XXXIV СТУДЕНТТІК ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Конференцияның негізгі мақсаты – ғылымға қызығушылығы бар студенттердің алғашқы ғылыми қадамдарын қолдау, оларды ізденіске ынталандыру және ғылыми мәдениетті дамыту.
Айта кетейік, секцияларда ғылыми жоба қорғаған студенттердің жұмыстарына өз саласының білікті мамандары мен тәжірибелі ғалымдары жетекшілік жасады.
Биылғы дәстүрлі конференцияға 33 секция бойынша 816 студент қатысып, ғылыми зерттеулерін ұсынды. Конференция секцияларында үздік деп танылған жұмыстар «PechaKucha» конкурсына ұсынылды.
Байқау нәтижесінде І орынды Инженерия факультетінің студенттері Ислам Абдулхадов мен Миләз Хинизов иеленді. Ал Жаратылыстану ғылымдары факультетінің студенттері Перуза Елтияр мен Нұризат Айнабек ІІ орыннан көрінді. ІІІ орын Филология факультетінің Ағылшын тілі секциясының студенті Айғаным Серікбековаға бұйырды.
Оқу ордамыз 2022–2024 оқу жылынан бері үздік баяндамашыларды ынталандыру мақсатында Түркия Республикасына жазғы оқуға жолдама табыстап келеді. Биыл да жылдағы дәстүр бойынша «PechaKucha» байқауының үш жеңімпазы аталмыш мүмкіндікке ие болды.
Сонымен қатар, 2024-2025 оқу жылындағы Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурсының Республикалық ІІ кезеңінің жеңімпаздары Ректор тарапынан қаржылай сыйақылармен марапатталды. Білімгерлердің ғылыми жетекшілеріне де арнайы алғыс хаттар табысталды.