❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

УНИВЕРСИТЕТ БАСПАСЫНЫҢ ЕҢБЕКТЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «TURKESTAN BOOK FAIR» АТТЫ КІТАП КӨРМЕСІНДЕ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

  • 26.11.2025
  • KZ
  • 34

image

Түркістан қаласында түркі тілдес елдердің баспа ұйымдарын, қаламгерлерін, аудармашыларын, әдеби қауым өкілдерінің басын қосқан халықаралық «Turkestan Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Аталмыш көрмеге университетіміздің баспасынан шыққан ғалымдарымыздың бірегей еңбектері де қойылды.

Кітап көрмесін Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырды.

Басты мақсат – балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, отбасымен бірге кітап оқуды насихаттау, оқырман талғамын қалыптастыру.

Жиынның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, танымал қаламгер Құлбек Ергебөк, Әзербайжан баспалар бірлестігінің директорлар кеңесінің төрағасы Шәміл Садық, ақын, Түркі дүниесі Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қатысты.

Айта кетейік, кітап жәрмеңкесіне Қазақстан, Түркия, Моңғолия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Саха Республикасы (Якутия), Ресей мемлекеттерінен баспа, кітап саудасы, ғылыми-білім беру және полиграфиялық өнімдерін ұсынатын 50-ге жуық компания қатысуда.  

Іс-шара үш күн бойы жалғасады. Алдағы күндері жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, автормен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өтеді.