ОҚУ ОРДАМЫЗҒА ҚОНАҚҚА ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНК ӨКІЛІ ДОМАГОЙ РАСИЧ КЕЛДІ
2023 жылдың 6 маусым күні университетімізбен арнайы танысу мақсатында Дүниежүзілік банк өкілі Домагой Расич келді.
Домагой Расич Түркістанға табан тіреген соң, оқу ордамыздың Экология ҒЗИ, Клиникалық-диагностикалық орталығы, Биотехнология зертханасы, Мәдениет орталығы мен Ботаникалық бағы және кітапханасымен танысты.
Дүниежүзілік банк өкілі университет басшылығымен, стейкхолдерлармен, оқытушы-профессорлар құрамымен жеке-жеке кездесу өткізді.
Аталған басқосуда көтерілген басты тақырып — «Yassawi академиялық үстемдік орталығы» аясында өрбіді.
Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жанында «Yassawi академиялық үстемдік орталығын» ашу жоспарлануда. Орталық дамудың үш бағытын қамтиды: медициналық, биотехнологиялық және экологиялық. Орталық болашақ мамандардың практикалық даярлығының базасы, сондай-ақ жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамытудың өзегі болады. Орталықта университеттің Клиникалық-диагностикалық орталығы базасында ауруларды диагностикалау мен емдеу жөніндегі ғылыми-зерттеу зертханалары шоғырландырылады. Жаңа орталықты құру инновациялық білім беруді қалыптастыруға ықпал етеді және медициналық, биотехнологиялық және экологиялық ғылым мен практика саласындағы әлемдік жетістіктерді ықпалдастыруға мүмкіндік береді.
Басқосуда сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова кездесудің маңызы, оқу ордамыз мен өңір үшін берер мүмкіндіктері туралы сөз қозғады.
Жиынға Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев,Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, университетіміздің түлегі, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев қатысты. Олар өз салаларына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салып, жаңа жобаға артқан үміттері мол екенін жеткізді.
Ал, оқу ордамыздың оқытушы-профессорлар құрамы өздеріне қарасты факультеттер мен кафедралардың қаржылай қолдаумен, мемлекеттік бағдарламалармен жүзеге асқан жобаларын таныстырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта жоспарда бар ұсыныстарын жеткізді.
Сөз соңында Дүниежүзілік банк өкілі Домагой Расич: «Бүгін оқу орданың біршама жүзеге асырылған жобаларымен таныстым. Көпшілігі арнайы мемлекет тарапынан, министрлік пен Түркия Республикасының да қолдауымен жүзеге асырылған. Бұл жобалардың қоғам үшін берері мол. Бастысы барлық жобаларды тоқтаусыз, әрі қарай жандандырып, алға жүру шарт. Ал, біз айтқан Академиялық үстемдік бағдарламасы осы істерді жалғастырып, дамытамын деген топтар үшін үлкен мүмкіндік болғалы тұр»,-деді.