• image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    «ACADEMIC LEADERSHIP INSTITUTE: DEANS' SCHOOL»: АЙТУЛЫ ЖОБА ОҚУ ОРДАМЫЗДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

    Бүгін университетімізде Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің бастамасымен, оқу орнымыз бен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесе ұйымдастырған «Academic Leadership Institute: Deans' School» атты декандардың кәсіби дамуына арналған жаңа бағдарлама жалғасын тапты.

    Бұған дейін оқыту бағдарламасы 26-қыркүйек күні Астана қаласындағы Назарбаев Университетінің кампусында басталғаны хабарланған еді.

    Ал бүгінен бастап университетімізде «Academic Leadership Institute: Deans' School» бағдарламасының – «Білім беруді цифрландыру», «Студенттердің жетістіктері», «Таланттарды басқару» модульдері өтеді. 

    Бағдарламаның мақсаты – қазақстандық жоғары оқу орындары көшбасшыларының кадрлық резервін дайындау. Тыңдаушыларда тұрақты өзгерістер жағдайында факультеттерді тиімді басқаруға, инновациялық тәсілдер мен технологияларды табысты біріктіруге, сондай-ақ этикалық практиканың жоғары стандарттарын қолдауға мүмкіндік беретін құзыреттерді дамыту да көзделеді.

    Декандар мектебі аясында оқу орнымызға келген қонақтарды «Атамекен» ұлт-аспаптар ансамблі сазды әуен қарсы алып, керемет көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Қырғызстаннан келген бағдарлама қатысушылары «Түрік әлемінің тарихи панорамалық» мұражайын аралады.

    Бұдан әрі ресми ашылу салтанаты басталып, алғаш сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова: «Құрметті қонақтар, қасиетті Түркістан шаһарына қош келдіңіздер! Аз уақыт бұрын, өздеріңізбен бірге Назарбаев университетінде декандар мектебінің ашылу салтанатын өткіздік. Ал бүгін Түркістанда, университетіміздің кампусында бағдарламаның 3-модулін бастаймыз. 

    Бүгінгі жиынға 34 жоғары оқу орынынан 80-нен аса декан қатысуда. Әр декан – ұжымды басқарып қана қоймай, студенттер және олардың ата-аналарымен байланыста болатын, 1000-нан аса адамға ықпал ететін тұлға. Сондықтан декандарға бағытталған бұл бағдарлама үлкен маңызға ие. 

    Декандар мектебіне серіктестік жасау ұсынысы түскенде қуана қабыл алдық. Осы тұста, Назарбаев университетіне алғысымызды білдіреміз! 

    Қазақстандық жоғары оқу орындарына өзара бәсекеден гөрі, ынтымақтастық қарым-қатынас орнату көбірек жарасады. Әр оқу орданың өзіне тән ерекшелігі мен артықшылықтары бар. Ең бастысы, осы ортада бір-біріңізбен тәжірибе алмасып, атқарған жұмыстар мен алда жүзеге асыратын істер туралы пікір алмасу жүреді деп сенеміз!»,-деді.

    Құттықтау сөз кезегін алған ректор өкілі м.а Наджи Генч: «Құрметті қонақтар, әріптестер, сіздерді оқу ордамыздың төрінде көргенімізге қуаныштымыз! Бағдарлама аясында бірлесе жұмыстар атқарып, пайдасы мол әрі маңызға ие жобалар жүзеге асады деп сенеміз!»,-деді.

    Ал «Назарбаев Университеті» ДББҰ жоғары білім беру мектебінің қосымша білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева бағдарлама қатысушыларын құшақ жая қарсы алып, қонақжайлықтың үлгісін көрсеткен ректор Жанар Темірбекова мен оқу орда ұжымына алғыс білдірді.

    Айта кетейік, оқу ордамызға Қазақстанның педагогикалық, техникалық, ұлттық, медициналық және жекеменшік жоғары оқу орындарынан, сондай-ақ Қырғызстан университеттерінен іріктелген 80-нен аса қатысушы келді.