УНИВЕРСИТЕТ БАСШЫЛЫҒЫ СУРДЛИМПИАДА ЧЕМПИОНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Кездесуге Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілі м.а. Нажи Генч, Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі вице-ректор Еділ Төлегенов, Қаржы және халықаралық байланыстар жөніндегі вице-ректор Мустафа Гиритлиоглу, Спорт-сауықтыру орталығының басшысы Еркебұлан Балғабаев және Спорт факультетінің деканы Ермек Сейдахметов бастаған ұжым және бапкерлер қатысты.
Еске салайық, жуырда өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында дзюдодан ел намысын қорғаған Шадияр Қуандық Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальдардың бірін салды. Ол 73 кг салмақ дәрежесінде татамиде қарсылас шақ келтірмеді. Университетіміздің түлегі Қуандық Шадияр 2017-2021 жылы білім алған.
Ал 100 кг салмақ дәрежесінде күрескен тағы бір түлегіміз — Тоқтарбек Айдарбек үздік өнер көрсетіп, жекелей сында күміс жүлдеге, командалық жарыста алтын жүлдеге ие болды. Ол 2019 жылы – «Дене шынықтыру және спорт» , 2021 жылы «Жергілікті басқару» мамандықтарын, 2023 жылы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдап, ел спортының дамуына өз үлесін қосып келеді.
Кездесу барысында Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек спортшыларға алғысын білдіріп: «Сіздерді біз өз перзентіміздей бағалаймыз. Осындай биік белестерді бағындыруларыңыз – біздің ғана емес, елдеріңіздің және бүкіл түркі жұртының зор қуанышы мен мәртебесі. Алда күтіп тұрған толағай табыстарыңыздың әлі де көп боларына сенемін», – деді.
Сонымен қатар, университет ректоры Жанар Темірбекова: «Біз студенттеріміз бен түлектерімізді бөлмейміз. Себебі, осы университеттен білім алғандардың бәрі – біздің жанұямыздың мүшесі. Түлектеріміздің жетістігіне үнемі қуанып, қолдаушысы, жанкүйері болып отырамыз. Ерекшелігі бар спортшылардың жетістігі біз үшін екі есе бағалы. Университетіміздің және Қазақстанның атын әлемге танытқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамыз», – деді.
Бұдан соң спортшылардың бапкерлері ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары Қасымбеков Жақыпбек пен Файзиов Марат, Спорт факультетінің деканы Ермек Сейдахметов те сөз алып, спорт бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жетістіктерді баяндады.
Жеңімпаз түлектер Шадияр Қуандық мен Тоқтарбек Айдарбек ыстық ықылас көрсеткен университет басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Шара соңында оларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Бұл кездесу түлектеріміздің еңбегін бағалау әрі жастарды спорттағы жаңа белестерге ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.