«ҰЛЫ ДАЛА ФИЛОСОФИЯСЫ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ БАСТАЛДЫ
Бүгін университетімізде «Ұлы Дала философиясы және құқықтық мәдениет» атты халықаралық симпозиум басталды. Маңызды жиынды оқу ордамыз бен Конституциялық Сот және Түркістан облысының әкімдігі бірлесіп, ҚР Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырды.
Басты мақсат – түркі әлемінің көне құқықтық дәстүрлері, билер институтының тәжірибесі, дала өркениетінің ар-ождан мен әділетке негізделген құқықтық мәдениеті және Ахмет Ясауи ілімінің қазіргі заң жүйесіне әсерін жан-жақты қарастыру.
Симпозиумға еліміз бен Түркия, Өзбекстан және Қырғызстанның белгілі ғалымдары мен құқық саласының мамандары қатысып жатыр.
Басқосудың алғашқы күні Қонақ дәрістерден бастау алды. Ең алдымен, Мақсұт Нәрікбаев университетінің қауымдастырылған профессоры, ҚР Конституциялық Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі, Гарвард университетінен шақырылған ғалым Мүслим Хасенов ZOOM желісі арқылы онлайн байланысқа шықты. Профессор «Қазақстанның конституциялық эволюциясы: көшпелі басқарудан заманауи реформаларға дейін» тақырыбында баяндама оқыды.
Келесі кезекте, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтану кафедрасының доценті, Әлеуметтік жұмыстар бойынша PhD докторы, Кәсіби әлеуметтік қызметкерлер ұлттық альянсының атқарушы директоры Динара Есимова «Қазақстандықтардың конституциялық құқықтарын қорғаудағы кәсіби қызмет ретінде Әлеуметтік жұмыстың рөлі мен мүмкіндіктері» тақырыбы туралы ойын бөлісті.
Симпозиум жұмысы одан әрі қарай секциялық отырысқа ұласты. Спикерлер «Түркі әлеміндегі әділет дәстүрі және құқық мұрасы» мен «Далалық құқық философиясы» атты секциялық бағыттар бойынша түркі әлемінің құқықтық және рухани мұрасына қатысты өзекті мәселелерді қарастырады.
Сондай-ақ, сот, прокуратура және қауіпсіздік құрылымдары басшылары және өкілдерінің қатысуымен «Ұлы дала мұрасынан жаңа мемлекетшілдік қағидаттарына дейін» тақырыбында Workshop өтеді.
Айта кетейік, халықаралық симпозиум 5 желтоқсанға дейін жалғасады. Ертең симпозиумның ең маңызды бөлігі— Пленарлық отырыс өтеді. Мемлекеттік органдардың жоғары өкілдері түркі өркениетіндегі адамгершілік, әділет және жауапкершілік ұстанымдарының бүгінгі мемлекеттік басқару мен құқықтық тәрбиеге әсері туралы ой бөліседі.