❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

«УАҚЫТ ПЕН БАСЫМДЫҚТЫ БАСҚАРУ: ТИІМДІ МЕНЕДЖЕРДІҢ ДАҒДЫЛАРЫ» АТТЫ ТРЕНИНГ ӨТТІ

  • 09.12.2025
  • KZ
  • 59

image

Оқу ордамызда дәстүрге айналған сейсенбілік тренинг  «Уақыт пен басымдықты басқару: тиімді менеджердің дағдылары»  тақырыбында өтті. Бұл басқосуды Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов жүргізді.

Жиында сөз бастаған Еділ Төлегенов: «Уақыт – кері қайтарылмайтын және шектеулі ресурс. Оны қалай пайдаланатынымыз біздің жетістіктерімізді, бақытымызды және өмір сапамызды анықтайды. Әрбір адамға күн сайын 86 400 секунд беріледі. Алайда, көпшілігі оны мақсатсыз өткізіп, өмірлік маңызды істерге жеткіліксіз уақыт бөледі»,-деді.

Спикер ең алдымен, тайм-менеджменттің тарихи дамуы мен уақытты тиімді басқаруға арналған қарапайым үлгі Эйзенхауэр матрицасы туралы ақпарат берді.

Келесі кезекте, қатысушыларға Эйзенхауэр матрицасына арналған тапсырмалар берді. Сонымен қатар, міндеттерді делегирлеу мен уақытты басқарудың 5 негізгі қағидасы: мақсат қою, басымдықтарды белгілеу, уақыт блоктарын бөлу, тапсырмаларды автоматтандыру, демалыс пен қалпына келу бойынша терең талдау жүргізді.

Сондай-ақ, жоспарсыз жұмыс істеу, барлық істі өз мойнына алу және әр нәрсеге келісу секілді жиі кездесетін қателіктерді атап көрсетіп, оларды болдырмау жолдарын түсіндірді. 

Еділ Төлегенов тренинг қатысушыларына Илон Масктың уақытты тиімді басқарудағы 8 қағидасын таныстырды. Әрі факультет декандарына арналған уақытты тиімді басқару жайлы кеңестер берді. 

Жиын соңында спикер барлығына жұмыс күнін жоспарлау бойынша тапсырма берді. Жұмыс кезінде туындайтын күтпеген жағдайларды ұсынып, уақытты қайта жоспарлау керегін айтты. Бұл ойын қатысушылардың уақытты тиімді басқаруын жетілдіруге оң ықпал етті.

Осылайша қатысушылар уақытты тиімді жоспарлау тек кәсіби қызметте ғана емес, жеке өмірде де табысқа жетудің маңызды құралы екенін түсінді. Олар басымдықтарды дұрыс белгілеу мен тапсырмаларды реттеудің және уақыт ресурсын саналы пайдаланудың пайдасын жан-жақты қарастырды.