ОҚУ ОРДА БАСШЫЛЫҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ ҮСТЕМДІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек пен ректор Жанар Темірбекова, ректор өкілі м.а. Нажи Генч және вице-ректорлар университетіміздің жетекшілігімен құрылатын Академиялық және зерттеу үстемдік орталығының, оның ішінде медицина бағыты бойынша құрылып жатқан ғылыми-өндірістік зертханалардың жұмыс барысымен танысты.
Бұл зертханалар «Оңтүстік Қазақстан өңірін тұрақты дамыту үшін инновациялық технологияларды әзірлеу және заманауи инфрақұрылым құру» атты ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарлама аясында құрылып жатыр. Айтулы бағдарлама Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – орталықтандырылған медициналық зертханалар мен клинико-диагностикалық орталық құру, сондай-ақ халық пен ғылыми ұйымдарға сапалы медициналық, диагностикалық және ғылыми қызметтердің қолжетімділігін арттыру.
Басшылар ең алдымен Медицина факультетінің қабырғасында құрылып жатқан Молекулалық диагностика және геномдық зерттеулер орталығына барды. Мұнда бірнеше зертхананы құру бойынша қарқынды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Келешекте орталық базасында Молекулалық диагностика зертханасы, Патоморфологиялық зерттеулер зертханасы, Микробиологиялық диагностика зертханасы, Клинико-диагностикалық зертхана, Иммунологиялық зерттеулер зертханалары келешекте қызмет етеді. Онда генетикалық және инфекциялық ауруларды анықтау, тіндер мен жасушаларды зерттеу, патогендерді талдау, кешенді клиникалық-биохимиялық тексерулер жүргізу және иммундық жауапты бағалау сияқты маңызды міндеттер атқарылады.
Бұдан әрі университет басшылары Клиника-диагностика орталығының базасында жаңадан іске қосылған Прогрессивті инструменталдық диагностика орталығына барды. Бұл орталық заманауи, жоғары дәлдіктегі құрылғылармен жабдықталып, медициналық тексерулердің сапасын арттыруға жағдай жасайды. Қазіргі таңда орталық толық жабдықталып, өз жұмысын бастап кеткен.
Ғылыми бағдарлама аясында Медицинадағы Big Data және жасанды интеллект зертханасын құру жұмыстары да жүріп жатыр. Мұнда ірі деректерді талдау және жасанды интеллект технологиялары қолданылып, диагностика тиімділігі мен пациентке бағытталған медициналық қызмет сапасы күшейтіледі.
Ғылыми орталықтар мен зертханаларды құру жұмысымен және алдағы жоспарлармен танысқан Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек ризашылығын білдірді. Осы істің басы-қасында жүрген командаға алғысын айтты.
Айта кетерлігі, осы зертханаларды құруға қажетті қаржы университеттің Өкілетті Кеңесі тарапынан бөлініп, бағдарламаның толыққанды жүзеге асуына жол ашты. Бұл қолдау өңірдегі медицина ғылымының дамуына және жаңа инфрақұрылым қалыптастыруға айтарлықтай серпін берді.