• image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    ОҚУ ОРДАМЫЗДА ЕЛІМІЗДІҢ РЕСПУБЛИКА КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

    Университетіміздің Мәдениет орталығында ұлттық мереке – Республика күніне орай мерекелік кеш өтті.

    Мерекелік іс-шарада ең алдымен, Қазақстан мен Түркия Республикаларының әнұрандары шырқалды.

    Алғашқы сөз тізгінін алған ректор Жанар Темірбекова: «Құрметті әріптестер, қымбатты қонақтар мен сүйікті студенттер! Баршаңызға Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі, қайта жаңғырған – Республика күні құтты болсын! Өздеріңіз білетіндей, 25 қазан – Республика күні ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ. Дәл осы күні, 1990 жылы Мемлекеттік Егемендік туралы декларация қабылданған еді. Қазақстанның жаңа дәуірін зерттеп жүрген тарихшылар болсын, әлеуметтанушы мен саясаттанушылар бұл күнге ерекше назар аударады. Себебі, бұл құжат – еліміздің тәуелсіздікке бастар жолындағы алғашқы ең маңызды құқықтық қадам болды.  Тәуелсіздігіміздің айғағы ретінде бүгінгі мерекемен шын жүректен тағы да құттықтаймын!»,-деді.

    Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Республика күнінің маңызы зор. Себебі, Республиканың жарияланауы – тәуелсіздіктің белгісі. Барша қазақстандықтарға айтулы күн құтты болсын! Университетіміздің терең тарихына үңілсек, оқу ордамыздың ел тәуелсіздігімен қатарлас екенін байқаймыз. Осы тұста, республикамен бірге дамып, өсіп  келе жатқан оқу ордамызда қазақ және түрік бауырларымызбен бірге Республика күнінде бір ортада тоғысқанымызды ерекше мәртебе санаймын! Бұл – үлкен қуаныш. Ел тәуелсіздігі мәңгі болсын деп тілеймін!»,-деді.  

    Университет басшылары құттықтау тілектерден соң, бірқатар оқытушы-профессорды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің төсбелгілері және Алғыс Хаттарымен марапаттады. 

    Ал Түркістан облысы Бас прокуратурасының басқарма басшысы Ақбұлан Алжанов:«Университет ұжымын келіп жеткен Республика күнімен құттықтаймын! Ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Ахмет Ясауи университетінің ұжымы облысымызда үлкен рөл ойнайды. Жанар Темірбекова бастаған ұжым облыстағы іс-шараларда белсене қатысып, көмегін көрсетіп келеді»,-деді. 

    Сонымен қатар, 24-25 қыркүйек күндері ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен өткен I Халықаралық мемлекеттік айыптаушылар форумын ұйымдастыруға атсалысқаны үшін ректор Жанар Темірбековаға арнайы Алғыс Хат табыстады. Сапалы кадр даярлауда өз үлесін қосып, айтулы форумның өтуіне үлес қосқан оқу орда ұжымын да марапаттады.    

    Түркістан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшы орынбасары Мұрат Оспанов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Абылайхан Наурызбаев оқу орда қызметкерлерін департамент атынан арнайы марапаттады. 

    Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі көрермен қауымға «Батыр баба» мен «Егемен Қазақстан» күйін шертіп, рухани серпін берді.

    Сондай-ақ, өнерлі студенттер патриоттық әндер орындады. «Бисұлтан» би ансамблінің арулары мың бұрала би биледі.

    Кеш соңында Өнер, медиа және дизайн факультетінің студенттерінен құралған хор ұжымы «Атамекен» әнін шырқады. Осылайша оқу орда ұжымы ел мерейін асқақтатып, тәуелсіздік тұғырына айналған Республика күнін жоғары деңгейде атап өтті.