• image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    ОҚУ ОРДАМЫЗҒА ХАЛЫҚ ӘРТІСІ АСАНӘЛІ ӘШІМОВ КЕЛДІ

    Университетімізге Қазақстанның Еңбек ері, Халық әртісі, кино және театр актері, кино және театр режиссері, театр педагогы, профессор Асанәлі Әшімов келді. Құрметті қонақты ректор Жанар Темірбекова бастаған вице-ректорлар, университет ұжымы және студенттер қарсы алды. 

    Өнер майталманы Өнер, медиа және дизайн факультетінің студенттерімен кездесті. Басқосуға Түркістан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев бастаған мәдениет саласының өкілдері, Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан және өзге де тұлғалар қатысты.

    Жиын модераторы болған Жанар Темірбекова: «Қаламызда Құрманбек Жандарбековтың туғанына 120 жыл толуына орай – «Қазақтың Құманбегі» атты театр фестивалі бастау алды. Асанәлі Әшімов фестивальге жанашырлық танытып, 13 театр ұжымын Түркістанға бастап келді. Осы тұста айта кетейік, біз отырған бұл сахнаға театр өнерінің тағы бір майталманы Райымбек Сейтметовтың аты берілген. Райымбек ұстаз – оқу ордамызда Өнер факультетінің негізін қалап, талай сахна саңлақтарын тәрбиеледі. Бүгінде дәл осы сахнада ағайдың шәкірттері жаңа буынға дәріс өтеді. Асанәлі Әшімов Райымбек ағайымыздың жақын досы, сахналас әріптесі. Бүгін ағайымыздың артында қалдырған шәкірттерінің өнерін тамашалап, сахнаны көріп, қуанады деп ойлаймын. Ұстазымыздың көзін көрген Асанәлі ағамызға университетімізге арнайы келегені үшін алғыс айтамыз. Студенттеріміз бүгінгі жиыннан, өзіңізден өнеге мен ақ батаңызды алады деп сенеміз! »,-деді. 

    Сондай-ақ, Жанар Темірбекова Райымбек Сейтметов атындағы АКТ залының ашылуы мен студенттерден құралған театр жұмысы, үлкен сахналарға қойылған төл туындылар «Ясауи жолы» мен «Мың заман – бір Түркістан» музыкалық драма туралы ақпарат берді. «Актерлік өнер» мамандығын аяқтап, еліміздің түрлі өңірлерінде қызмет етіп жүрген түлектер жайлы да сөз қозғады.

    Келесі кезекте, білімгерлеріміз қонақтарға құрмет көрсетіп, өнерлерін ортаға салды. Бірі Асанәлі Әшімовке арнау айтса, енді бірі ән шырқады. 

    «Құрметті әріптестер мен келешек өнер қайраткерлері, студенттер! Бұл – өнердің дамыған ортасы. Қазақтың мәдениеті өркендеген жер. Киелі Түркістанда білім мен тәлім-тәрбие алу көптің қолынан келмес. Сондықтан, сіздер осы жерде білім алып жатқандарыңызды мақтан етулеріңіз керек. Актер өнері – ұлы мамандық! Өзім осы жолды сүймей келіп, енді міне үлкен махаббатымды беріп барамын. Түсінген адамға бұл мамандық аса құнды, ұлы!

    Осы жерде Райымбек досым, Өнер факультетін ашқанына куәгермін. Алғашқы спектакльдері, Түркия еліне айлап гастрольдік сапар шеккендері есімде. Райымбек – менің жан досым. Бірге оқып, бірге жұмыс істеп, бір үйде тұрдық.  Оның есімін ұлықтап, құрмет көрсеткен университетке алғыс айтамын!»,-деді.

    Белгілі актер болашақ сахна жұлдыздарына ақылын айтып, өз ісінің маманы болудың қыр-сырымен таныстырды. Әдебиетті оқуға, оның ішінде «Абай жолы» романын оқып, тануға шақырды. Білім көкжиегін кеңейтудің маңызын түсіндірді. Рөл ойнау бәрінің қолынан келетінін, ал кейіпкер жасау шын мықтының қолында екенін баса айтты. Болашақ әртістерге өзіне  берілген рөлдің маңызын, халыққа берер ойын саралауды тапсырды.

    Жиын соңында студенттер өнер, театр сахнасына қатысты өздерін қызықтырған сауалдарына тың жауаптар алды. Асанәлі Әшімов ізін қуған жас буынға ақ батасын беріп, ізгі тілегін арнады.

    Ректор Жанар Темірбекова Асанәлі Әшімов пен қонақтарға шапан жауып, сый-сияпаттар табыстады.

    Факультет ғимаратының алдында Асанәлі Әшімов ағаш егіп, көгеруін тіледі. Барша жиналған жұртшылық қазақтың өнер тарихында есімі алтын әріппен жазылған, ардақты азаматы Асанәлі Әшімовпен естелікке суретке түсті.