• image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАҢЫЗҒА ИЕ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

    Университетіміз бен Пәкістан Ислам Республикасындағы Исламабад Халықаралық Ислам университеті арасында өзара ынтымақтастық меморандумын түзді. Айтулы келісім Астанада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде жүзеге асты.

    Аталған меморандумға университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова мен Исламабад Халықаралық Ислам университетінің Президенті, профессор, доктор Ахмед Шуджа Сед қол қойды.

    Сондай-ақ, жиынға Исламабад Халықаралық Ислам университетінің Ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор, доктор Мұхаммед Зия және Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығының Басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев та қатысты.

    Қос университет меморандум міндеттеріне сәйкес біріктірілген ғылыми жобаларды өткізу, зерттеу материалдарымен алмасу, бағдарламалар мен оқыту стратегияларын әзірлеуде ынтымақтастық орнату, конференциялар мен лекциялық семинарлар өткізу сынды өзге де тың бастамаларды қолға алады.

    Айта кетейік, алдағы уақытта Исламабад Халықаралық Ислам университетінің базасында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Орта Азия Ислам Зерттеулері орталығын құруды жоспарлап отыр. Бұл оқу орнымыз бен әріптес университет арасындағы бірігей жоба болмақ.

    Басты мақсат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамыту және нығайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес білім беру саласындағы өзара байланыстарды дамыту, жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті күшейту және академиялық ұжымдар арасындағы бірлескен бастамаларды қолдау.

    Исламабад қаласында Ясауи ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы халықаралық оқу орнымыздың ғылыми-инновациялық әлеуетін одан әрі ілгерілетуге, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықты жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етеді.