• image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    ОҚУ ОРДАМЫЗДА ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

    Университетімізде Түркия Республикасының құрылғанына 102 жыл толуына орай салтанатты кеш өтті.

    Қазақстан үшін орны ерекше, бауырлас Түркия – терең тарихы бар алып мемлекет. Осыдан 102 жыл бұрын, 29 қазан күні – Мұстафа Кемаль Ататүрік Түркияны «Республика» деп жариялады. Бүтін бір ғасырды артқа қалдырған түрік халқы бүгінде іргесі биік, әлем көз тіккен республикаға айналды. 

    Салтанатты кеш Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің және оның майдандастарының, сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздігі үшін жан кешкен шейіттердің рухына тағзым етіп, үнсіздік сақтау рәсімімен басталды. Жиналған көрермен қауым Қазақстан мен Түркияның әнұранын шырқады.

    Жиынның ашылу салтанатында сөз бастаған Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Левент Гүржан: «Барлық отандастарымызды Түркияның  Республика күнімен құттықтаймын! Бүгін мерейлі мерекемізді түркі дүниесінің астанасы –Түркістанда, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бізбен бірге атап өтіп жатқан достарымызға алғыс білдіремін!»,-деді.

    Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Құрметті қонақтар мен сүйікті студенттер! Республикамыздың 102 жылдық мерейтойында ата жұртымыз Түркістанда, оқу ордамызда тоғысқанымыз – үлкен қуаныш! Айтулы мерекемен күллі түркі дүниесін құттықтаймын. Осы жолда жанын пида еткен Мұстафа Кемал Ататүрік пен қарулас сарбаздарының алдында өтелмес борышымыз бар. Батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Мемлекетіміз жасай берсін!»,-деді.

    «29 қазан – Түркия Республикасының күні баршамызға құтты болсын! 25 қазан күні Қазақстанның Республика күнін атап өттік. Қарап тұрсақ, бұл – екі елдің жақындығы мен туыстығын бейнелейтін символ ретінде көрінеді. Қос мемлекеттің айтулы мереке күндерінің жақындығы тарихи оқиға десек те болады. Сонау VI ғасырдан, Түркі қағанатынан бері қарай біздің тарихымыз біте қайнасып келеді. Сол уақыттан бері қарай мемлекеттеріміз түрлі кезеңді бастан өткерді. Бүгінімізге,  тәуелсіздігімізге шүкіршілік айтамыз! Республика – әр азаматтың жүрегінде терең мағына ие болған ұғым. Себебі, мемлекет – біздің тұғырымыз. Сондықтан, бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, қос елдің тәуелсіздігі мәңгі болсын деп тілеймін!»,-деді Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов.

    Құттықтау тілектерден соң аға оқытушы Эрен Акдениз  Түркия Республикасының тәуелсіздік жолындағы тарихи сәттері мен батыр бабаларының ерен еңбектері туралы маңызды баяндама оқыды.

    Ресми жиын одан әрі қарай арнайы концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнерлі студенттеріміз түрік халқының ұлттық билерін биледі.  «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі әуезді әндерімен көптің қошеметіне бөленді. Өзге де студенттер патриоттық әндер шырқады.

    Кеш соңында түркі мемлекеттерінен жиналған жалынды жастар айтулы мерекемен құттықтап, бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті.