді бағындырамыз», – деді Сәкен Бибосынов.

    Ректор Жанар Темірбекова Қазақстанның туын желбіретіп, әнұранымызды асқақтатқан студенттерімізге университет атынан ақшалай сыйақы мен арнайы сыйлықтар табыстады.

    Кездесу соңында университет ұжымы қос чемпионды айтулы жеңістерімен құттықтап,естелікке суретке түсті.