СТУДЕНТТЕР ӨРТТЕН ҚОРҒАНУ ШАРАЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
Жиында сөз бастаған Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов: «Өрт – тілсіз жау. Одан сақтанудың өзіндік шаралары бар. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері көп. Оның қатарында газ бен электр көздері мен сымдарынан шығатын ақаулар да бар. Бүгінгі тақырып сондықтан да аса маңызды»,-деді.
Келесі кезекте Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Мейрамхан Кемелханов өрттен қорғану жолдарын түсіндірді. Ол: «Қайырлы күн, құрметті студенттер! Бүгін біз сіздерге өрт қауіпсіздігі бойынша өзекті ақпараттарды бөлісеміз. Айтулы мәселе аясында өрт дабылы, өрт сөндіру жабдықтары мен тілсіз жаудың алдын алу шаралары, қауіпсіздік ережелері жөнінде нақты ақпарат бермекпіз. Өрт қауіпсіздігі – әрбір адамның өмірі мен мүлкін қорғаудың басты аспектісі»,-деді.
Жиында күн тәртібіне сәйкес МӨББ бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Жасұлан Айнабек «Өрт дабылы және өрт сөндіру жабдықтарын таныстыруға арналған көрме», «Өрт кезінде оқу орындарындағы және жатақханалардағы адамдарды эвакуациялау» тақырыптарында баяндама оқыды. Ол өрт автоматикасының жұмыс істеу тәртібін шынайы макетпен жеке-жеке таныстырды. Макетте өрт дабылының датчиктері, түтін сезгілер, хабарлау құрылғылары, автоматты сөндіру жүйесінің нысандары және эвакуация бағыттарын көрсететін жарықтық белгілер көрсетілді.
Іс-шара соңында қатысушы студенттер өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, жауап алды.