❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

ҰЛЫ ДАЛА ФИЛОСОФИЯСЫ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ: ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫС ӨТТІ

  • 05.12.2025
  • KZ
  • 54

image

«Ұлы Дала философиясы және құқықтық мәдениет» атты симпозиумы аясында  «Философия, әділет және адамгершілік: Заманауи трансформациялар дәуіріндегі түркі өркениетінің сабақтастығы» атты Пленарлық отырыс өтті.    

 

Жиынның алғашқы спикері ҚР Конституциялық Сот төрағасы, оқу ордамыздың түлегі Эльвира Азимова: «Құрметті қонақтар, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының атынан сіздерді қарсы алып, осы маңызды және терең мағыналы іс-шараны бірлесіп ұйымдастыру мүмкіндігі үшін Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен ректор Жанар Темірбековаға алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. 

Симпозиум идеясы биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығын атап өтуге дайындалып жатқанда және Университет басшылығымен конституциялық әділеттілік пен құқықтық мәдениетті дамытудағы адами құндылықтардың рөлін талқылаған кезде пайда болды.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне осы бастаманы қолдағаны және cимпозиумды Түркістанның – түркі әлемінің рухани астанасы және қазақ мемлекеттілігінің ежелгі орталығының жыл сайынғы жобасына айналдыруды ұсынғаны үшін алғыс айтамын.

Неліктен біз «Ұлы Даланың философиясы мен құқықтық мәдениетіне» назар аударуды жөн санадық? Өйткені олар ар-намыс, әділдік, үйлесімділік, жауапкершілік және қоғамдастыққа құрмет ұғымдарын қамтиды. Бұл құндылықтар ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жауапты азаматтарды тәрбиелеуге және әділ және заңды мемлекетке қарай қазіргі заманғы бағытқа сәйкес қоғамды дамытуға көмектеседі»,-деді.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары, университетіміздің түлегі Ертай Алтаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың құттықтау хатын оқып берді. 

«Сіздерді «Ұлы дала философиясы және құқықтық мәдениет» атты халықаралық симпозиумның ашылуымен шын жұректен құттықтаймын.

Бүгінгі жиын – ұлы даланың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымын, адам мен қоғам туралы терең пайымдарын және құқықтық мәдениеттің бастауларын жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң деп білемін. Дала өркениетінің өзегінде адамгершілік, әділет, ынтымақ пен жауапкершілік секілді құндылықтар жатқаны баршаға мәлім. Осы құндылықтарды заманауи ғылыми айналымға енгізіп, құқықтық ойдың дамуына бағыттау – бүгінгі симпозиумның басты миссиясы»,- деген министр хатында.

Ал Түркістан облысының әкімі құттықтауында:  «Бұл симпозиум тек ғылыми алаң ғана емес, мыңжылдық тарих пен бүгінгі күнді тоғыстыратын тағылымды басқосу. Біз философия, әділет және адамгершілік қағидаттарын заман талабына бейімдеп, болмысымызды сақтауға күш біріктіруіміз қажет. Бірлік пен парасат, заң мен тәртіп, руханият пен әділет – бүкіл әлемнің болашағын айқындайтын негізгі қағидаттар. Осы симпозиум жұмысының табысты өтуіне тілектестік білдіремін. Бүгінгі ғылыми пікірлер мен ұсыныстар облысымыз бен мемлекетіміздің рухани-құқықтық дамуына үлес қосады деп сенемін»,-деген. 

Келесі кезекте, Әзірбайжан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Рашид Рзаев та құттықтау тілегін білдірді.

Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек: «Симпозиум жұмысына қатысушы Түркия,Қырғызстан, Өзбекстан сынды ұлы түркі жерінен келген қонақтар, оқу ордамызға қош келдіңіздер! 

Биыл университетіміздің құрылғанына 34 жыл болды. Осы уақыт аралығында 100 мыңға жуық түлекті ұясынан ұшырды. Түлектер қазіргі таңда әлемнің түрлі нүктесінде өз салалары бойынша еңбек етуде.  Бүгін ортамызда отырған ҚР Конституциялық сотының төрағасы  Эльмира ханым да 20 жыл бұрын сіздер сияқты студентіміз болды. Бүгінде мемлекеттік маңызы бар қызметті атқаруда. Ол – біздің мақтанышымыз! 

Екі күннен бері оқу ордамызда ұлы дала философиясына, құқықтық тәлім-тәрбиеге қатысты жиын өтуде. Адамның құнын білсең, құқығын да білесің. Құқық – адам үшін, әділет үшін керек. Сол себептен бүгінгі басқосуымыздың маңызы тереңде жатыр!»,-деді.

Сондай-ақ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Унзила Шапақ пен Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Игорь Рогов, сондай-ақ Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Ақтоты Раимқұлова мен  ҚР Сыртқы Істер министрлігінің ерекше тапсырма жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова және Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Түркі мемлекеттерінің кәсіпкер әйелдері кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова мен Түркі академиясының вице-президенті, профессор Бүлент Байрам, ҚР Конституциялық Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі, профессор Мүслим Хасенов сөз сөйледі. Олар түркі өркениетіндегі адамгершілік, әділет және жауапкершілік ұстанымдарының қазіргі қоғам үшін маңызын жан-жақты талдады. Бұл талқылау жиынына университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова модератор болды. Ректор маңызды жиын үшін арнайы уақыт бөліп келген спикерлер мен қонақтарға ризашылығын білдірді.

Симпозиум соңында қатысушылар ортақ ғылыми бастамаларды дамыту жөнінде ұсыныстар қабылдады. Атап айтқанда, ғылыми жинақ шығару, «Түркі дүниесінің құқықтық терминдер сөздігін» әзірлеу және түркі елдері университеттері арасындағы құқықтық зерттеулер желісін құру жоспарланды. Бұл бастамалар түркі халықтарының ортақ құқықтық мұрасын жүйелеп, оны қазіргі құқықтық білім мен ғылыми ортаға енгізуге жол ашпақ.

Оқу ордамызда өткен бұл халықаралық жиын Ұлы Дала философиясының қазіргі заманғы құқықтық мәдениетке берер үлесі зор екенін айқын көрсетті. 

Симпозиум рухани дәстүр, этикалық қағидалар және құқықтық реформалар арасындағы байланыстарды тереңінен ашып, түркі өркениетінің құқықтық ойы бүгінгі қоғамда да өзектілігін жоғалтпағанын дәлелдеді.