ҚОС УНИВЕРСИТЕТТІҢ БІРЛЕСКЕН БІЛІМ ЖОБАСЫ – «МАНАС–ЯСАУИ» ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІ
24-26 маусым күндері Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласында «Манас-Ясауи» жазғы мектебі өтті. Айтулы жиынды оқу ордамыз бен Қырғызстан–Түркия Манас университеті бірлесе ұйымдастырды.
Басты мақсат – студенттерге жол сілтеу, менторлық қолдау көрсету және кеңес беру арқылы олардың академиялық және кәсіби дамуына ықпал ету.
Айта кетейік, бауырлас мемлекетте өткен жазғы мектепке оқу ордамыздың 13 оқытушы-профессоры қатысты.
Қос университеттің оқытушылары өзара тәжірибе алмасты. Университетіміздің Әлеументтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы, PhD, доцент Алия Құралбаева – «Кеңес берудегі рөлдер, шектер мен үміттер» тақырыбында, ал PhD, аға оқытушы Назира Тұрсынбаева – «Жаңа буын студент бейнесі және академиялық байланыс», PhD Халил Четин – «Халықаралық және мәдениетаралық студенттерге кеңес беру» тақырыптарында семинарлар өткізді.
Үш күнге созылған мектепте қатысушылар: «Сыныпта байланыс орнату: студенттермен жақындасу оңай ма?», «Манас пен Ясауидегі түрлі кеңес беру тәжірибелері», «Кеңесші ретінде қиын жағдайда қалай әрекет етеміз?», : «Мәдениетаралық кеңес берудегі қиындықтар мен жақсы тәжірибелер: академиялық қызметкерлердің көзқарасы» сынды басқа да маңызды тақырыптар бойынша ашық пікірталастарға қатысты.
Жазғы мектепте оқытушылар практикалық тәжірибе мен әдістемелік білімді ұштастырып, халықаралық әріптестік негізінде білім беру сапасын арттырудың жаңа бағыттарын талдады. Оқытушы-профессорлар кәсіби дамуға серпін берген жиыннан мол әсер алып, шыңдалды.
Жиын соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Бұл іс-шара – жоғары білім саласында сапалы, әрі жан-жақты қолдау көрсететін менторлық пен кеңес беру мәдениетін дамытуға арналған маңызды қадам болды.