ТҮРІК КВОТАСЫ БОЙЫНША БОСАҒАН ОРЫНДАРЫНЫҢ КОНКУРС НӘТИЖЕСІ ЖАРИЯЛАНДЫ

  • 20.03.2024
  • KZ

image

Бүгін Түркия Республикасы (Түркия гранты) квотасынан босаған орындарына университеттің ақылы негізде оқитын студенттерін ауыстыру бойынша арнайы конкурстың нәтижесі жарияланды.

2023-2024 оқу жылының күзгі семестр нәтижесі бойынша Түрік квотасынан босаған бос орындарына ақылы бөлімнен 165 студент ауысты.

Өз білімін көрсетіп, квота жеңіп алған студенттерге айтулы қуанышты жаңалықты университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова хабарлап, құттықтады.

«Біз бүгін сіздерге жақсы хабарды жеткізу үшін жиналдық. Ең алдымен, сіздердей ақылды, еңбекқор және университетіміздің мақтанышына айналған студенттерді тәрбиелеген ата-аналарыңызға алғыс білдіреміз! Оларға біздің осы сәлемдемемізді жеткізіңіздер. Сондай-ақ, ата-аналарыңыздан сүйінші сұрап, жақсы жаңалықпен бөлісіңіздер. Себебі, сіздер еңбекқорлықпен қатар, үздік оқығандарыңыздың нәтижесінде, университетіміздің адалдық пен әділдік құндылықтарына сәйкес саясатының арқасында – Түрік квотасына ауыстыңыздар! Барлығыңызды шын жүректен құттықтаймыз!»,- деді Жанар Темірбекова.

Келесі кезекте, ректор өкілі Пейами Баттал 165 студентті Түрік квотасына ауысуымен құттықтады. Бұл оқуға зейін қойған студенттердің қажырлы еңбектерінің нәтижесі екенін баса айтты. Оқуда үздік атанып, жақсы жетістіктерге жеткен білімгерлерді Қазақстан мен Түркия тараптары қашанда қолдайтынын жеткізді.

Жиын соңында ақылы бөлімнен Түрік квотасына ауысқан студенттер мол мүмкіндіктер ұсынған университет басшылығына алғыстарын білдірді.