❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

«ТАБИҒАТ ТЫНЫСЫ: ӨНЕР МЕН ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ» АТТЫ СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨНЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

  • 27.11.2025
  • KZ
  • 65

image

Университетімізде “Таза Қазақстан” акциясы аясында «Табиғат тынысы: өнер мен тұрақты дамудың сабақтастығы» атты студенттердің өнер байқауы өтті. Іс-шараны Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығы және Ботаникалық бақ ғылыми-зерттеу институты мен Өнер, медиа және дизайн факультеті бірігіп ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – табиғат пен өнердің үйлесімді байланысын насихаттау, шығармашыл студенттерге ашық табиғи ортада өнерлерін паш ету мүмкіндігін ұсыну, осы арқылы жастар санасына тұрақты даму идеяларын сіңіру.

Іс-шараны ашып берген Жауапты хатшы м.а. Эндер Сайын: «Бүгінгі шығармашылық байқау маңызды іс-шараның бірі. Сондықтан барша ұйымдастырушыларға, қатысушы студенттер мен оқытушыларға алғыс білдіремін! Мұндай байқаулар көбінесе жабық алаңдарда, залдарда өтеді. Ал бүгінгі формат мүлдем өзгерек. Табиғат аясында, таза ауада, өзіміздің ботаникалық бақта өтіп жатыр. Бұл қатысушыларға ерекше шабыт берді деп ойлаймын», – деді.

Сондай-ақ, Эндер Сайын жарысты ұйымдастырушылармен ақылдаса келе, алдағы уақытта ботаникалық бақ туралы «4 мезгіл» атты журнал шығару жоспарда бар екенін жеткізді. Журналда студенттердің ботаникалық бақтың сұлулығы, сан түрлі өсімдіктері мен жемістері жайлы шығармалары жарияланбақ. Қыс, көктем, жаз бен күзде әртүрлі кейіпке енетін бақтың бейнесін таспалаған жастарға ынталандыру сыйлықтарын үлестіру де ойда бар екенін айтты. Бұл бастама табиғатты сүйіп, бақты бағалайтын жастар барда жүзеге асатынын тілге тиек етті. Қуанышты әрі шабыт сыйлаған жаңалықты естіген студенттер қолдауға дайын екендерін жеткізді.

Келесі кезекте Өнер, медиа және дизайн факультетінің деканы Дархан Елжанов пен Ботаникалық бақтың директоры Бекзат Мырзабеков құттықтау тілектерін жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ең алдымен, қатысушылар ботаникалық бақта өсірілген жеміс-жидектер көрмесін тамашалады. Бақтың өнімдерінен дәм татып, көңілді әуен үні мен табиғат аясында тыныстады. Сондай-ақ оқу ордамыздың бағында өсірілетін өзге де өсімдіктер мен жеміс-жидектердің түрлі сорттарын көрді.

Шығармашылық байқауға қатысушылар майлы бояулармен пленэр, өсімдіктерден жасалған инсталляция және фотосурет номинациялары бойынша өзара бақ сынады.

Әр қатысушы өз туындысында табиғаттың әсем бейнесін көрсете отырып, түрлі түстермен әсемдеп жеткізді. Олардың шығармашылық жұмыстарын оқытушы-профессорлар, студенттер мен қызметкерлер тамашалап, өз бағаларын берді.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы сый-сияпаттар табысталды. Өзге де қатысушыларға сертификаттар мен сыйлықтар берілді.