• image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    ОҚУ ОРДАМЫЗ БЕН НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМ ТҮЗІЛДІ

    Бүгін университетіміз бен «Түркістан қаласындағы жаратылыстану-математика» бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің филиалы арасында өзара ынтымақтастық меморандумы түзілді.

    Келісімнің мақсаты – тараптардың арасында түрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарының –  «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру аясында білім сапасын арттыру, ғылыми жобаларды дайындау, ғылыми жұмыстарды жазу мен әдістемесін оқытуды қолға алу. Сондай-ақ, оқушыларды жаратылыстану мен гуманитарлық бағыттағы пәндік олимпиадаға дайындауға байланысты инновациялық әдістер арқылы тәжірибе алмасу, оқу үдерісін жетілдіру үшін инновациялық білім алу мүмкіндіктерін қамтамасыз ету.

    Тараптар жиын барысында 2025-2026 оқу жылына арналған Жол картасын ақылдасты. Сонымен қатар, Назарбаев Зияткерлік мектебінде өндірістік тәжірибеден өтетін студенттерге қойылатын талаптар туралы сөз қозғады.

    Айта кетейік, алдағы уақытта Ахмет Ясауи университеті Назарбаев Зияткерлік мектебінде «STEEM» лабораториясын жасақтап беруді жоспарлап отыр. Лаборатория ашу – мектепте тәжірибеден өтетін студенттер мен білім алатын оқушылар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын, білім беру сапасын арттыруға бағытталған бастама болмақ. Бұл жөнінде ректор Жанар Темірбекова айтып өтті.

    «Студенттеріміздің Назарбаев Зияткерлік мектебінде тәжірибеден өтетініне қуаныштымыз. Бұл университетке де, мектепке де берері мол іс деп ойлаймын. Білімді студенттеріміз келешекте еліміздегі алдыңғы қатардағы осындай мектепте тек тәжірибеден өтумен шектелмей, жұмыс істейді деп сенемін!»,-деді ректор. 

    Жиынға қатысқан декандар мен мектеп өкілдері студенттердің тәжірибеден өтуі мен оларға жетекші тағайындау, білімдерін бағалау, теория мен практикалық білімдерін арттыру жолдарын қарастырды.

    Басқосу соңында айтулы меморандумға ректор Жанар Темірбекова мен «Түркістан қаласындағы жаратылыстану-математика» бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры  Айдын Тусупжанов қол қойды. 

    Қос тарап болашақта Түркістан облысының білім сапасын арттыру мен робототехника сынды белгілі бағыттарда жетістікке жететін шәкірттер мен білікті педагог мамандарды дайындауға атсалысуға келісті.